Қазақстандағы терісі бағалы аңдар

Қазақстандағы терісі бағалы аңдар

Табиғаттың аса зор байлығы – оның қойғауын мекен ететін жан-жануарлар. Жыл өткен сайын олардың саны азайып бара жатыр. Халықаралық табиғатты қорғау одағының 2008 жылғы мәліметі бойынша кейінгі 500 жылда 844 жануар мен өсімдік жойылып кеткен.

Қазақстанда жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар

Себебі ежелден адамдар сол аңдарды етін азық, терісін киім ету үшін аулап келді. Технология дамып, адам өз-өзін азықпен, киіммен қамтамасыз ететін заманда да адамдар аң аулауды бәрібір тоқтатпады. Негізенен қазір ақша үшін терісі бағалы аңдар ауланады. Елімізде олардың кейбірі жойылып кету қаупі төніп, "Қызыл кітапқа" енген. 

Қазақстанда жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар #2

© avito.ru

Тиін

Қазақстанда тиіннің бір түрі (Sciurus vulgaris) бар. Ол шығыста, орталықта және солтүстік аймақтарда, Тянь-Шань мен Жетісу (Жоңғар) Алатауының қарағайлы ормандарын мекендейді. Оның тұрқы – 16-28 см, салмағы – 450- 600 г. Түсі ақшыл сұр не жирен, үлпілдек, қалың жүнді, құйрығы ұзын (23 см-ге дейін). Тиіндер терісі үшін ауланады.

© wikipedia

Кәмшат

Кәмшат (лат. Lutra lutra) – сусарлар тұқымдасына жататын, терісі өте құнды аң. Қазақстанның орманды, таулы аймақтарында кәдімгі кәмшат және Орта Азия кәмшаты кездеседі. Дене тұрқы – 65-70, құйрығы – 41-44 см, салмағы – 5- 8 кг.

Ақкіс

Ақкіс (лат. Mustela erminea) – сусарлар тұқымдасының сусарлар туысына жататын жыртқыш сүтқоректі аң. Қазақстанның солтүстіктегі орманды-далалы аймақтарында, оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы тауларында кездеседі. Дене тұрқы – 16-30 см, құйрығының ұзындығы – 6-12 см, салмағы – 120 – 370 г.  Терісі бағалы болғандықтан ауланады.

© wikipedia

Суыр

Суырлар (лат. Marmota) – кемірушілер отряды, тиінтәрізділер тұқымдасына жататын сүтқоректі. Қазақстанның орманды даласында, шөлді жерлері мен таулы аймақтарында кездесетін 4 түрі бар. Дене тұрқы 30-60 см, құйрығының ұзындығы – 10-25 см, салмағы 3-8 кг. Олардың бағалы терісінен бас киім, сырт киім тігіледі. Суыр майы халық медицинасында әр түрлі ауруларға ем ретінде пайдаланылады.

© wikipedia

Бұлғын

Бұлғын (лат. Martes zibellina) – сусарлар тұқымдасының сусарлар туысына жататын жыртқыш сүтқоректі аң. Дене тұрқы – 40-55 см, құйрығы – 20 см-дей, салмағы – 0,4-1,6 кг. Қазақстанда Алтайдың қылқан жапырақты ормандарында кездеседі.  Бұлғын – терісі өте бағалы аң. Терісінен бас киім тігіледі.

© divo.site

Құндыз

Құндыз (лат. Castor fiber) — кеміргіштер отрядының терісі бағалы аң. Қазақстанда Жайық, Сырдария, Іле, Шу өзендерінде, Бұқтырма бөгенінде кездеседі. Құндыз – терісі бағалы аң. Құндыздан парфюмерияда қолданылатын "құндыз жұпары" алынады (жүнінің жоғарғы кабатының астында жұпар иіс шығаратын қылшықтары болады.

© sn.kz

Алтай арқары

Алтай арқары (лат. Ovis ammon ammon) – жұптұяқтылар отряды, қуысмүйізділер тұқымдасының бір түрі. ХІХ ғасырдың басында батыс және оңтүстік Алтай тауларында кең таралған.

Негізінен теңіз деңгейінен 800-3000 метр биіктіктегі тау шалғындарында мекендейді. Алтай арқары – өте бағалы аң. Саны азайып, таралу аймағы қысқарып бара жатқандықтан қорғауға алынып, Қазақстанның "Қызыл кітабына" еңгізілген. Оны аулау 25 мың доллар, әлемдегі бағасы 55 мың доллар тұрады.

© Abai.kz

Ақбөкен 

Ақбөкен киік (лат. Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала-Арыс, Үстірт және Еділ-Жайық деген топтары мекендейді.

© pavlodarnews

Түлкі

Түлкі әлде жирен түлкі (лат. Vulpes vulpes) – жыртқыштар отрядының иттер тұқымдасына жататын аң. Терісі бағалы аң, әсіресе, қарабурыл Түлкінің терісі жоғары бағаланады. Оның терісінен сырт киім, бас киім тігіледі.

Қасқыр

Қазақстанда қасқырлар шөлейт жерлерді, далалы және таулы аймақтарды мекендейді. Елімізде қасқырдың төрт түрі кездеседі: Солтүстік қасқыры – қасқырлардың ішіндегі ең ірісі. Оның ересегінің салмағы – 80 кг. Дала қасқыры далалы жерлерде, ал салмағы 40 кг болатын шөлейт қасқыры еліміздің оңтүстігі мен батысында кездеседі. Тау немесе тибет қасқыры таулы жерлерді мекендейді. Қасқырдың терісінен ішік тігіледі.

©adilet.tv

Қар барысы 

Қар барысы, ірбіс (лат. Uncia uncia) Тянь-Шань, Тарбағатай,  Алтайдың биік жоталарында таралған. Таулардың альпі және субальпі белдеулерінде құзды, жартасты жерлерді мекендейді. Кейінгі деректерге қарағанда, Қазақстанда 130-дай ірбіс қалған. Ал жалпы Орта Азияда 7,5 мың қар барысы бар. Оны терісі үшін аулайды, бағасы шамамен 10 мың доллар тұрады.

Т. Раушанұлы