Әлемдегі экологияға қауіпті қалалар: Алматы, Астана, Шымкент пен Ақтөбе бар

Әлемдегі экологияға қауіпті қалалар: Алматы, Астана, Шымкент пен Ақтөбе бар
Фото: Greener Package

Әлемде экологияға ең қауіпті қалалар рейтингі жарияланды. Бұл тізімде Қазақстан қалалары да бар.

Рейтинг ауадағы көміртегі іздерінің Торлы моделінің жобасы (GGMCF) бойынша түзілген. Оны жасауға норвег, швед, жапон және америкалық ғалымдар қатысқан.

Табиғатқа ең көп зиян келтіретін, экологиялық тұрғыдан қауіпті қалалар көшін Сеул бастап тұр. Оңтүстік Корея елінің астанасы жылына 267,1 мегатонна көмірқышқыл газын шығарады екен. Одан кейінгі орынға Гуаньчжоу (272 мегатонна) мен Нью-Йорк (233,5 мегатонна) орналасқан. Сондай-ақ алғашқы ондыққа Гонконг (208,5 мегатонна), Лос-Анджелес (196,4 мегатонна), Шанхай (181 мегатонна), Сингапур (161,1 мегатонна), Чикаго (152,9 мегатонна), Токио және Иокогама агломерациясы (132,8 мегатонна) мен Эр-Рияд (118,8 мегатонна) қалалары енген.

Экологияға қауіпті қалалар рейтингіне 500 қала енген. Оның алғашқы жүздігінде Алматы қаласы да бар. 95-орында тұр. Жылына 25,2 мегатонна көмірқышқыл газы бөлінеді екен. Астана 178-орыннан (12,9 мегатонна) көрінген. Сондай-ақ 500 қала тізіміне Шымкент (298-орын, 7,3 мегатонна) пен Ақтөбе (421-орын, 5,3 мегатонна) енген.

Ө. Сансызбай