2050 жылы Қазақстан халқы қанша болады?

2050 жылы Қазақстан халқы қанша болады?
Фото: fcis.kz

2050 жылы әлем халқы, оның ішінде Қазақстан халқының саны қаншаға артады? БҰҰ Қазақстан халқының өсуі мен қартаюына қатысты болжам жасады.

"БҰҰ болжамдары бойынша, алдағы онжылдықтарда жер бетіндегі халық саны өседі: қазіргі 7,7 млрд адам 2030 жылы 8,5 млрд-қа, ал 2050 жылы 9,7 млрд-қа дейін артады. Болжам бойынша, Қазақстан халқының саны да өседі деп күтілуде: 2050 жылға қарай халық саны 24 миллион адамға жетеді", - делінген ақпаратта.

2019 жылдың басында Қазақстан халқының саны 18,4 миллион болды. Бұл былтырғы жылдың көрсеткішінен (18,2 миллион) 1,3%-ға жоғары. Соңғы 10 жылда елдегі халықтың орташа өсімі – жылына 1,5%.

Халық санының өсуі әлемде де, Қазақстанда да егде жастағы адамдар санының тұрақты өсуімен қатар жүреді. Егер 2014 жылы 65 жастан асқан тұрғындар Қазақстан халқының 6,8% -ын құраса, 2018 жылдың соңында - 7,5%-ға жетті. Болжамға сәйкес, елде 65 жастан асқан егде жастағы адамдардың үлесі 2050 жылы қазіргі 7,5% -дан 14,1% -ға дейін екі есе артады.

Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығы 2014 жылы 71,44 жас болса, 2018 жылдың соңында бұл көрсеткіш 73,15 жасқа дейін өсті. Өмір сүру ұзақтығының едәуір артуы халықтың өмір сүру сапасының артуына байланысты.

Қазақстан халқына, территориясын қатысты ресми статистика топтамасы мына сілтемеде.

А. Қажиев