Жеңіс күні қарсаңында Алматы ардагерлеріне бір миллион теңге төленеді
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Казанғапов

Жеңіс күні қарсаңында Алматы ардагерлеріне бір миллион теңге төленеді

Алматы әкімі Ерболат Досаев Жеңіс күні мерекесіне орай ардагерлерге қолдау көрсетуге уәде берді. Қала әкімдігі әрбір соғыс ардагеріне бір миллион теңгеден бөледі. Бұл туралы әкім Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.

Әкім Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары азайып бара жатқанын атап өтті. Бүгінде Алматы қаласында 77 ардагер болса, оның 18-і Бостандық ауданында тұрады.

"Ұлы Жеңіс күні біз үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, пандемия екі жыл мерекелеуді шектеді. Биыл біз бұл күнді атап өтеміз. Әр ардагермен жеке кездесеміз деп үміттенеміз. Біз әрбір соғыс ардагеріне бір миллион теңге бөлеміз", - деді Ерболат Досаев.

Алматы басшысы тыл еңбеккерлерімен теңестірілген барлық адамдарға, қоршауда қалған Ленинград тұрғындарына зор денсаулық тіледі.

"Бізде олардың саны 10 600. Мәслихаттың шешімімен қаржылай қолдау көрсетіледі", - деді әкім.

Т. Раушанұлы