1 мамырдан бастап Қазақстан ардагерлері ТМД елдеріне тегін бара алады

1 мамырдан бастап Қазақстан ардагерлері ТМД елдеріне тегін бара алады
Фото: Казинформ

2018 жылдың 1 мамырынан бастап 31 желтоқсанына дейін «Жеңіс» республикалық әлеуметтік және қайырымдылық жобасының аясында Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері Қазақстан бойынша және ТМД елдеріне тегін сапарлар жасай алады. Бұл туралы «ҚТЖ-Жолаушылар тасымалы» АҚ мәлімдеді.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірге Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теміржол көлігінің қызметтерін тегін пайдалануға мүмкіндік беретін арнайы акцияның басталғанын хабарлады.

«Акцияның шарттарына сәйкес Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қазақстан Республикасы мен ТМД елдеріндегі «Жолаушылар тасымалы» АҚ жүзеге асыратын барлық бағыттар бойынша жол жүруге мүмкіндік алады. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне барлық санаттағы пойыздардың купе вагондарында, соның ішінде «Туристік» класс вагондарында және «Talgo» пойыздарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған купелерінен орын бөлінеді», - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында Ұлы Отан соғысының қатысушылары жол жүру барысында тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.

Аталмыш акция бойынша билеттер алу үшін жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы және Ұлы Отан соғысының мүгедегінің немесе қатысушысының куәлігі болуы керек.

ТМД елдеріне бару үшін тағайындалған станцияға дейін және кері қайту сапар құжаттары (билеттер) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сауда нүктелерінде рәсімделеді.

Соңғы 3 жылдың ішінде дәстүрлі іс-шараға айналған теміржол көлігімен тегін жол жүруді 800 астам адам пайдаланған.

 baq.kz

Н. Үсенова