Бүгін Ұлы Жеңіске 77 жыл толды

Бүгін Ұлы Жеңіске 77 жыл толды

Бүгін – Ұлы Жеңіске 77 жыл. 1941 жылдың маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1 418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты.

Екінші Дүниежүзілік соғысқа 61 мемлекет, дүние жүзі халқының 80%-ы қатысты. Соғыс қимылдары 40 мемлекет жерінде жүріп, 110 млн адам әскерге алынды. 50-55 млн адам қазаға ұшырап, 4 триллион доллар көлемінде шығын шықты. Соғыстың аяғында фашизм толық күйреп, Батыс Еуропа елдерінде демократияның орнауына жол ашылды. Фашизмді талқандауда шешуші рөлді КСРО құрамындағы халықтар атқарды.

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат баласының тарихындағы ең сұрапыл соғыс болды. Анасын баласынан, баласын әкесінен, жарын сүйгенінен айырған қанды қырғынның тигізген зардабы да өте ауыр еді. Бұл соғысқа әлемнің 61 мемлекеті қатысты. Соғыс жылдарында 70 млн-нан астам адам қайтыс болды. КСРО жағынан 26 млн. адам қаза болды. Германия барлық майданда 12 млн. адамынан айрылды. АҚШ-тың 405 мың адамы, Ұлыбританияның 375 мың адамы қаза тапты.

Екінші дүниежүзілік соғыстағы Қазақстан

Қазақстан соғысқа 1.366 мың адамды аттандырды. Отан қорғауға 5183 қыз-келіншектер қатысыпты. Соғыс кезінде республикада 12 атқыштар дивизиясы, 7 ат­қыш­тар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және екі артиллериялық, 4 минометтік, 3 авиациялық полк және 14 жеке батальон құрылып, майданға жіберілген. Олар соғыстың бар­лық шайқастарына қатысып, майдан далаларына 601.011 адамын қалдырып, елге оралған. Оның ішінде туған жеріне жете алмай қаза тапқан қазақтардың саны 130 мың адамды құрайды.

Бүгінде Қазақстанда Жеңістің 77 жылдығын небәрі 376 ардагер, 68 347 тыл еңбеккері ғана қарсы алып отыр. 

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы

Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылы 1 қыркүйекте басталды. Соғыс өртін тұтатқан Гитлерлік Германия тұтқиылдан шабуыл жасап, Польшаға басып кірді. Кеңестер Одағына қарсы соғысты фашистік Германия 1941 жылдың 22 маусымында бастайды. Бұл соғыс 1945 жылдың 9 мамырында Германияның күйретіле жеңілуімен тәмамдалды. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстың бір бөлшегі ғана болғандықтан, оны Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен әсте шатастыруға балмайды. Біздің "Ұлы Отан соғы с"деп айдарлап жүргеніміз Екінші дүниежүзілік соғыстың 1941-1945 жылдар аралығындағы Кеңес Одағы тікелей қатысқан соғыс кезеңі. 1945 жыл 8 мамыр күні Берлин түбіндегі Карлсхорстта Кеңестер Одағы, Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Франция өкілдері алдында Германия өзінің жеңілгендігі жөнінде Актіге қол қойды.

Еліміз үшін 9 мамыр мерекесінің орны ерекше. Өйткені, Қазақстан тарихындағы Жеңіс күні – бұл бабаларымыздың ерлігі мен батырлық даңқы айшықталған күн.

"9 мамырдың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл – жанқиярлықпен ел қорғаған аталарымыз бен әкелеріміздің, әжелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым ететін күн. Бұл – фашизмді жеңген ерлердің ерен ерлігін жадымызда жаңғыртатын күн. Сұрапыл соғыста халқымыз күш-жігерін сарп етіп, орасан зор шығынға ұшырады. Майдангерлердің қаһармандығы мен қайсарлығының, тыл еңбеккерлерінің жанкештілігінің арқасында жеңіске жеттік. Елдің азаттығы мен ұрпақтың жарқын болашағы үшін жанын пида еткен боздақтарымызды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз", - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөзінде.

Сондықтан да, ел басына күн туған сәтте туған жердің намысы үшін майданға аттанып, Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсеткен жаужүрек қаһарман бабаларымыздың ерлігін естен шығаруға болмайды. Сол үшін де 9 мамыр күні – қайсарлықтың, қайтпас рух пен жалынды жігердің хас үлгісін көрсеткен барша соғыс және тыл ардагерлерінің алдында тағзым етуге тиіспіз. Осы күні болашақ үшін құрбан болған миллиондаған адамдарды еске алып, мерекені Отанға деген сүйіспеншіліктің нышаны ретінде атап өтуге де тиіспіз.

А. Оралқызы