Еліміздің бас шыршасы жағылды

Еліміздің бас шыршасы жағылды

Бүгін, яғни, 30 қараша күні Ақорданың алдында орналасқан еліміздің бас шыршасы жағылды.

Салтанатты шараға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов келіп қатысты.

Жиынға, сонымен қатар, 3 000 бала шақырылды. Олардың 1000-ы тұрмысы нашар отбасылардан шыққан сәбилер. Жиылғандар "Қар карнавалы" атты концерттік бағдарламаға куә болып, көңілдерін көтерді. Шамамен 300 маман шараның салтанатпен өтуіне ат салысты. Айтулы оқиға мерекелік отшашумен аяқталды.

Бұл жылғы шырша қазақ қызының формасында жасалған. Шыршаның үстіңгі жағы сәукеленің пішінінде болса, төменгі жағы ұлттық ою-өрнектермен көмкерілген. Жаңа жылдың басты аксессуарын сәндеуге 2 000 ойыншық, 10 км гирлянда пайдаланылған.

Сапалы материалдармен толықтырылған шыршаның биіктігі 25 метр. Ағаштың түбін желге төтеп беруі үшін 32 тонналық ауырлатқыш орнатылған. Айта кетелік, бұл шыршадан бөлек қала көшелерінде тағы 36 ағаш "өсіп" тұр.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: kz.all.biz