Қазақстанда ақбөкендер саны миллионнан асты

Қазақстанда ақбөкендер саны миллионнан асты

Еліміздегі ақбөкендер саны миллионнан асты. Бұл туралы 2022 жылғы ақбөкендер әуе санағының қорытындысы бойынша Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы facebook парақшасында хабарлады. 

Санақ қорытындысы бойынша бөкеннің қазақстандық үш популяциясының саны 1 318 000 басты құрады.

Оның ішінде:
• Бетпақдала популяциясында — 489 000 бас;
• Жайық популяциясында — 801 000 бас;
• Үстірт популяциясында — 28 000 бас.

Барлық популяцияларда тұрақты өсім байқалып келеді. Бұған браконьерлікпен күрес және түрді заңнамалық тұрғыда қорғаудың күшеюі себеп болды. Жайлы климаттық жағдай және орнықты қорғау қамы жасалғанда бөкен санының 35-40% жылдық өсуі қалыпты жағдай. Бұл оның жоғары табиғи өнімділігінен, яғни ұрғашы бөкендер 8 айлығынан бастап 1-2 лақтан төлдейді.

1 318 000 бас бөкеннің мүмкін боларлық ең аз және ең көп көрсеткішінің белгілі бір ортасы болып саналады. Санақ экстраполяция әдісі незігінде жүргізілді: бөкендер галсты тікұшақпен алдын-ала жоспарланған бағдармен шамамен 100-120 м. биіктікте саналды. Содан соң, 1 шаршы км-ге бас санын есептеп, шыққан цифр бүкіл есептелетін аймаққа көбейтілді, әрине, болуы ықтимал олқылық есепке алынды. Айта кетейік, бұл популяцияның таралу аймағы орасан зор кезде қолданылатын ресми бекітілген әдіс.

Шамамен 200 сағатқа созылған әуе санағы 2022 жылдың сәуір айында Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қостанай, Қарағанды және Ақмола облыстарында жүргізілді. Санақты ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ ұйымдастырды, жұмыстың ғылыми құрамын АСБК қызметкерлері атқарды.

Т. Раушанұлы