Алматы – өткен мен бүгінгінің үндесуінен туған қала

Алматы – өткен мен бүгінгінің үндесуінен туған қала
Фото: Visitalmaty

Алматы қаласында Visit Almaty туристік ақпараттық орталығы қазан айынан бастап ресми түрде жұмысқа кірісті. Енді Оңтүстік астанамыздың кез келген қонағы орталыққа келіп, қажетті сұрақтарға, соның ішінде, қаланың ең көрікті жерлері қайда орналасқаны, қаладағы ең маңызды орталық қайда, қай қонақ үй ыңғайлы, қай мейрамханадан ұлттық тағамдардың дәмін татуға болады деген сауалдарға әп сәтте-ақ жауап ала алады. Орталықты құру кезінде ұйымдастырушылар Париж, Лондон, Дубай және Нью-Йорк секілді ірі қалалардың тәжірибелерін есепке алған. 

Орталықтың Visitalmaty.kz  ресми сайты әзірге сынақтан өтіп жатыр және болашақта жеті тілде жүргізіледі деген болжам бар.

Осы уақытқа дейін әлемдік кеңістікте Алматы қаласының туристік мүмкіндігін дамыту үшін әкімшілік бірнеше жұмыс атқарды: Барселона, Лондон, Сингапур, Тегеран мен Делидегі туристік көрмелерде қала көрінісі бейнеленген стенд жарияланса, BBС телеарнасында Алматы туралы бейнероликтер және Euronews арнасында жарнамалық роликтер жарық көрді.

Сонымен қатар, Алматы қаласына келген туристердің бейнесін жасауға болады. Яғни, олардың неге Алматыны таңдағаны, қандай әсер алғаны, қандай қалаларға сапар шекпекші деген сауалдардың жауабын табуға мүмкіндік бар.

Алматы қаласы әкімшілігі сыртқы байланыс және туризм басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубай Visit Almaty орталығы арқылы әлемдік туристік нарыққа Алматы қаласын шығару мүмкіндігін былай түсіндірді.

Visit Almaty туристтік ақпараттық орталығын құру идеясы қалай туды?

Алматы қаласы әкімшілігі сыртқы байланыс және туризм басқармасының негізгі міндеті – туристік ақпараттық орталық пен пунктердің жүйесін қалыптастыру.

Сонымен қатар, Visit Almaty орталығының алдында бұдан бөлек бірнеше міндет бар. Бұл – Алматының туристік мүмкіндігін әлемдік және ішкі нарықта жетілдіру, рейтингтерге сараптама жүргізе отырып, аймақтардың бәсекеге қаншалықты қабілетті екенін аңғару, туризмнің даму мүмкіндігі мен осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Осындай туризмді дамыту департаментінен бөлек, жаңа ұйымдар да қалыптасады. Олардың қызметі – белгілі бір аймақта туризмнің дамуын қарқынды түрде жетілдіру. Бұл қызметтің барлығын біз Visit Almaty орталығына жинақтадық: мақсатымыз – алматылық туристік өнімді халыққа ұсыну.
Алматылық туристік өнім, біріншіден, біздің мәдениетіміз болса, екіншіден, қаламыздың заманауи бағытта дамуы. Сонымен қатар, табиғатымызды да естен шығармау керек.

Алматы – өткен мен қазіргінің селбесуінің айқын дәлелі. Бұл қаладан ЮНЕСКО мұрасын да, заманауи сәулет өнерін де, шығармашылық бірлестік пен жасампаз театрларды да кездестіре аласыз. Ұлтаралық қатынас пен урбанизация нәтижесінде қалыптасқан түрлі ұлттық тағамдар мейрамханасымен танысуға мүмкіндігіңіз бар. 

фы

Осы жыл ішінде қандай нәтижеге қол жеткіздіңіздер?

Биыл біз карта іспеттес туристік нысандардың жиынын қалыптастырдық, оның ішінде, жайғастыру орындары мен ұлттық тағамдар да бар. Одан бөлек, біз қаламыздағы туристер үшін қызықты аймақтарды анықтадық. Барлық ұсыныстарды тиісті орындарға жеткіздік. Енді алдағы уақытта сол нысандарды туристерге ыңғайлы жерге орналастыру мәселесін қолға алмақпыз.

Сонымен қатар, туристік саланың қазіргі жағдайы мен болашағына, алматылық туристік өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне зерттеу жүргіздік.

Нәтижесінде Алматы қаласындағы туризмді дамытуға септігін тигізетін мынадай бастамалар барына көз жеткіздік:

1. Ұлы Жібек Жолының мың жылдық тарихы. Жібек жолы бойында орналасқан қалалар мен Орталық Азия  халықтарының ұлттық тағамдарының жоғары сұранысы.

2. ЮНЕСКО мұраларының төртеуі Алматы қаласында орналасқан. (Тамғалы петроглифтері, Қаялық қалашығы, Қарамерген, Талғар қалашығы);

3. Көшпелі Қазақ елінің тарихы. Алматы қаласы тұрғындарының қонақжайлылығы.

4. Заманауи қаланың инфрақұрылымы және әсем табиғаттың қала маңына жақын орналасуы. Алматы ЮНЕСКО шығармашылық қалаларының желісіне қосылған болатын. Бұл – біздің қаламыздың мәдени және шығармашылық орталық ретінде  халықаралық беделі мен деңгейі артқандығының айқын дәлелі.

Алматы үшін туризмнің маңызы қандай?

Бүгінгі таңда туризм әлемдік ЖІӨ-нің 10%-ын құрайтыны өздеріңізге мәлім. 2016 жылы әлемде 1,2 миллиард адам саяхаттаған және бұл үрдіс уақыт өткен сайын өсіп келеді.

Дүниежүзілік туристік ұйым болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай халықаралық туризм жылына 3,3% өсіп, туристер саны 1,8 миллиардқа жетеді.

Осы себептерге байланысты «Алматы-2020» бағдарламасында туризм саласы өсімнің жаңа драйвері және экономиканың басым секторы ретінде анықталды.

Бізде бұл үшін барлық алғышарт бар.

Бүгінгі таңда Алматы экономикасының 87%-ын қызмет көрсету нарығы құрап отыр. Алматы – 2 мыңнан астам кафе, 300-ге жуық жайғастыру орындары, 19 театр, 20 мұражай, 14 көркем галерея мен көрме орналасқан толыққанды қала.

Қалада туризмді дамыту – бүгінгі күннің қажеттілігі, өйткені ол қосымша инвестициялардың құйылуына және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Туризмнің қандай түрі бізде жоғары табысты бола алады?

Біз тау, экологиялық, шопинг туризмі сынды іс-шараларды және іскерлік туризмді жетілдіре аламыз. Мысалы, Алматыда көптеген конференциялар, іскерлік кездесулер мен түрлі форматтағы кездесулер өткізіледі. Егер бізге іскер-саяхатшылар келетін болса, біз оларға сапалы қызмет көрсетуді, соның ішінде қаладағы іс-шаралар мен қызметтердің күнтізбесін қоса ұсынуды қолға алсақ болады.

Оған қоса, туристердің қызығушылығын арттыратын 50-ге жуық халықаралық іс-шара да ұйымдастырылады. Олардың қатарында әкімшілік шаралармен бірге The Spirit of Tengri, Jazzystan, FourЭ, "Парад оркестров" секілді жеке бастамалар да бар. Біз аймақтағы оқиғалар туризмінің орталығы бола аламыз.

Одан басқа медициналық туризмді дамытуды жоспарлап отырмыз. Қалада өте жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсете алатын көптеген мемлекеттік және жеке емханалар бар. Тіпті, жақын шетелдерден келген науқастар да бар. Мысалы, олар жасанды ұрықтандыру рәсімінен өту үшін осында келеді. Біздің міндетіміз – барлық қызметтерді сауатты түрде сату.

Біздің қаламызға қай елдердің туристері ең көп қызығушылық танытады?

Туристердің басым бөлігі Ресей Федерациясынан, Батыс Еуропадан, Қытайдан және Оңтүстік-Шығыс Азиядан келеді. Иран мен Үндістанның нарқы біз үшін ең перспективті нарық болып отыр. Бұл елдерден келетін туристер жалпы Қазақстан мен оның мәдениетіне қызығушылық танытады. Олардың көпшілігі үшін Алматы әлі күнге дейін толық ашылмаған қала. Өйткені, ол – азиялық емес, не еуропалық қала  емес. Бұл соншалықты бас қатыратын мәселе емес. Біз Қазақстанның әрі Алматы қаласының тұрғыны болғандықтан, өз мәдениетіміз, тарихымыз, өзіміздің ұлттық тағамымыз бар екенін мақтан тұтамыз.

Мысалы, қытайлық туристер «Жібек жолы» үрдісін ұнатады. Қазақстан, әсіресе Алматы, осы Ұлы Жібек Жолының ажырамас бөлігі болды. Райымбек батыр даңғылы мен Тимирязев көшесі ең көне көшелер, олар арқылы сансыз керуендер өткен. Сондықтан, бұл бағыт туралы айтып, ақпарат беріп отырумен қоса, қарқынды дамыту керек.

Ал, кейбір туристер «кеңес кезеңіндегі Алматы» бейнесіне қызығушылық танытады. Мысалы, мен Достық үйіне бару үшін Алматыға арнайы келген туристермен жолығып, әңгімелестім. Бұл ғимараттың қандай ерекшелігі бар екенін сұрадым. Сонда, олар маған дәл осы ғимаратта Алматы декларациясына қол қою мен Тәуелсіз мемлекеттер одағын құру сынды маңызды шешімдер қабылданғанын және қырғи-қабақ соғысқа іс жүзінде тоқтату қойылғанын айтты. Яғни, қалада біздің көзіміз үйреніп кеткен көптеген архитектуралық нысандар кейбіреулер үшін құндылығы жоғары ғимарат болып отыр.

Қазіргі кезде туризмнің дамуына ең үлкен кедергі келтіретін не?

Негізгі тосқауыл – виза. Қолға алу керек істерді бастап тұрған мәселе – визалық режимді жеңілдету. Мысалы, электрондық визаларды енгізу қажет. Қазіргі таңда Қазақстанға келу үшін 67 елдің азаматына виза алудың қажеттілігі жоқ. Астанадағы халықаралық EXPO көрмесіне келген туристердің де Алматыға қызығушылық танытқанын көрдік. Екінші мәселе – ұшақ билеттері бағасын арзандату. Бүкіләлемдік туристік ұйымның басшысы Қазақстанға келген сапарында біздің елімізде көрсететін дүниелер мол екенін айтты. Бірақ, біз барынша көп туристерді тарту үшін әуе билеттерінің бағасын қолжетімді етуіміз тиіс.

Visit Almaty-ның негізгі айырмашылығы қандай? Орталық қаланың туристік әлеуетін жақсарту үшін не істейді?
Бұл жерде негізгі ерекшелік дұрыс үйлестіру мен іске асыруда болып отыр. Десе де, құрылған туристік орталық бұл саладағы барлық жинақталған мәселелерді шешуге қабілетті емес екенін түсіну қажет. Ол шешуге міндетті де емес. Бірақ, оның қаланың туристік әлеуетін ілгерілету бағытындағы нақты функционалдық мақсаты бар. Қалған мәселелердің барлығы Үкімет пен әкімдікке артылады. Қалалық туризмді дамыту біз үшін ең маңызды тапсырма. Біздің ойымызша, туризмнің барлық түрін дамыту керек. Содан кейін ғана қалыптасқан жағдайды өзгертуге және қаланың туристік қызметтерін жаңа деңгейге көтеруге болады.

Сонымен қатар, Visit Almaty Дүниежүзілік туристік ұйымымен ынтымақтастық жасайды. Осы ұйымның сарапшылары Алматыда туризмді дамыту үшін не істеу керек екенін нақты түсіндіретін бірнеше зерттеулер жүргізді.

Әрине, Алматы облысының инфрақұрылымдық мәселелері біздің құзырымызда емес деп айтудан аулақпыз. Мысалы, біз Алматы әуежайы, «Сайран» автовокзалы және басқа да осындай ғимараттардың жеке меншік екенін сылтауратып олармен ешқандай байланыс орнатылмаған деп басымызды ала қашпаймыз. Керісінше, мәселелерді анықтап, оларды бірге шешеміз. Яғни, «Сайран» автовокзалында Wi-Fi болуы керек, арзан  әрі сапалы түскі ас ұсына алатын кафе болуын ескертеміз. Ақпараттық стендтер ағылшын тілінде жасалып, қажет болған жағдайда шетелдік туристерге көмектесе алатын адам болуы керектігін мәселе ретінде қозғаймыз. Десе де, бұл  аталған жерде болуы керек негізгі нәрселер емес. Біз мәселелерді анықтап, ескертумен шектеліп қана қоймаймыз, оған шешім іздейміз. Мүмкін, біздің негізгі айырмашылығымыз да осы шығар.

Туризмді жүйелі дамыту және алматылық туристік өнімді алға жылжыту үшін келесі жылдың басында біз Алматыда 2020 жылға дейін туризмді кешенді дамыту бағдарламасын ұсынамыз.

Т. Есқали