Ежелгі көшпенділер ізімен. Боралдай қорымы

Ежелгі көшпенділер ізімен. Боралдай қорымы
Фото: tengrınews.kz

Көшпенді халықтардың дала өркениеті адамзат тарихында айтарлықтай маңызға ие. Ежелгі көшпенділердің мәдениеті, ғасырлар қойнауынан қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрінің тарихы скиф-сақ дәуірінен бастау алады. Олардың өмір сүрген аймағы мен тұрғылықты мекендері, тұрмыста қолданған заттары мен шаруашылығы бүгінде тарих. Ал сол тарихты көзбен көріп, көңілмен сезініп қайтуға Алматы тұрғындары мен қонақтарының зор мүмкіндігі бар.

Ежелгі көшпенділер тарихынан сыр шертетін аймақтың бірі - Боралдай сақ қорғаны тарихи-мәдени аумағы (паркі). Аспан астындағы ашық мұражай саналатын бұл мекен жайлы Visit Almaty туристік орталығынан толық білуге болады. Орталық кеңсесі Алматы қаласындағы Бөгенбай батыр 81 мекенжайында орналасқан.

Боралдай сақ қорғаны жайлы не білесіз?

Боралдай сақ қорғаны археологиялық паркі – ежелгі көшпенді халықтардың бүгінге жеткен бір ескерткіші. Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Солтүстігінде қалалық типті Боралдай ауылымен, оңтүстігінде Үлкен Алматы каналымен шектесіп, Боралдай үстіртінің бір бөлігін алып жатыр.

Тарихи мекен тарихы

Қорымдар тарихы тереңде жатыр. 2,5 мың жылды құрайды деп болжанады. Тіпті ежелгілері біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырмен сәйкес келеді. Бұл қорымның ұзындығы 3 шақырым болса, ал, ені 800 метрге дейін аумақты алып жатқан тарихи-мәдени аумақ. Осы 430 га аумақты алып жатқан «Боралдай сақ қорғандары» – археологиялық паркінің аймағында ерте темір дәуірі кезеңінің 47 үлкен сақ және 200-ден астам үйсін қорғандары орналасқан. Аса үлкен қорғандардың биіктігі 10-14 метрге дейін жетеді. Ал диаметрі 80-150 метрді алып жатыр. Осы уақытқа дейін тарихи ескерткіштері мен табиғи ландшафты сақталған.

Бұл аумаққа баруға не себеп?

Боралдай сақ қорғаны археологиялық паркі – Алматы қаласының назар аударарлық тарихи аумақтарының бірі. Қазіргі таңда бұл паркті арнайы көруге келген туристер саны артып келеді. Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласы негізінде, Алматы қаласы әкімдігі және туризм бөлімінің қолдауымен сақтардың өмірі мен дәстүрін таныту мақсатында тұрғын үйлері мен қорымдарының макеті жасалған. Сонымен қатар Боралдай қорымдарының өлшемдеріне байланысты жерлеу алаңдарының интерактивті 3D картасы жасалады. Бұл туристер үшін аумақты шолуға зор мүмкіндік жасайды.

Боралдай сақ қорғаны – қаламыздағы, тіпті еліміздегі тарихтан сыр шертетін ерекше туристік аймақтардың бірі. Қорымдар мен обалар сол дәуірдегі қалпында сақталған, - дейді жоба жетекшісі, археолог Руслан Шербаев.

Археологиялық аумақтан не көруге болады?

Жобаның бірінші кезеңі аясында археологиялық паркке кіргеннен сақ дәуірінің тұрғын үй үлгісі және сақ жерлеу-мемориалдық құрылымының қайта қалпына келтірілген Патша қорымы орналасқан. Бұл аумақ мыңдаған жылдар бойы жиналған жәдігерлерден тұрады.

Осылайша, ежелгі тұрғын үйдің көшірмесі «Медеу» мұз айдыны маңынан табылған сақтар мекені қазбаларының материалдарына негізделіп, мешіттің үлгісі Жетісу аймағында табылған археологиялық ескерткіштердің ерекшеліктеріне негізделіп салынған.

Керамикалық және ағаштан жасалған ыдыстарды, қару-жарақ және тағы басқа бұйымдарды көру үшін жерлеу бөлмелерінің аралары әйнектермен бөлінген. Боралдай қорымының 3D картасын жасау мақсатында жүргізілген аэрофототүсірілім кезінде 47 обаның ішінен ең үлкен қорым табылды. Ол бірнеше шаршы метрді алып жатқан ең үлкен оба. Бұл обаға көтерілу үшін оның шығыс жағындағы сырғыма баспалдақты қолдануға болады. Жұмбаққа толы бұл археологиялық нысанның құпияларын ашу зерттеушілерді қызықтырып отыр. Олардың айтуынша, бұл авеста құдайы Митраға арналған ежелгі ғибадатхана болуы мүмкін.

Боралдайдағы сақ қорғандары осы күнге дейін қалай сақталды?

Сақ қорғандарын тұрғызу үшін тас, топырақ, кірпіш кесектері сияқты құрылыс материалдарының бірнеше мың тоннасы пайдаланылды. Оларды көтеру үшін, тіпті сол кезде құрылыс өнерінің өзіндік технологиялары болды. 

«Бұл қорғандарға бірнеше мың жыл болса да, осы күнге дейін еш бүлінбей сақталып келді. Оларға төнетін жалғыз қауіп жақын маңайдағы қала көлемінің кеңеюі. Бірақ, бұл қорғандар, ашық аспан астында әлі талай мың жыл тұра алады»,- дейді жоба жетекшісі, археолог Руслан Шербаев.

Аумақты жандандыру жоспары

Саябақтың басты мақсаты – туристерге қолайлы жағдай жасау. Археологиялық саябақтың нысандарын көбейту жұмыстарын жүргізіп, ерте темір дәуіріндегі қыш-құмыра шеберханаларын, ұстахана цехтарын қайтадан тұрғызу.

«Боралдай Сақ қорғандары» Қазақстанның қасиетті мекені

Бұл саябақ жақында ғана «Қазақстанның қасиетті географиясы» жобасының тізіміне ілікті. Сонымен қатар, қорғандарды ЮНЕСКО-ның дүние жүзілік мұралары қатарына қосу ұсынысы да жоспарланып жатыр. «Бұл аумаққа жерленген адамдар тайпалық және діни көсемдер, даңқты қолбасшылар, сақ тайпаларының бетке ұстар тұлғалары. Осы деректерді негізге ала отырып, бұл қорымды Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен салыстыруға әбден болады»,- деді Руслан Шербаев.

Жаңалықтар қарап, қызықты ақпараттардан хабардар болғыңыз келсе Visit туристік орталығының жаңалықтарын оқи жүріңіз. www.visitalmaty.kz 

Instagram: @visitalmatykz,

Facebook: Visit Almaty,

Youtube: Visit Almaty.

А. Қажиев