Қазақстанның тартылып жатқан өзендері

Қазақстанның тартылып жатқан өзендері

Қазір әлемде ауызсу тапшылығы климаттың жылынумен қатар тұрарлық ғаламдық мәселеге айналды. Дүниежүзінде ауызсуға талас-тартыс күшейді. Климаттың жылынуы бұл проблеманы одан әрі күрделендіріп жіберді. Жер аумағы үлкен, бірақ халық саны аз Қазақстан да бұл ауқымды мәселеге енді мән бере бастады. Өйткені ел территориясындағы үлкенді-кішілі өзендердің су деңгейі азайып, кейбірі тартылып қалды.

Су экологиясына тап болған, сағасы тартылып, арнасы азайып бара жатқан өзендерге тоқталайық.

Жайық

Қазақстандағы су қорының 80 пайызы Ресей аумағынан бастау алатын өзендерден құралған. Көрші елден ағып келетін өзендердің бірі әрі ірісі – Жайық. Ресейдің Башқұртстан аумағы, Челябі және Орынбор облыстарынан ағып өтіп, Қазақстанның Орал және Атырау қалалары арқылы ағады. Әрі Каспийге келіп құяды. Жалпы ұзындығы – 2428 шақырым. Соның 1082 шақырымы Қазақстан аумағында. Еуропада Еділ мен Дунайдан кейінгі ең ұзын өзен саналады.

Алайда алдағы онжылдықта бұл өзен ең ұзын өзен саналудан қалуы мүмкін. Өйткені үш жылдың ішінде өзеннің Қазақстан аумағымен өтер арнасында су екі есе азайып кеткен. Егер 2007 жылы Жайық арқылы елімізге 11 млрд текше метр су келсе, 2018 жылы екі есе қысқарып, 5,9 млрд текше метр, ал 2020 жылы 3,5 млрд текше метр су келген.

Былтыр Жайықтағы су мөлшерінің тартылуы жүз жылда болмаған ең төменгі рекордттық көрсеткішке жетті. Жайықтың бойында екі елді қосқанда 20 млн адам тұрады. Қазір өзеннің төменгі сағасында орналасқан халықтың егіні мен шабындық шөбіне су жетпей жатыр.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, Жайықтың тартылуының екі негізгі факторы бар. Біріншісі – климаттық өзгеріс. Яғни, аймақта қуаңшылықтың орын алуы. Екіншісі – өзен маңында ауыл шаруашылық жұмыстарының қарқын алуы. Суармалы егіншілік ұлғайды, орман шаруашылығы кеңейді.  

Одан бөлек, Жайықтың өз бойында су қоймасы көп. 20 ірі және орта көлемді су қоймасы салынған. Оның 11-і және ең ірілері Ресей аумағында жатыр. Өзенге сай-саладан келіп құятын шағын өзендерде 3200-ге жуық бөгет бар екен. Жауын-шашынды жылдарда әлгі ұсақ өзендердегі судың 40 пайызын, құрғақ жылдары 85 пайызын осы бөгеттер тосып қалады. Жоғарғы Орал, Магнитогор, Ирикла су қоймалары Жайық бассейніндегі судың 96 пайызын ұстап тұр деген мәлімет бар. Ал Қазақстандағы бөлігінде 42 су бөгені бар. Олардың бәрін қосқанның өзінде бір ғана Ирикла су қоймасының үштен бір бөлігін әрең толтырады.

Бұлардың ішіндегі ең ірісі – Башқұртсанда жатқан Сақмар су қоймасы. Мұны жергілікті жерде қуаңшылық орнағанына байланысты қоймаға су жинау күшейген. 2012 жылы Сақмардың деңгейі 130 жылда болмаған деңгейге түсіп кеткен екен.

Сырдария

Орталық Азиядағы ірі өзен. Сырдария өзені де қазір Аралдың күйін кешуде. Тянь-Шань тауындағы мұздықтан бастау алатын өзен Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекарасы арқылы өтіп, Қазақстанға келеді.

Бұл өзеннің бойында Қырғызстанда Тоқтоғұл, Тәжікстанда Бахриточик, Өзбекстанда Сардоба, Қазақстанда Шардара су қоймалары орналасқан. Тәжікстан мен Өзбекстан халқы негізінен егіншілікпен, бау-бақшамен айналысады. Сырдария суының басым бөлігі осы вегетация кезеңінде азайып, Аралға құяр тұсы тартылып қалады.

Өзеннің суы ең алдымен климаттық жағдайға, Тянь-Шань тауындағы мұздықтың еруі мен көктемде қар суының қосылуына байланысты. Қуаңшылық болған жылдары өзен суын жинау күшейеді де, арнаға кетер су қоры азайып қалады. Мәселен, Қырғыз елінің ресми ақпаратына сүйенсек, Тоқтоғұл қоймасында әдетте 15 млрд текше метр су қоры жиналатын болса, биыл 5 млрд текше метр ортайып, 9 млрд текше метр деңгейге түскен.   

Сондай-ақ, Қазақстандағы Шардара су қоймасының да суы ортайғаны байқалады. 2020 жылы Шардарада 928 млн текше метр су қоры болса, биыл 776 текшеге түскен.

Іле өзені

Іле өзені де – трансшекаралық өзенге жатады. Бастауы Қытайдан, Тянь-Шань тауынан алады. Іле өзені Қытайдағы үлкен қала Құлжаны сумен қамтамасыз етеді.

Өзеннің жалпы ұзындығы – 1001 шақырым. Оның 815 шақырымы Қазақстанда жатыр.  Іле Қытайдағы Текес, Қас, Күнгес деген үш өзеннен бастау алады. Қазір бұл маңда Жырынтай су электр стансасы салынған. Бұл құрылыс сусыз жатқан Шыңжаң аймағын суландырмақ. Содан Іленің арнасы 30 пайыз кемуі мүмкін.

Іле өзенінің су қорының 70 пайызы Қытай аумағында қалыптасады. Егер көрші ел ауыз су мәселесін шешуді қолға алса, шекаралық өзендерді бұру ісін қолға алады. Қазіргі деректерге сүйенсек, Іле өзенінің өзіне және оның бастау сағаларына 40-қа жуық су қоймасы салынған екен. Сондай-ақ Қытайда суармалы егістік алқабы 500 мың гектарға дейін ұлғайтылған.

Соның салдарынан Балқаш көліне келетін судың көлемі қысқарды.

Жем өзені

Жоғарыдағы үш өзенге қарағанда Жем өзені трансшекаралық өзенге жатпайды. Ақтөбе мен Атырау облыстарында жатқан өзен. Жалпы ұзындығы – 712 шақырым.

Өзен Мұғалжар тауынан бастау алады. Таудағы бұлақтардан құралып, жазыққа ағып шығады. Өзеннің тартылуының бір себебі де осы: тау бұлақтарының бітелуі. Қар суы да өзеннің толастауына ықпал ететін фактор. Алайда қазір өңірде қар аз жауатын болған.