Жел мен боран атаулары

Жел мен боран атаулары
Фото: Хабар 24

Қазақтың танымында жел – қыс пен жаздың қандай болатынын болжайтын синоптиктік хабаршы. Себебі күзде және көктемде жиі соғатын желдің күш-қуаты мен бағытына қарап, халық алдағы жыл мезгілінің жайлы, жайсыз болатынын аңғарып, соған орай қыс немесе жаз қамын алдын ала ойластыратын болған. Осы бір табиғаттың тылсым күші қыс мезгілінде ашуына енсе, дауылға, одан әрі боранға ұласатыны белгілі. Жалпы алғанда тілімізде кездесетін желдің түрлерін топтастыратын болсақ, төрт мезгілге ажыратып көрсетуге болады. Бұдан қазақ тілінде желге берілген атаулардың түрі өте көп екенін аңғарамыз. Назарларыңызға біз күн салқындай бастағанда байқалатын жел атауларын ұсынамыз.

Қара дауыл – екпінді, шаң-топырақты көтерген сойқанды, суық ызғарлы жел.

Қара жел – жауын-шашынсыз азынап соққан өкпек жел.

Жаяу бұрқасын – ызғары шамалы ғана қарлы жел.

Жібек жел – салқын самал.

Мырза жел – ақырын соққан баяу жел.

Азынау жел – гуілдеп соққан аңқыма жел.

Алтын күрек – оңтүстіктен үзбей соғып, қыстың соңғы қарын күрт ерітетін жылы жел.

Боранды жел – қарды бұрқыратып ұйытқып соғатын ысқырық жел.

Борасын – қиыршықтап борайтын сырғыма жел.

Бұрқасын – жерге түскен қарды суырып соғар бәсең жел.

Дауыл – шаңдатқан, борандатқан, алай-дүлей осқырған жел.

Жатаған жел – төмен, жер бауырлап ескен жел.

Желең жел – самалдап соғатын жел.

Желемік – әлсіз жел. Мұны өлкек, ексім деп те айтады

Жоғары жел – биіктен үйірген жел.

Ексім жел – екпінді, қарқынды жел, өкпек жел.

Ебі  жел – шығыстан соғатын жел.

Ебі – қара ебі және ақ ебі болып бөлінеді. Қара ебі жазда, жер қарада, ақ ебі қыста қар ұшырып соғады.

Ескек жел – есе соққан жел.

Еспе жел– желпінді еспек жел.

Зулама жел – іркілмей соғатын екпінді жел.

Көк дауыл – аязды қарлы боран.

Көлденең жел – кесе көлбеу жел.

Қайтыс жел – қарқыны басылған жел.

Қарыма жел – бет қаритын өткір жел.

Қара құйын – топырақ, құм боратқан жел.

Қарсы жел – жүріс бағытқа қарсы соғатын жел.

Қума жел – қуалай соғатын жел.

Өксік жел – ышқынған қатты жел.

Тентек жел – ала құйын есер жел.

Үрме жел – екпіні бір басылып, бір көтеріліп соғар жел.

Үскірік жел – күзгі, қысқа құрғақ, суық жел.

Ызғырық жел – өңменіңнен өтер суық жел.

Ықтырма жел – адамды, малды ықтырып, бет қаратпайтын суық жел.

Боран — қыстың қаталдығын көрсететін табиғи дүлей күштің бірі. Қарды бұрқыратып, ұйытқып соғатын күшті жел ретінде танылатын боранды қазақ халқы оның дүлей күшіне қарай, ашуы­на қарай, бағытына қарай, уақытына қарай, ұзақтығына қарай түрліше атайды. Тіліміздегі боранның түрлерін жинақтай келгенде, боранның түрлі мінезді болатынын аңғардық.

Ақ боран – көз ашқысыз, желдете жауған қарлы боран.

Ақ түтек боран – алай-түлей түтеген боран.

Ақ шұнақ боран – бір мезгіл соғатын шыңылтыр аяздағы қарлы боран.

Аққұйрық боран – құрғақ аязды күні қарды ирелеңдете, бұралаңдата соғатын боран.

Ақ жорға – қысқы аязда жоннан ойға қарай соғатын, қарлы бұрқасын боран.

Алай-түлей түтеген боран – ұйытқыған немесе бората соққан қатты жел.

Алақаншық боран – бір бәсеңдеп, бір ұйытқып соққан боран.

Дауыл боран – осқырған жел.

Долы боран – екіленіп соғатын боран.

Жаяу боран – жаңа түскен үлпек қарды жер бетінен не қатқан қар үстінен үрген еспе боран.

Жөпшеңді боран – кәдімгі боран.

Қара боран – түтеген шаңды аспанға көтеретін боран.

Құм боран – құмды, топырақты суырып, ұйытқи соғатын боран.

Майлы боран – қойны-қонышқа кеулеп соғатын қарлы боран.

Сұрапыл боран – қаруы қатты боран.

Сырғыма боран – қарды үрлеп жер бауырлай соғатын боран.

Тас боран – суырып соққан күші қатты боран.

Тентек боран – бір күшейіп, бір басылып соғатын боран.

Түтек боран – алай-түлей боран.

Ұйтқыма боран – ұйытқи соққан қарлы боран.

Үскірік боран – құрғақ, суық боран.

Ызғырық боран – өңменнен өтер ызғарлы боран.

Дереккөз: reactor.inform.kz

Н. Үсенова