Өрт сөндіру саласының тарихына арналған виртуал көрме

Өрт сөндіру саласының тарихына арналған виртуал көрме
Фото: yk.kz

Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы кітапханада ҚР Құтқарушылар күніне орай "Біз бірінші болып көмекке келеміз" атты айрықша көрме ұйымдастырылды. Көрменің ерекшелігі сонда – өрт сөндіру саласының тарихын 3D-үлгімен, виртуал көрініспен тамашалауға болады.

Шара кітап көрмесі түрінде ұйымдастырылған. Көрмеге Шығыс Қазақстандағы өрт сөндіру саласының қалыптасуы мен негізі қалануы, тарихы мен қазіргі дамуы жайлы сүбелі еңбектер қойылды. Көрме экспонаттары "ТЖ қызметінің тарихы", "Өрт сөндіру жабдығы, техника және өрттен қорғау құралдары", "Құтқарушы мамандығы", "Тіршілік қауіпсіздігі", "Батырлық мамандық" тақырыптық бөлімдері бойынша бөлінген.

Сондай-ақ, тіршілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт және электр қауіпсіздігі ережелері, төтенше жағдайлар әрекет ету тәртібі, ақпараттық буклет пен жаднамалар қойылған. Кітаптар мен мерзімді басылымдар оқу залында да, үйде де оқуға  беріледі.

"Көрменің мақсаты – елді іздестіру және құтқару жұмыстарының кешенімен таныстыру. Төтенше жағдай кезінде апаттан аман қалу жолдарын үйрету", - деп атап өтті О.Бөкей  атындағы кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова.

Бүлдіршіндер мен балаларға өрт пен апат кезінде не істеу керек, қалай қорғану керегі жайлы жазылған кітап-иллюстрациялар ұсынылған. Ал құтқару не өрт сөндіруші мамандығын оқығысы келген жандарға бұл мамандыққа қалай оқуға түсуге болатыны, білім алу барысында нені үйрететіні жайлы методикалық еңбектер қойылған екен.

"Барлығы 30-дан астам басылым ұсынылған. Көрме ұйымдастырушылары "Пожарный и Спасатель Казахстана" журналын да назардан тыс қалдырмады. Бұл басылымда біздің еліміздегі ТЖ қызметінің қалыптасу және даму тарихы, Қазақстан құтқарушыларының өмірі мен қызметі көрсетілген", - дейді ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Марина Лискова.

VR-локация

Оралхан Бөкей атындағы кітапханада виртуалды шындық құрылғысы орнатылған. Соның негізінде VR-киіз үй құрылған екен. 2020 жылдан бері. Ішіне кіріп, 3D-үлгімен сюжет көргісі келгендерге есік ашық.

Аталған құрылғы үшін кітапхана басшылығы VR-локация жобасын жасап, Өскемен қаласының тарихи келбетін виртуалды шындыққа салған. VR-локация арқылы ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы тарихи қаланың архитектуарасын көруімізге болады.

Тарихи сәулет ғимараттарының арасында – Өскемен қаласының алғашқы өрт сөндіру депосы да бар. Бұл ғимарат 1896 жылы ағаштан құрап салынған. Төбесіне ұзын мұнара қойылған. Қарауыл соған шығып, қалашықта түтін не өрт шықса, содан дабыл қаққан.

ХІХ ғасыр соңында салынған бұл мұнара-ғимаратты VR-локациядан оңай байқауға болады. Анимациядан көріп тұрғанымыздай, сол кездің өзінде өрт сөндіру қызметінің арнайы киім формасы болғанын, ал өрт сөндіру көлігі ретінде кәдімгі ат арбаны қолданғанын байқаймыз.

"Ол кезде арнайы өрт сөндіру қызметі болмаған. Қызметкерлердің барлығы – еріктілер. Қала жұрты. Қарапайым өрт сөндіру қауіпсіздігін меңгеріп шыққан азаматтар. 1889 жылы өрт сөндіру штаты ресми түрде бекітіліп, 12 адамнан тұратын команда құрылады. Өрт сөндіру қызметі арнайы қызмет ретінде 1918 жылы құрылған. Кеңес одағы тұсында өрт сөндіру қызметі полиция жасағының құрамында болды. Тек 1980 жылы ғана бөлек бөлініп шықты", - дейді кітапхана қызметкері Руслан Амиров.  

Қалашықтағы үй мен ғимараттың бәрі ағаштан соғылған. Өрт жиі болатын. Содан қала жұртшылығы өрт сөндіру қызметін жасақтауға туралы ойға келеді. 1777 жылы, 1834 жылы және 1846 жылы қалың өрт болып, бүкіл қалашыққа өртеніп кете жаздайды. Құнды құжаттар да сол кезде өртеніп кеткен екен.

Қазір бұл өрт сөндіру депосының орнында Өскемен қалалық Өрт сөндіру қызметінің ғимарат тұр.

"VR-локацияны Өскемен қаласының өткен ғасырда түсірілген құжат-суреттерінің негізінде жасадық. Оған екі айдай уақыт кетті. Бейнені 3D-үлгіге айналдырып, арнайы виртуалды бағдарламаларды қолдандық. Бұл – кітапхананың өзінің жобасы. Алдағы уақытта Оралхан Бөкейдің шығармаларында айтылған кейіпкерлердің 3D-үлгісін жасауды жоспарлап отырмыз", - дейді кітапхана қызметкері Айгерім Аманжолова.

Қ. Слямбек