ҰҚШҰ бітімгершілік күшінің Қазақстандағы өкілеттілігі қандай?

ҰҚШҰ бітімгершілік күшінің Қазақстандағы өкілеттілігі қандай?
Фото: kp.kz

Қаңтардың 5-і күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі тәртіпсіздікті тудырған шерушілерді "терроршыларға" теңеп, олардың шабуылын басқыншылық әрекет деп бағалау керектігін айтып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын (ҰҚШҰ) көмекке шақырды.

Консультациялардың қорытындысы бойынша ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі "елдегі жағдайды тұрақтандыру және қалыпқа келтіру үшін" Қазақстанға шектеулі мерзімге бітімгершілік күштерін жіберу туралы шешім қабылдады.

ҰҚШҰ туралы

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) алғашында халықаралық ұйым емес, бірнеше мемлекет қол қойған келісім болды.

1992 жылы 15 мамырда Ташкентте Ресей, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасында ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімге қол қойылды. 1993 жылы ұйымға Әзербайжан, Грузия және Беларусь қосылды.

1999 жылға қарай келісім қайтадан ұзартылды, бірақ Өзбекстан, Грузия және Әзербайжан қосылмады.

2002 жылы мамырда Мәскеуде өткен сессияда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру туралы шешім қабылданды. 2003 жылдың қыркүйегінде ҰҚШҰ толыққанды халықаралық ұйым ретінде өз жұмысын бастады. ҰҚШҰ 2004 жылдың 2 желтоқсанынан бастап БҰҰ-да бақылаушы мәртебесіне ие болды. 2021 жылы ұйымға мүше мемлекеттердің жалпы халқының саны 193 миллион адамнан асты.

ҰҚШҰ әскери күштері

ҰҚШҰ-ның негізгі әскери әлеуеті 2009 жылы құрылған Ұжымдық жедел әрекет ету күштері болып табылады. Сондай-ақ аймақтық армиялар, ұжымдық әуе күштері және бірлескен әскери жүйе бар.

ҰҚШҰ күштері Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің 2009 жылғы 4 ақпандағы шешімімен құрылған. Оның құрамында 20 мыңға жуық әскери қызметші бар.

Оның негізгі міндеті – мүше мемлекеттерге қарсы әскери агрессияны қайтару, халықаралық терроризм мен экстремизмге, мемлекетаралық ұйымдасқан қылмысқа және есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша арнайы операциялар жүргізу, төтенше жағдайлардың салдарын жою.

ҰҚШҰ бітімгершілік күштері

Ресми мәлімет бойынша, ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің саны 3600-ді құрайды. Арнайы дайындалған әскерилер, полиция және бейбіт тұрғындар, сондай-ақ мемлекеттер беретін күштер мен құралдар – ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бітімгершілік күштері.

Белгілі бір операцияға қатысу үшін бітімгершілік күштері құрылады. Бітімгершілік күштердің құрамын, санын және құрылымын әрбір операция үшін қақтығыс аймағындағы жағдайға байланысты ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі белгілейтін болады.

Бітімгершілік күштерге келесі міндеттер жүктелуі мүмкін:

• атысты тоқтату және атысты тоқтату туралы келісім талаптарының сақталуын бақылау;

• дағдарыс аймақтарында қауіпсіз аймақ құру;

• қақтығыс тараптарын бөлу және гуманитарлық дәліздер құру;

• құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, мемлекеттік және қоғамдық мекемелер мен ұйымдардың қалыпты жұмыс істеуі үшін келіссөздер жүргізу;

• бітім және бітімгершілік келісімдерін бұзуды анықтау және тергеу;

• тәртіпсіздіктерге қарсы күрес, адам құқықтарын қамтамасыз ету;

• жерді және объектілерді тазалауға қатысу;

• өмірлік маңызы бар объектілерді қорғау;

• әскери техниканы, қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды заңсыз әкелу мен әкетуді бақылау, тасымалдау және шектеу;

• көліктің барлық түрлерінің қауіпсіз транзитін және коммуникацияларды пайдалануды қамтамасыз ету;

• қақтығысушы тараптардың тұрғындары арасында қалыпты қарым-қатынас орнатуға ықпал ету;

• босқындардың оралуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету;

• қақтығыс аймағындағы азаматтық тұрғындарға, оның ішінде экологиялық немесе табиғи зілзалалар кезінде өз мүмкіндіктері шегінде медициналық көмек көрсетуге;

• гуманитарлық көмектің кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз ету.

Бұдан басқа, ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешімімен немесе тиісті мандатпен бітімгершілік күштерге шиеленісті реттеу бойынша басқа да міндеттер жүктелуі мүмкін.

© РИА Новости. Максим Богодвид

Қазақстан және ҰҚШҰ

Қазіргі уақытта ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің басшысы Армения премьер-министрі Николай Пашинян Қазақстанға бітімгершілік күштерін енгізу 1992 жылы 15 мамырда қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың 4-бабына сәйкес жүзеге асырылғанын айтты.

 Келісімнің 4-бабында былай делінген:

"Егер мүше мемлекеттердің бірі агрессияға ұшыраса, бұл келісім барлық мүше мемлекеттерге қарсы агрессия болып саналады.

Мүше мемлекеттердің кез келгеніне қарсы агрессия жасалған жағдайда (қауіпсіздікке, тұрақтылыққа, аумақтық тұтастыққа және егемендікке қатер төндіретін қарулы шабуыл) барлық басқа мүше мемлекеттер осы мүше мемлекеттің өтініші бойынша оған қажетті көмекті, соның ішінде әскери көмекті көрсетеді. Сондай-ақ БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес ұжымдық қорғаныс құқығын жүзеге асырады.

Мүше мемлекеттер Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін осы бапқа сәйкес қабылданған кез келген әрекет туралы дереу хабардар етеді. Осы шараларды жүзеге асыру кезінде мүше мемлекеттер БҰҰ Жарғысының тиісті ережелерін сақтайды", - делінген халықаралық келісімде.

ҰҚШҰ хатшылығы Қазақстанға жіберілетін бітімгершілік күштердің құрамында Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның бөлімшелері бар екенін хабарлады. Алайда жіберілетін әскери техниканың саны мен халықаралық күштердің елде болу ұзақтығы әзірге жарияланған жоқ.

Сондай-ақ, ҰҚШҰ ұжымдық күштерінің негізгі міндеті мемлекеттік және әскери объектілерді қорғау, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жағдайды тұрақтандыруға көмектесу екені айтылды. Дегенмен, жоғарыда атап өткеніміздей, ҰҚШҰ бітімгершілік күштеріне әр жағдайда көптеген басқа да міндеттер жүктелуі мүмкін.

Т. Раушанұлы