Бұрынғы Семей облысы: Тарихы мен құрылуы

Бұрынғы Семей облысы: Тарихы мен құрылуы

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары еліміздің әкімшілік-аймақтық картасында алынып тасталған, көрші аймақтарға қосылып кеткен ірі облыстардың бірі – Семей облысы. Қазіргі таңда орталығы Өскемен қаласы саналатын Шығыс Қазақстан облысына енеді. Семей қаласы өңір астанасы мәртебесінен айырылған.

Ал бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында бұрынғы Семей облысының аумағы қайта әкімшілік бірлік ретінде құрылып, Абай облысы деп аталатынын жеткізді.

Осы орайда Семей қаласы мен өңірінің тарихы жайлы сөз қозғасақ.

Қимақия астанасы

Біреу білер, біреу білмес. Бірақ қазіргі Семей қаласының аумағы бұрында қимақ мемлекетінің астанасы болған. Дәлірек айтсақ, Ертіс өзенінің оң жағалауында ІХ ғасырларда Хақан-Қимақ атты қала болған. Павлодар маңында жатқан Имақиямен шатастыруға болмайды. Тарихшылардың айтуынша, бұл қазіргі Семей қаласының орнына сәйкес келеді екен.

Бұл қала – Қимақия мемлекетінің 840-940 жылдары Бас қаласы болған. Қалада қимақтар құрамындағы тайпа бірлестігінің санымен өлшеп 7 тас мешіт салған екен.

Х ғасырдағы араб саяхатшылары мен ХІІІ ғасырда Дешті Қыпшақты аралауға келген итальян жиһангері Плано Карпинидің жазбасында Ертістің орта сағасында алып шаһардың бар екені айтылған. Қала туралы жазба деректер қалдырған. Тарихшылар сол қаланы – қазіргі Семейдің, Жетішатырдың орны дегенді айтады.

1368 жылы Ақсақ Темір қалың әскерімен Орта Ертіс бойына келіп, бұрын қимақтар салған жеті мешітті қайтадан қалпына келтірген деседі.

Бұл жеті мешіт орыс жазбаларында да айтылады. Орыс патшасы Михаилдің 1616 жылғы 25 сәуірдегі грамотасында "Ертіс бойында тас мешіттер бар, оларды тексеру керек" деп жазылған екен. Осы құжатты орыс ғалымы Г.Миллер Түмен мұрағатынан тауып алып, ғылыми айналымға енгізген.

1660-1758 жылдары көне сауда қаласы орнына Жоңғар мемлекетінің қаласы орнықты. Қалаға Доржыкент деп ат қойылады. 1670 жылдары жеті мешіт Доржы пірадарының бұйрығымен күрделі жөндеуден өтіп, будда монастрі етіп соғылады.

Ал 1718 жылы көне Семейден 10 шақырым төменде, Ертістің оң жағалауында І Петрдің жарлығымен әскери қамал салынады. Оған "Семьпалат" деп ат қойылады.

Семей облысы

Семей облысы 1854 жылы құрылған. Кейін Семей губерниясына айналып, Омбы дала генерал-губерниясына бағынды.

1920 жылы облыс Семей губерниясы болып жаңадан түзілді. Кейін Қазақ КСР құрамында 1939 жылы қайта құрылды. Қазақстан Республикасы үкіметінің елді мекендерді ірілендіру саясатына байланысты 1997 жылы сәуірде Семей облысы орталығы Өскемен қаласы болып белгіленген Шығыс Қазақстан облысымен біріктірілді.

 1939 жылы облыс құрылған кезде оның құрамына Семей қаласы мен Абыралы, Ақсуат, Аягөз, Белағаш, Жаңасемей, Жарма, Көкпекті, Мақаншы, Жаңа Шүлбі, Үржар, Шыңғыстау, Шұбартау аудандары кірді.

Қ. Слямбек