Аида Балаева БАҚ-та әлеуметтік тақырыптарды қалай тарату керегін айтты

Аида Балаева БАҚ-та әлеуметтік тақырыптарды қалай тарату керегін айтты

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Astana Media Week – 2021 форумында әлеуметтік тақырыптарды БАҚ беттерінде дұрыс таратудың маңыздылығы туралы айтты.

"Қазіргі күні әлеуметтік мәселелер өте өзекті. Бұл мәселелер әр түрлі халық тобына қатысты әлеуметтік мәселелердің өршіп, этникалық дау-дамайларға алып келетініне куә болып отырмыз. Осы ретте тексерілмеген жалған ақпараттардың салдарынан осындай келеңсіздіктер туындайды. Әлеуметтік тақырыптағы өзекті мәселелердің ықпалы мен әсерінің маңыздылығын айтқым келеді", - деп айтты ол.

Министр ақпараттарды дұрыс жеткізе білу маңызды екенін атап өтті.

"Әлеуметтік мәселелер халыққа, билік басындағыларға қалай жетіп отыр? Өкінішке орай, қазіргі күні қақтығыстар, дау-дамайлар, әлеуметтік сипаттағы өзекті мәселелер көбейіп жатыр. Осы ақпараттар бұрмаланып ұсынылуда. Мысалы, Алматыда болған жағдайды алып қарайық. «Алтын Орда» базарында болған жағдай этника арасындағы дауға әкеліп соға жаздады. Тағы бір мысал, жақында ғана Алматыда болған қайғылы (үйінен шығарғысы келген кезде) жағдай кезінде бір блогер оның ұлтына қатысты ақпарат айтты. Осындай теріс ақпараттарды, жаңалықтарды ұсыну салдары өте күрделі болуы мүмкін", - деп түсіндірді Аида Балаева.

Балаеваның сөзінше, мұндай ақпаратты ұсынған дереккөзге көп нәрсе байланысты.

"Мұндай ақпаратты, жаңалықтарды ұсынған кезде қан-жоса, қатыгез сипаттағы көріністерді жариялау, тікелей эфирге жіберудің де қаупі бар. Кез келген жаңалықты, оның ішінде әлеуметтік сипаттағы жаңалықтарды жасағанда оның жалғасының қандай боларына өте мұқият болу керек", - деді ол форумда.

Ақпарат министрі әлеуметтік өзекті мәселелерді көтеруге байланысты халықаралық тәжірибелерге де тоқтала кетті.

"Шетелмен жұмыс істейтін журналистер қаншалықты дәйекті ақпарат ұсынып отырғанына сараптама жүргізілмейді. Журналистердің  стандартты этикасын қадағалау талаптары сақталуы тиіс. Мысалы, BBC стандарттары шынайы, объективті ақпарат ұсынуы талап етіледі, ал The New York Times принциптеріне сәйкес журналистерге тексерілмеген және дәлелденбеген ақпаратты ұсынуға рұқсат жоқ. Былтыр жүргізілген мониторингке сәйкес еліміздегі БАҚ-та 500-ден астам осындай ақпарат жарық көрген", - деп пікір білдірді ведомство басшысы.

Оның сөзінше, тексерілмеген, жалған ақпараттарды таратуда қылмыстық істер қозғалған. Жаңалықтарға қатысты қойылатын этикалық талаптар тек журналистерге ғана емес, бұл барлық азаматқа арналған.

Еске сала кетейік, бүгін Astana Media Week – 2021 басталды. Форум жұмысы екі күн бойы өтеді.

Т. Раушанұлы