Атырау облысындағы тарихи-мәдени киелі орындар мен мекендер

 Атырау облысындағы тарихи-мәдени киелі орындар мен мекендер
Фото: total.kz

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" атты мақаласында "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын қолға алуды тапсырған. "Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген" дей отырып, жоба жұмысы арқылы келешек ұрпақтың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті оятуға болатынын алға тартқан еді. "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы" жобасын көпшілікке таныта түсу мақсатында бүгін Атырау облысында орналасқан тарихи-мәдени киелі орындар мен мекендерді назарыңызға ұсынамыз.

Аралтөбе кешені

Аралтөбе кешені Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласының шығысында, шамамен 70 километр қашықтықта орналасқан. Кешен шамамен біздің заманымызға дейінгі IV ғасырынан біздің дәуіріміздің ІІ ғасырына дейін салынған деген болжам бар. Кешенді 1989 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмыстары кезінде ашады. Дерек бойынша қорым төрт бөлікке бөлінген. Болжам бойынша олар төрт мезгілді білдіреді. Сонымен қатар, күн шуағы сияқты 12 бөлшекті байқауға болады. Бұны бір жылдағы "12 айды" белгісі ретінде қарастырады. 

Қорымнан үш обаны байқайсыз. Бірінші обадан адам сүйектері, шыны моншақтар мен жебе ұштары табылған. Екінші обадан басы оңтүстікке қаратылып жерленген мүрде, оның жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі үлкен қыш құмыра, темір қылыш табылған. Табылған қылыштарға сәйкес сарматтар тарихын одан әрі тереңірек зерттеу мүмкіндігі туды.

Үшінші обадан ел тарихындағы екінші алтын адам табылды. Әйел және ер адам мүрделерімен қатар, олардың аяқ жағында екі жылқы және қыран құс жерленген. Ер адам киімі әшекейлі алтын бұйымдармен безендірілген, тіпті шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне дейін алтынмен апталған. Бұндай ерекшеліктер бұл адамның тайпа көсемі, қолбасшы немесе абыздықты ұстанған дінбасы болғанын дәлелдейді.

Сарайшық қалашығы

Сарайшық Батыс пен Шығыс елдерін байланыстырған Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды қалалардың бірі, кейін Хан Ордасы болған ортағасырлық қала. Алтын орда хандығының ыдырап жатқан рулары мен ұлыстары және ноғай руларының басы біріккен қала. Ол – Алтын Орданың ірі сауда орталығы, ғылым мен мәдениеттің ошағы, батыс өлкедегі исламның алғашқы діни орталығы болған. 

Тарихи деректер бойынша XIV ғасырда Сарайшықты Ақсақ Темір жермен-жексен еткен. Соған қарамастан XV ғасырдың 30-40 жылдары қайтадан қалпына келеді. XV ғасырдың аяғы – ХVІ ғасырда Қазақ Хандығының астанасы болды.

Ақмешіт қорымы

Кешен Бекет ата тұрғызған жерасты мешітімен танымал. Тарихи деректер бойынша, үш жылға (1771-1773 жж.) созылған мешіт құрылысын Бекет атаның ауылдасы Соқырша деген жігіт басқарған. Ол туралы XIX ғасырдан бері жазылып келе жатқан ғылыми-тарихи танымдық әдебиеттерде ақпараттар бар. 

Маңғыстау және Жемді (Қазіргі Құлсары) 1820-1821 жылдары аралаған орыс зерттеушісі Э. Эверсманның жазбасында: "Үстіртте таудан қашап жасалған мешіттер парсы, араб, татар жазуларымен безендірілген. Мұндай ескерткіш-зиратты Бекет төрт жерден қашаған. Оның ... үшіншісі — Жем өзені бойында...", — деп көрсеткен. 

Деректер бойынша Бекет Ата өзі салдырған Ақмешітте жас кезінде болыпты. Ол жерде ұл балалар білім алып, сауат ашқан. Мешіттен басқа Ақмешіт кешенінде 32 құлпытас, 2 қойтас, 2 күмбезді кесене және бір сағана там бар тұратын қорық кіреді. 

Махамбет Өтемісұлы кесенесі

Атырау облысы Индер ауданы Индербор ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырымдық жерде орналасқан кесене 1995 жылы ақынның қабірі үстінде тұрғызылған болатын.

Махамбет Өтемісұлы (1804-1846) — XIX ғасырдағы қазақтың еркін ойлы ұлы ақыны, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы ретінде танымал.

Оңай ата кесенесі

Ақын Фариза Оңғарсынованың бастамасымен 1999 жылы қабірдің үстіне төртқұлақты кесене тұрғызылды. Ол ұлутастан салынған. Дертіне дауа іздеген мұқтаждар осы уақытқа дейін оның басына зиярат етіп, түнеп, аруағынан демеу күтеді.

Оңай Есімбетұлы деректер бойынша қайырымды, ізгілікті және парасатты адам болыпты. Өзі өмір сүрген уақыттарда Ысық руының ақылшысы, жанындағыларын тыңдата алатын беделді адам болған деседі. Жол бойы өткен жолаушылардың жағдайын жасап отырған жомарт жан қыста теңіз жағасын мекендеп, жаз жəне күз айларында Ойыл, Қиыл, Сағыз өзендері бойын жайлаған дəулетті адам болған деседі. Оңай ата жерленген жерінде түнек үйі, мешіт бар. Жол бойы өткен жолаушылардың тәу етіп өтер жері – Оңай ата кесенесі. 

Мұрат Мөңкеұлы кесенесі

Ақын Мұрат Мөңкеұлының жерленген жері Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 3 шақырым жерде. 1993 жылы қабір үстіне күмбезді мазар тұрғызылған. Кесененің іргетасы – біртұтас бетон. Қабырғасы ақ ұлутаспен қапталған. Мұнда 2005 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мұрат Мөңкеұлы – айтыскер ақын, жырау. Қазақ әдебиеті тарихындағы айтулы тұлғалардың бірі, «Зар заман» ақындарының ішіндегі аса белді өкілі. 

Құлшан ата жерасты мешіті  

Жерасты мешіті Атырау облысы Жем бойында, Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 10 шақырым жерде, Ақмешіт қорымдығына таяу орналасқан. Мешіттің алғашқы құрылысы туралы ХІХ ғасырдың 50-ші жылдары осында болған орыс топографы А.Алексеев:"...борлы төбені үңгіп жасалынған мешіт екі бөліктен тұрады, олар бірі-бірінен 7 сажын қашықтықта", – деп жазған. Бірінші бөлікте діни жоралғылар жасалған, ал екіншісінде қайтыс болған адамның кебінге оралған денесі қойылған. Мешіттің иесі Құлшан деген әулие алпыс үш жасқа жеткен соң мешіттің бір бөлмесін мекендеп тұрады, кейін сонда жерленген деген аңыз да бар.  

Соңғы жылдары мешітті сақтап қалу үшін құрылыс жүргізілген, ол екі бөлмеден тұрады. Біріншісі кіреберіс бөлме, екіншісінің төбесі ұлутастармен күмбезделген, ол арқылы жерасты мешітінің алғашқы үңгіп салынған екі бөлмесіне кіруге болады. Мешіт алдындағы бөлек төрт қырлы тастың басын үшбұрыштандырып қиып, оның бетіне қазіргі заманғы жазумен "Құлшан Ата" деп жазылған. Қасында бергі уақытта түнек үйі тұрғызылған, оның шырақшысы бар, үй жақсы жабдықталған.

Т. Есқали