"Бойымды орындыққа шығып өлшеді": ШҚО-дағы ең ұзын сарбаздың бойы қанша?

"Бойымды орындыққа шығып өлшеді": ШҚО-дағы ең ұзын сарбаздың бойы қанша?
Фото: inform.kz

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген Дмитрий Шапуловтың бойы – 2 метр. Атырау қаласынан келген жігіт танк әскери бөліміне қабылданған. Дмитрий бойының ұзындығы әскери ортада еш ыңғайсыздық тудырмайтынын, керісінше басымдық беретінін айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.

Дмитрий Шапулов қасындағы сарбаздар арасында бойшаңдығымен бірден көзге түседі. 45-ші өлшемдегі аяқ-киім киетін сарбаздың әскери борышын өтеуге келгеніне екі ай болған. Шымыр денелі, ширақ қимылдайтын жігіт өз ортасында ерекшеленіп жүреді. Өз сөзінде ол бойының ұзындығы әскери ортада еш ыңғайсыздық тудырмайтынын, керісінше спорт нормативтерін орындау мен жауынгерлік дайындықта қарумен ату кезінде пайдасын тигізетінін айтты.

"Аягөз қаласындағы танк әскери бөлімінің мотоатқыштар батальонында борышымды өтеп жүрмін. Осында Атырау қаласынан келдім. Бойым мектеп қабырғасынан бастап жылдам өсе бастаған", – дейді Дмитрий.

Жасы небәрі он тоғыздағы жауынгердің бойы – 2 метр. Бойы мектепте де, колледжде де ең ұзын болыпты. Баскетбол ойнайтыны да бар.

"Әкемнің бойы – 197 сантиметр. Сол кісіге тартқан шығармын. Ал анамның бойы аласа. Жалпы бойымның ұзын болғаны өзіме ұнайды. Оған бола еш алаңдамаймын", – дейді Дмитрий Шапулов.

Дмитрий әскери бөлімге алғаш медициналық тексеруден өтуге келген шағында медбикелер оның бойы өлшейтін құралдан асып түскенін айтыпты.

Артынша амалын тауып орындықтың үстіне шығып өлшеген. Қатардағы жауынгер әскерге келгеніне еш өкінбейді. Әскери қызметті барлық ер азамат міндетті түрде өтеуі тиіс деп санайды.

Т. Раушанұлы