Еріктілер Алматыдан Абай еліне жаяу шықты

Еріктілер Алматыдан Абай еліне жаяу шықты
Фото: Алихан Сариев

Бүгін еріктілер тобы Алматы қаласынан ақын Абай Құнанбаевтың туған жері Жидебай ауылына жаяу саяхатқа аттанды. Экспедиция мүшелері 1200 километр қашықтықты жүріп өтуді жоспарлап отыр. Ең соңғы нүкте – Жидебайдағы Абай музейі.

Экспедиция Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінен басталды. Еріктілер қатарында жоба басшысы Дамир Кушеев, Ермек Кубашев, Данияр Балтабаев, оператор Даулет Кушеев бар.

"Биыл – Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы және еріктілер жылы. Біз осы екеуін байланыстырып, Абай ауылына дейін жаяу бармақпыз. Жолда велосипед, көлік пайдаланбаймыз, тек жаяу жүреміз және далаға шатыр тігіп, сонда қонамыз. Жас болғаннан кейін өзімізді де сынап көргіміз келеді. Күніне 30-40 километрден жаяу жүреміз. Жидейбайға 30-40 күнде жетеміз деп жоспарлап отырмыз. Экспедицияны бастан-аяқ түсіріп, кейін деректі фильм шығарамыз", - дейді жоба басшысы Дамир Кушеев.

Экспедиция мақсаты – жастардың қазақ елінің тарихына, мəдени жəдігерлеріне қызығушылығын арттыру, жастарды рухани дамыту. Еріктілер Абай мұражайына жеткен соң, Абай оқыған медреселер мен тұрған жерлерін аралайды.

Еріктілер жоспар бойынша, Талдықорған қаласы, Қапшағай су қоймасы, Алакөл көлінен өтеді. Экспедиция барысы Instagram-дағы @damir_za_mir_almaty парақшасына видео, фото арқылы көрсетілмек.

Massaget.kz