Жолбарыс өз мекеніне келмек

Жолбарыс өз мекеніне келмек
Фото: egemen.kz

Ертеректе Көкше теңіз атанған Балқаш  көлінің қамысты нуында жолбарыс жымы болғаны тарихтан белгілі. Өткен ғасырдың ортасына жетпей құрып біткен түз жыртқышы туралы көрнекті қазақ қаламгері Мұқтар Мағауиннің "Шақан шері" атты көркем шығармасы да оқырман қауымына кеңінен таныс. Міне, осы тарғыл аңның тұқымын қалпына келтіру туралы отандық жобаға халықаралық деңгейде көңіл бөлініп отыр.

Өткен жылдың соңғы айларының бірінде онлайн форматта өткен Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы ХVІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасап, Қазақстанда Ресеймен бірлесіп, жолбарысты қайта жерсіндіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, осы бағытта Алматы облысында мемлекеттік табиғи қорық құрылғанын айтты.

Ресей президенті Владимир Путин қазақстандық министрге "Қазақстанда жолбарыстар тіршілік етпей ме?" деген сұрақ қойды. Елімізде жолбарыстың тіршілік етпейтінін, оны қайтадан жерсіндіру мәселесі пысықталып жатқанын айта бастаған министрдің сөзін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалғап, Қазақстан аумағында тіршілік еткен Тұран жолбарыстарына қатысты деректермен бөлісті.

"Әңгіме Тұран жолбарысы туралы болып отыр. Оның соңғы түрлері өткен ғасырдың 30-шы жылдары өмір сүрді. Содан кейін Ұлы Отан соғысы басталар алдында олар Қазақстан аумағынан жоғалып кетті. Сондықтан біз осы жолбарыстардың популяциясын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық жобаны дамытып жатырмыз" деді Қ.Тоқаев. 

Владимир Путин Ресейде де бірқатар жолбарыс түрлерінің популяциясы қалпына келтірілгенін айтып, түз тағысының кейбір түрі шетелдерден алдырылғанын атап өтті.

****

Қазір экологиялық туризмді дамыту төңірегінде үлкен мәселелер қозғалып жатыр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ұлттық экономиканы қалыптастыруға өзіндік пәрмен үлесі бар экотуризм мәселесін дұрыс жолға қою керегін баса айтқан болатын. Экотуризм мәселесі сөз болып жатқан тұста Балқаш көлі жағалауына Тұран жолбарысын жерсіндіріп, келешекте осы жерді туристердің қызығып келетін аймағына айналдыру мәселесі күн тәртібінде тұрғаны анық. Таяуда ғана ел Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына келген жаңа 2022 жылмен құттықтауында да Тұран жолбарысын жерсіндіру биыл да назарда болатынын айтып кеткен болатын.

ХХ ғасырдың басында жер бетінде 100 мыңға тарта жолбарыс болған екен. Қазір 4,5 мыңдайы ғана қалыпты. Жолбарыс бір кездері таяу Шығыс, Закавказье және Орта Азия  елдерін, Түркиядан солтүстік-батыс Қытайға дейінгі жерлерді мекен етіпті. Жер бетінде осы жыртқыш санының  азаюы Қазақстанды да айналып кетпегені анық. Кезінде жерімізді мекендеген Тұран жолбарысынан да тұқым қалмапты.  

Ғалымдар Тұран жолбарысы генетикалық-молекулярлық жағынан Қиыр Шығыстағы Амур жолбарысына өте жақын екенін дәлелдеген соң олардың құрып кеткен популяциясын қайтадан қалпына келтіру мәселесі қазақстандық экологтар тарапынан қолға алынды.  

2010 жылы Қазақстан Үкіметі осы жолбарысты Қазақстан табиғатының аясына қайта әкелу жоспарын жариялады. Ал 2017 жылы Қазақстан Үкіметі мен Бүкілдүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF)  арасында жолбарысты табиғатқа қайта әкелу Бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды.   Осы құжаттың негізінде Қазақстан Республикасының  2018 жылғы 27 маусымдағы Қаулысына сәйкес Алматы облысында "Іле-Балқаш" табиғи резерваты құрылды. Оның аумағы 415 мың шаршы шақырымды құрайды. Жолбарыс санын молайтуда бұл аймақ бекер таңдалынған жоқ. 1947-1948 жылдары Қазақстандағы соңғы жолбарыстың көзі осы өңірде жойылды. Мұнда оның кейінге дейін өмір сүріп келуі  басқа жерлермен салыстырғанда бұл өңірдің жолбарыстың мекендеуіне қолайлы болғандығына, табиғатының жақсы сақталғандығына байланысты еді.

Соның нәтижесінде Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасының экожүйесі жолбарыстың тіршілігіне қолайлы деген тұжырым жасалды. Сөйтіп Қазақстан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен жолбарыстарды Орталық Азияға қайтаратын тұңғыш ел болып отыр.

Жолбарыстардың осы өңірдің табиғатын жерсініп, молаюының бірден бір шарты оның жемтігіне тікелей байланысты екен. Ол жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Оның негізгі қорегі-жабайы шошқа мен бұғылар. Жыл сайын резерват аумағына елудей бұғы әкелінуде. Одан басқа қарақұйрық, жейран бастарын молайту, дала мен жартылай шөлейт экожүйесінде құланды қалпына келтіру жоспарлануда.

Жолбарыстарды жерсіндіру Бағдарламасы өз дамуымен қоса Оңтүстік Балқаш пен Іле дельтасы табиғатының, экожүйесінің қайта қалпына келуіне, сонымен қатар ауданның, резерватқа таяу елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететіндігі де айқындалып отыр.  

Экологиялық ағартушылықты, жастардың білімін, экологиялық қауіпсіз кәсіпкерлікті дамыту арқылы жергілікті халықты қолдау, жұртты азық-түлікпен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылық бағытындағы жобалар-жолбарысты жерсіндіру Бағдарламасы аясындағы міндеттердің бір бөлшегі ғана.

Жасыратын не бар, ауылдық жерлерде нақты жұмыс орындарының жетіспеушілігінен көптеген жанұялардың пайда кірісі табиғатқа заңсыз қол сұғып, браконьерлік жолмен келетіні рас. Аталған жоба осы жағдайды  өзгертуге де бағытталған. WWF Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры "Экобиожоба" қорымен бірлесіп, төрт жыл бойы жергілікті халықты қолдау жобаларын жүзеге асырып келеді. Жыл сайын шағын гранттар бойынша конкурстар өтеді. Климаттың өзгеруіне қарай және су мөлшерінің азаюына байланысты жергілікті халық егістік алқаптары мен бау-бақшаларында тамшылатып суғару әдісін қолдануда. Оларға егетін материалдар беріледі, ауыл жастарының мерекелері мен басқадай іс-шараларын  ұйымдастыруға көмек берілуде. Арнайы курстар ұйымдастырылуда, тіпті короновирус жайлаған қиын жағдайда жергілікті ауруханаға көмектерін де беріп тұрады.

WWF алдындағы үлкен миссия-адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті, гармонияны қалыптастыру. Жолбарыстарды жерсіндіру арқылы осы өңірге әлемнің әр түпкірінен экологиялық туристерді тарту көзделуде. Сонымен қатар Іле өзенін суының басым бөлігін иемденетін Қытайдан қорғап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге негіз бар. Бағдарламаны орындау барысында Іле өзенінің арнасына ерекше көңіл бөлінеді. Қытай мен Қазақстанның суды қанша алып отырғаны басты назарда болады. Қытаймен Іле суын пайдалануға байланысты келісім жасағанда "жолбарыс бағдарламасы" басты әңгіменің тақырыбы болмақ.

Осы ауқымы кең шараны жүзеге асыруда жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету-Бағдарламаның басты міндеті. Жолбарыс өзіне қауіп төнбесе адамға шаппайды. Жолбарыс жүретін аймаққа жақын орналасқан елдімекендердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Жолбарыс елді мекендерге кірмейтін болады. Үй жануарлары шығыны болып жатса, ол Қазақстан Республикасы мен WWF тарапынан қайтарылады. Тағы бір айта кететін дүние, жолбарыс жүрген жерлерде қасқыр болмайды. Демек, мал шығыны азаяды, тіпті болмайды деуге негіз бар.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында "Туризмді, әсіресе экотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет. Оны дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз ету қажет" деп, туризм саласына ерекше назар аударған болатын. Демек, ел экономикасын қалыптастыруда табыс көзін әкелетін осы саланы дамыту өзекті міндеттердің бірі деп қабылдауымыз қажет.

Үндістандағы жолбарыстар халықаралық көмекпен келетін туристер арқылы  елге жылына бір миллион доллар әкелетін көрінеді. Қазақстан жолбарысы да елімізге экономикалық тұрғыдан пайдалы болатынына сенім зор.  

Алтынбай Сиқымбек
журналист
Алматы қаласы

Н. Үсенова