Қазақстанның 7 сәулет өнері

Қазақстанның 7 сәулет өнері
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

Массагет порталы назарыңызға Қазақстанның 7 сәулет өнерін ұсынады. Бұл туралы tengritravel жазды.

 

1. Киіз үй

Сәулет өнері – белгілі бір халықтың мәдениеті туралы ең бай мәліметтер қоймасы. Ал киіз үй қазақ көшпенділерінің өмірі мен тұрмысын баяндаудың ең жақсы тәсілі. Киіз үйдің пайда болу тарихы біздің дәуірімізге дейінгі XII ғасырдан басталады. Негізгі құпия ыңғайлылық, қарапайымдылық және тасымалдау оңайлығында. Киіз үй тез жиналады, жаңбырдан, желден және суықтан сақтайды. Киіз үй – астаналық құрылымнан ешбір жағынан кем түспейтін, қымбат емес, жайлы тұрғын үй. Киіз үйді көшпелі сәулет өнерінің жауһары деп атайды.

2. "Хан Шатыр"

Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласының сәулеті жылдан-жылға қарқынды дамып, өзгеріп келеді. Нұр-Сұлтанға көрік беріп тұрған «Бәйтерек», «Солтүстік шұғыласы» ғана емес. Елорда әсем дизайны бар монументалды және зәулім ғимараттарымен көз тартады, солардың бірі – "Хан Шатыр".

Аталмыш ғимарат әлемдегі ең биік шатыр ретінде Гиннестің рекордтар кітабына заңды түрде енген.

Бұл ретте "Хан Шатыр" Орталық Азиядағы ең ірі сауда және ойын-сауық орталығы саналады. Forbes журналы оны әлемдегі ең жақсы эко ғимараттардың ондығына енгізген.

150 метрлік ерекше шатыр интерьерді ыстықтан және қатты аяздан қорғайтын, ішінде жайлы микроклиматты жасайтын бірегей инновациялық материалдардан жасалған.

"Хан шатыр" – Нұр-Сұлтанның қазіргі мегаполисінің сәулеттік алуан түрлілігі аясында айқын көзге түсетін заманауи сәулет өнерінің туындысы.

3. Қожа Ахмет Яссауи мен Арыстан-Баб кесенелері

Түркістан қаласы көптеген әсем сәулет ескерткіштерімен әйгілі. Солардың ішіндегі ең көрнектісі Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Оны зиярат ететін екінші Мекке деп те атайды.

Алтын Орданы жеңу құрметіне әмір Темірлан Қожа Ахмет Яссауиге зәулім ғимарат – кесене тұрғызуға шешім қабылдаған. Ясы қаласының (бұрынғы атауы Түркістан) қақ ортасында бұрын-соңды болмаған құрылыс басталып, оған әрбір азамат атсалысқан.

Қожа Ахмет Яссауидің қасиетті де айбынды кесенесінің биіктігі 37,5 метр. Оның құрылысы 1405 жылы аяқталды. Бейіттің ғажайып энергиясы тарихты түсінуге және қазақ мәдениетін қозғауға мүмкіндік береді.

Көптеген саяхатшылар Ахмет Яссауи кесенесіне қажылық сапарын Арыстан баб бейітіне барудан бастайды.

Арыстан баб кесенесі

Арыстан баб кесенесі — көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Түркістан халқының арасында мұсылман дінін таратушы Қожа Ахмет Иасауидің ұстазы болған Арыстан баб ата қабірінің басына салынған. Қабір үстіне алғашқы белгі ХІІ ғасыр шамасында салынған. Мазар XIV ғасырда қайта жөнделген. Арыстан баб кесенесі 1971 жылы жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен қайта жөнделді.

4. "Қазақстан" қонақ үйі

ХХ ғасырдың екінші жартысында Алматы қаласының дамыды. Нәтижесінде кеңестік модернизм стилінде сол кездегі көптеген ғимараттар пайда болды. Мысалы, 32 жыл бойы 25 қабатты (102 метр) "Қазақстан" қонақ үйі қаладағы ең биік ғимарат болды. Жер сілкінісі қаупі бар қалада 12 қабаттан биік ғимараттар тұрғызу мүмкін емес еді. Сол кезеңдегі инновациялық құрылыс әдісінің арқасында «Қазақстан» қонақ үйі күні бүгінге дейін Алматыдағы жер сілкінісіне ең төзімді ғимарат болып қала береді.

Төбесінде алтын "тәжі" бар биік мұнара – қаланың белгісі саналады.

5. Вознесенский соборы

Алматыда шегесіз ағаштан ерекше ескі технология арқылы салынған әлемге әйгілі діни ескерткіш бар. Орыс православие шіркеуінің Вознесенский соборы ағаштан жасалған әлемдегі ең биік сегіз ғимараттардың бірі болып табылады. Ғибадатхананың іші сурет, оюмен безендірілген, бұл киелі орынға ерекше сән береді.

Бірегей собор 1907 жылы ашылды. Ал үш жылдан кейін қалада күшті жер сілкінісі болып, айналасындағы барлық дерлік ғимараттар қирады. Арнайы құрылыс технологиясының арқасында ғана собор бүлінбеген. Бүгінде ғибадатханада күнде жүздеген адамға қызмет көрсетеді. Ал собордың өзі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бірегей тарихи ескерткіш атанған.

6. "Көк-Төбе" телемұнарасы

"Көктөбе" Алматы телемұнарасы нақты техникалық тапсырмаларды орындау үшін салынды. Бірақ талғампаз, ерекше архитектуралық дизайн және ғимараттың биіктігі телемұнараны қаланың символына айналдырды.

Оны салу үшін сол жылдардағы инновациялық құрылыс әдістері қолданылды. 372 метрлік мұнараның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін саз топыраққа салмағы 45 мың тонна бетон нқұйылды. Телемұнараның жалпы салмағы 50 мың тонна. Ғимарат 10 баллға дейін жоғары сейсмикалық төзімділікке ие.

Телемұнара ең биік құрылыс рейтингінде Қазақстанда екінші орында тұр.

7. Бекет ата жерасты мешіті

Бекет ата жерасты мешіті Ақтаудан алыс емес Оғланды алқабында орналасқан. Басты архитектуралық ерекшелігі – бұл мешіт жартасқа қашап салынған. Бұл жай ғана үңгір емес, бірнеше толыққанды бөлмелерден тұратын орын. Мешіттің қабырғалары араб және парсы жазуларымен безендірілген.

Дерекке  сүйенсек,  Бекет  ата  1750  жылы  дүниеге келіп,  емші,  көріпкел  ғана  емес,  физика,  математика,  астрономия  заңдылықтарын  жақсы  білген  ғұлама  ретінде  аты  танылған. Жыл сайын мыңдаған зияратшылар қасиетті орынға дұға ету үшін келеді.

Т. Раушанұлы