Қазақ ырымдары

Қазақ ырымдары
Фото: sputniknews.kz/

— "Айналмақ" деген өзін-өзі садақа етіп, құрбандыққа қиятын ырым екен. Өзін біреудің жолына құрбан еткісі келген кісі ауырып жатқан   науқасты үш айналып шығуы керек. Қазақтың жақсы көрген адамын "айна-лайын" деп атайтыны осыдан шыққан.
— "Алапесті үйге кіргізбе, құйрығын жерге тигізбе" дейді. Алапес, қазақ ұғымында, ем қонбайтын дерт. Ниеті бұзық, пиғылы тар адамдарды да алапес деп жек көреді.
— "Көкпардың еті ауруға мың да бір ем болады" деп ырым-дап, ауыл-аймақтың барлық адамы оны бөлісіп татады.
— "Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды" дейді. Ырымы жасалмай ұзатылған қызды, оны алған күйеу жігітті ананың ақ сүті, атаның ары мен кәрі атады деп ырымдалады.
— "Сәбиге көз тимесін" деп бетіне күйе жағып, өңіріне әр түрлі жылтыр түйме, тана, тиын т.б. тағып қояды.
— Ағайынды кісілер араздасып қалса, басқа бір туысы ақ дастарханына шақырып, дәм сыйлап, татуластырады. Кейде араздасқандар бірін-бірі  шақырып, дәм береді. Онысы — түгі жығылып жүрсін, таспен ұрғанды аспен ұр деп ұйғарғаны.
— Ағаштың жапырақтары жайлап түсетін болса, қыс суық, әрі ұзақ болады.
— Ағын суға кір шайқамайды, кірдің суын төкпейді. Өйткенде, "судың басы су, аяғы у" болады, судың киесі атады дейді.
— Ағын суды беталды бөгемейді. Бөгесе, жол болмайды деп жориды.
— Адам кіндік қаны тамған ата жұртынан басқа жаққа қоныс аударып барғанда сол жерге бірден үйрене алмай-ды. Жат жердің суы, ауасы жақпайды деп кіндік қаны тамған жерден топырақ ала кетеді де, барған жерінде суға шомылдырып ішіседі. Сонда жат жерге тез бауыр  басып кетеді деп ұйғарады.
— Адам қайтыс болған күннің түнінде туыстары, ауылдастары жиналып, мәйітті күзетеді. Онысы — егер адам талып қалған болса, тіріледі  деген үмітпен күткені. Өлген адам аруланып, ақыретке оралғанға дейін сайтан аралап немесе мәйітті перілер ұрлап кетпесін деп  сақтанғаны.
— Адам қайтыс болған соң, мәйіт көмілмей тұрғанда, көп жылауға болмайды. Көп жыласа, көрі көз жасына толып кетеді деп жориды.
— Адам қатты ауырғанда, басына күн туып, бағы тайғанда, қауіп-қатерге жолыққанда, Алладан медет сұрап, ақсарыбас қой сояды. Пәледен құтқар деп тілейді.
— Адам құлағы шуылдағанда жанындағы кісі дәл тапса, оны біреудің мақтағаны, ал таба алмаса, жамандағаны болып шығады.
— Адам өлгенде жетісінде, қырқында жеті немесе қырық шырақ жағады. Шырақ арналып жағылған адамның қабірі жарық тұрады деп жориды.
— Адам өлім алдында жанталасып жатқанда жанында әйел адам тұруға болмайды.
— Адам түшкірсе, "жәрікімалла" дейді.
— Адамға немесе малға біреу сұқтанып қараса, көз тиеді деп түкіртеді.
— Адамдар ит дайрағын көргенде үш рет "тфу-тфу-тфу" деп түкіріп өтеді. Өйтпесе нас басады деп жориды.

дереккөз:bilim-all.kz

Т. Есқали