Қазақстан туралы бейнеролик "Үздік тревел видео" номинациясын жеңіп алды

Әлемдегі ең ірі туристік ұйымдардың бірі Азия-Тынық мұхит туристік қауымдастығының ұйымдастыруымен жыл сайынғы PATA Gold Awards іс-шарасы биыл онлайн өтті.

 "Үздік тревел видео" номинациясында Қазақстан табиғаты мен демалыс аймақтары туралы түсірілген "Travelstan" ролигі жеңіске жетті.  Ресми ақпараттық кітапшада атап өткендей, роликтің басты мақсаты – белгілі бір топтардағы "STAN" жұрнағына деген теріс көзқарасты жою. Сондай-ақ ұйымдастырушылар осы уақытқа дейін роликтің әлем бойынша 480 миллионнан астам рет трансляцияланғанын хабарлады.

Бұл Қазақстан туралы тревел-роликтердің халықаралық аренадағы алғашқы жеңісі емес. Былтыр сәуірде "Біз қайда ұшамыз?" атты ролик Болгарияда өткен "On the east Coast of Europe" XVI халықаралық туристік фильмдер фестивалінде "Туристік дестинация" номинациясында 90 секундқа дейінгі ең үздік жарнамалық бейнеролик ретінде танылды. Ал сол жылдың қыркүйегінде жоғарыда аталған екі ролик те «Аумақтарды таныстыру және «Белсенді демалыс пен ойын-сауық объектілері" номинацияларында Ресейдегі "Диво Евразии" III туристік бейне және анимация фестиваль-конкурсында жеңіске жетті.

Кейінгі жылдары шетелдік туристер біздің елімізді экологиялық және белсенді саяхат бағыты ретінде көбірек таңдайды. Бұған жарнама роликтердің шабыттандыратын және ынталандыратын кадрлары ықпал еткен. 

Еске салайық, тура бір жыл бұрын ТМД аумағында алғаш рет Pata Travel Mart 2019 халықаралық туристік көрмесі өтті, оған мыңнан астам шетелдік және қазақстандық туризм компаниясы қатысқан.