"Тарих ақтаңдақтары" саяси қуғын-сүргін құрбандары

"Тарих ақтаңдақтары" саяси қуғын-сүргін құрбандары

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы жарлығы бойынша "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау" жөнінде Мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Комиссия мүшелеріне Кеңес үкіметінің солақай саясатынан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру міндеті жүктелді.

Комиссия жұмысын іс жүзінде ілгерілету үшін бұл тақырыптың тек ғылыми ортада қалып қоймауын қолға алу маңызды. Сонымен қатар өңіраралық байланысты орнатып, тәжірибе, тың идеялар мен ұсынымдар, құнды деректер алмасуын қамтамасыз ету мақсатында "Тарих ақтаңдақтары" саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау" жобасы аясында бірнеше іс-шара жүзеге асты.

Солардың бірі ауқымды түрде онлайн форматта ұйымдастырылған "қоғам қайраткерлерінің, сарапшылардың, жастардың және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуымен 10 пікірталас алаңы" және "өңірлік комиссия мүшелерінің, саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің әртүрлі санаттарын оңалтудың өзекті мәселелері жөніндегі комиссияның жергілікті жұмыс топтарындағы сарапшылардың қатысуымен өңірлерде 17 диалог алаңдары" өткізілді.

Екі бағыттағы іс-шара барысында жалпы саны 500-ден астам қатысушы өз ойларымен, пікірлерімен және комиссия жұмысын ілгерілетуге бағытталған ұсыныстарымен бөлісті. Ғалымдардың жұмыстарын зерделей отырып, қазіргі заманға сай дәріптелуі жайлы ұсыныс айтқан сарапшылар мен жастардың дені басым болды.

Іс-шара барысында мынадай ұсыныстар білдірілді:

- Республика көлемінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының нақты тізімі мен олардың өмірбаяны жайлы толыққанды мәлімет алатын элекронды база мүлдем жоқ. Тек орыс тілінде ақпарат беретін сайт бар. Онда мәлімет қоры аз және саяси қуғын-сүргін құрбандарының тізімі толық емес. Сондықтан да нағыз өркениетті елдердегідей осы заманға сай қазақтың қуғын-сүргін тарихының заманауи электрондық базасын толық жасап шығу алдағы уақытта талап етілетін жұмыстардың бірі;

- Мемлекеттік комиссия жұмысы барысында мұрағат деректерімен қатар, халық арасында тараған ауызша деректерді жинақтау мақсатында көненің көзін көрген, сол бір зұлмат заманның дәмін татқан тұлғалардан сұхбат алып, оны бейнеролик немесе жазбаша жинақ ретінде жинақтаса, құжаттық деректерден бөлек берер ақиқаты мол болар еді;

-  Кеңес үкіметіне қарсы бағытталған көтерілістерге қатысып, сотсыз, тергеусіз ату жазасына кесілеген немесе жер аударылған тұлғаларды ақтау ел тарихы үшін аса маңызды іс. Себебі кейбір тұлғалардың артында іздеушісі жоқ болғанымен ұлты үшін жасаған ерлігі жас ұрпаққа дәріптелуі тиіс жайттар жетерлік;

-  Ақтау жұмысы аясында өңіраралық байланыс орнатудың маңыздылығы басым. Себебі  Ресей империясы мен Кеңестік кезеңде сан мәрте өзгеріске ұшыраған территориялық бөліністер кезінде ауысып кеткен мұрағат қорлары баршылық. Сондықтан да комиссия мүшелері дерекқорларымен ауысып отырса, ғылым үшін тың жаналықтардың енетіні анық;

- Ресей империясының отарлығы кезеңінде орын алған босқыншылықтың советтік кезеңде жалғасуы мәселелерін тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырып, оған методологиялық акценттерді дұрыс қойғанымыз абзал.

Жабық қорлардағы құжаттарды жан-жақты сараптауға, саяси қуғын-сүргін құрбандарына ұлттық тұрғыда баға беруге, репрессия құрбандарына құқықтық тұрғыдан ғана емес, саяси ақтауға да қол жеткіземіз деген сенімдеміз. Осы жұмыстар аясында зерттеуші ғалымдарымыздың жұмыстарына тек қана сәттілік тілейміз. Халқы үшін құрбан болған ұлт азаматтарының толықтай ақталар күні алыс емес.

Т. Раушанұлы