Жетісудың жеті өзені: Көксу

Жетісудың жеті өзені: Көксу
Фото: zhetysu.travel

Көксу – Балқаш алабына қарайтын, Жоңғар Алатауының Басқан мұздығынан бастау алып, Қаратал өзеніне келіп құятын Алматы облысындағы өзен. 3 мың биіктіктен бастау алады. Ескелді, Кербұлақ, Көксу аудандары арқылы ағып өтеді.

«Көк» және «су» сөздерінің бірігуінен атау пайда болған. Суы аспан түстес әрі тұнық болғандықтан, «Көксу» атанған.

Өзеннің ұзындығы – 205 шақырым, су жинау алабы 4670 шаршы шақырым. Тау бұлақтарынан (Қараарық пен Қазан бастауы) бастау алған өзеннің бастапқы арнасы – шатқалдың іші, арнасының жағасы тік, биіктігі 2-4 метрге дейін жетеді. Тереңдігі жарты метр, кейбір жерде 1,5 метрге болады. Арнасының ені 5-10 метр.

Жылдық орташа су ағымы шатқал маңында 57 м3/с, Шаңғар шатқалынан шығыр тұста 120 м3/с, Көксу ауылы тұсында 37 м3/с.

Өзен ағысы қатты, суы мол, таза. Наурыз айында көтеріліп, қыркүйек айынан бастап өзен таяздана бастайды. Жергілікті шаруалар өзенді шабындық пен егін, бау-бақша суаруға пайдаланады.  

Көксу өзенің үстінде бірнеше көпір бар. Солардың бірі «Көпір» деп аталады. Осы маңайда жалғыз көпір болғандықтан, бұл атау осында топонимге айналса керек.

Көксу өзенінде жыл сайын экстремалды спорт өкілдері рафтинг ұйымдастырады.

Жетісудың жеті өзені: Қаратал

Жетісудің жеті өзені: Лепсі

Қ. Слямбек