Қазақстан әлемнің үздік елдері рейтингінде бір саты жоғарылады

Қазақстан әлемнің үздік елдері рейтингінде бір саты жоғарылады
Фото: https://elements.envato.com/

АҚШ-тың танымал US News & World Report басылымы әлемнің үздік елдері рейтингін жаңартты. Бұл тізімде Қазақстан бір саты жоғарылап, 70-ші орынға жайғасты.

Әлемнің ең үздік елдері рейтингі 9 өлшем (критерий) бойынша түзілген. Әр елдің туристік дамуы, әлеуметтік ортасы, мәдениеті, инновациясы, экономикалық өсуі мен құлдырауы, өмір сүру деңгейі, кәсіп саласының алға жылжуы, әлемдік аренадағы беделі мен тарихи мұрасы басты назарға алына отырып бағаланған.

Басылым түзген рейтингке әлемнің 80 елі енген. Көш басында Швейцария тұр. Екінші орында – Канада, үштікті Германия түйіндеп тұр. Сербия (78), Ангола (79) мен Алжир (80) көш соңына орналасқан.

Орталық Азияда Қазақстаннан өзге елдер бұл рейтингке енбеген. Басылым ақпаратында әр елге арнайы тоқталып, мағлұмат бере кеткен. "Қазақстан Орталық Азияда орналасқан әлемдегі ең үлкен елдердің бірі. Теңізге тікелей шыға алмайды. Табиғи байлығы мол." - деп жазады. Сонымен қатар, еліміздің уран өндірісінен әлемде алғашқы орында екені айтылады. БҰҰ мен ЕҚЫҰ секілді ірі халықаралық ұйымдарға мүше деп атап өткен.

Әлемнің ең үздік елдері рейтингінің ондығы:

1. Швейцария
2. Канада
3. Германия
4. Ұлыбритания
5. Жапония
6. Швеция
7. Аустралия
8. АҚШ
9. Франция
10. Нидерланд

Ө. Сансызбай