Ұлы дала пирамидасы

Ұлы дала пирамидасы
Фото: nationalgeographic.kz

Астанадан небәрі 340 шақырым жерде кейінгі қола дәуіріне тән пирамида табылды. Пирамида жайлы алғаш 2014 жылы белгілі болғанымен, оны қалпына келтіру жұмыстары 2017 жылы аяқталды. Кешен ішінен шыққан пышақ, ине, сақина, ыдыс бөлшектері, керамика секілді көптеген заттар Қарағанды қаласындағы өлкетану музейіне қойылған.

Пирамиданы тапқан Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің археологы Игорь Кукушкиннің айтуынша, «бұл жерде ірі мемлекет қайраткері немесе ру көсемі жерленген болуы мүмкін. Пирамида шамамен 3000 жыл бұрын салынған».

Оның айналасында көлемі шағын тағы бірнеше қорым бар. Ең қызығы ғимарат формасы Солтүстік америка үндістерінің пирамдаларына өте ұқсас. Қазақстан мен Орталық Азия аймағында пішіні дәл осындай пирамида бұрын кездеспеген.

Ғылыми ортада бұған дейін қалыптасқан пікір бойынша Беғазы-Дандыбай мәдениетінің ірі ескерткіштері (Беғазы, Айбаз-дарасы, Бұғылы, Сандыру ескерткіштері) түгел ашылды деп саналатын. Ал бұл жаңалық сол пікірді теріске шығармаса да, аталған дәуірге тән ірі кешендердің әлі де табылуы мүмкін екенін көрсетеді.

Бұл пирамида Қарағанды облысы Шет ауданы Талды ауылының маңындағы Қаражартас деген жерде Талды өзенінің жағасында тұр.

Дереккөз: nationalgeographic.kz

Г. Берік