Қазақ даласындағы сырлы өсімдіктер

Қазақ даласындағы сырлы өсімдіктер
Фото: massaget.kz, google.kz

Саяхатқа шыға қалсақ әдемі гүлдерді көріп, олардың табиғатқа тек сұлулық беріп тұрғанын білеміз. Ал олардың әрқайсысының "қызметі" барын біле бермейміз. Жабайы өсімдіктердің назардан тыс қалуына оның жиі аталып, дәріптелмей келе жатқаны себеп. Ел туризмін дамыту кезінде осы жабайы флораны есте ұстау керек. Мысалы, еліміздің таулы өлкелерінде өсетін сыр мен аңызға толы өсімдіктері жөнінде ақпарат берген дұрыс. Осы мақсатта біз де өз үлесімізді қосайық.

Тау әремі

Тянь-Шань жоталарының солтүстік беткейлерінде тау әремі (The Mountain Phlomy) қаптап өскен тұтас шалғындық жерлер бар. Тау әремі Зайсан, Алтай және Тарбағатай, Жоңғар, Іле, Күнгей және Теріскей Алатауының, Кетпен жотасының субальпілік және альпілік белдеулерінде мол өседі. Бұл дәрілік өсімдік созылмалы гастрит, тыныс алу мүшелері аурулары кезінде пайдаланылады. Ежелгі Ресейде әремнің крахмалы бар түйнектері тағамға пайдаланылған.

Күймейтін күймесгүл

Көлсай көлінің таулы шалғынында «ерең» аталатын ерекше әдемі гүлді кездестіруге болады. Оны халық ежелден «күймейтін күймесгүл» (burning bush) деп атайды. Ірі, ақ, қызғылт, алқызыл, күлгін гүлдері шашақ тәріздес гүлшоғырына шоғырланған. Оларда жанап кеткен адамның терісін күйдіріп жіберетін эфир майының мөлшері көп. Егер ыстық күні ереңге жанып тұрған шырпыны жақындатсаңыз, жарқ етіп от тұтанады да, тез сөнеді, ал өсімдікке еш зиян келмейді.

Ереңнің шөбі, тамыры мен тұқымы тұнба, қайнатпа түрінде көптеген кеселді емдеу үшін қолданылады. Жақсы балды өсімдік саналады, әрі сәндік өсімдік ретінде қолданылады. Алайда ол улы өсімдік. Оған ешқашан қол тигізуге, иіскеуге болмайды! Әсіресе, гүлдері мен тұқым орналасқан қауашағы қауіпті. Жанасқан сәтте адам ештеңе сезінбейді – оның құйтырқылығы осында. Алайда 12 сағат өткенде гүлге тиген жердің терісі қызарып, күлдіреп, екінші дәрежелі аса ауыр химиялық күйік болып шығады. Терінің көп жері жарақаттанса, адам өміріне қауіпті.

Тоғыз есе күшті емші

Медицинада андыз (elecampane) өте ертеден қолданылады. Оның емдік қасиеттері тіпті Ежелгі Грекия мен Римде белгілі болған. Ол туралы көптеген аңыздар айтылады. Мысалы, бір ер адамға сәуегей егер ұлына қол тигізсе, өлетінін ескертеді. Сол кезде әкесі көріпкелдің айтқаны орындалуына жол бермес үшін ұлын алыс бір елге апарып тастауды бұйырады. Бір жолы әкесі ұлының соғыста қылыш тиіп, ажал аузында жатқаны жайлы хабар алады. Ұлын құтқару үшін әкесі ең мықты тәуіптерді аттандырады. Бірақ олардың еш көмегі болмайды. Амалы таусылған кәрі шал ұлын өзі іздеп келіп, көзінің жасымен оның жарасын жуған екен, құдайдың құдіретімен жарасы тартылып, ұлы жазылып шыға келеді. Қуанғаннан әкесі сәуегейдің айтқанын ұмытып кетіп, ұлын құшақтай алады. Сол сәтте ол жан тапсырып, андыз гүліне айналады. Содан бері адамдар осы гүлмен емделеді.

Оның ішкі ас қорыту ағзаларын емдеуде белсенділігі жоғары. Андыз Іле Алатауында көп таралған, оны көптеген тауды альпілік шалғындарынан, орташа таулардан кездестіруге болады.

Дәрілік сабындық

Бұл көпжылдық шөптесін өсімдіктің биіктігі 90 сантиметрге жетеді. Тіп-тік, тек жоғарғы жағында ғана тармақталып біткен сабағы мен айтарлықтай ірі, хош иісті, қызғылт, кейде ақ гүлдері болады. Сабындықтың тамыры тыныс алу жолдары, бауыр аурулары кезінде, сыздауық, жара, буын аурулары мен тіс ауырған кезде ем ретінде пайдаланылады. Тамыры қайнатылған нәрсу іш ауруларында, сондай-ақ зат алмасуды қалпына келтіретін дәрі ретінде белгілі. Бұрынғы кезде дәріханаларда сабындық тамыры дәрілік құрал ретінде, сонымен қатар, кір жуатын сабын ретінде сатылатын болған. Оның тамырын күздің соңына қарай жинайды.

Сабындық (Сommon soapwort) бұталы, далалы және орманды-далалы зоналарда өседі. Алтайда, Батыс Сібірдің оңтүстігінде таралған.

Г. Берік