Еліміздегі әскери полигондар

Еліміздегі әскери полигондар
Фото: bbc.com

Әскерилердің тек  теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық жағынан дайын болуына оқу-жаттығу полигоны әрқашан тиімді. Ең әуелі, полигон дегеніміз не, соған тоқталайық. Полигон – (грек тілінен аударғанда) қару-жарақ пен әскери техникаға сынақ жүргізуге, жауынгерлік дайындықтар бойынша шаралар жүргізуге, құрлықтағы немесе теңіздегі арнайы бөлінген және жабдықталған өңір. Елімізде қандай әскери полигондар барын білесіз бе?

1. Ембі сынақ алаңы (Ресей Федерациясының 11-Мемлекеттік ғылыми-зерттеу Эмба сынақ алаңы) Ақтөбе облысының аумағында орналасқан, жалпы көлемі – 2,9 млн гектар. 1960 жылы іске қосылған сынақ алаңында кеңестің, кейіннен РФ Құрлықтағы әскерінің Әуеге қарсы қорғаныс құралдары сыналып келеді («Оса-АК», ПЗРК «Игла», ЗРПК «Тунгуска», ЗРК «Тор-М1», С-300).

2. Капустин Яр әскери сынақ алаңы негізінен Ресейдің Астрахань облысында орналасқанымен, Қазақстанның Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының да аумағын алып жатыр, жалпы аумағы – 0,40 млн гектар. 1950 жылдардан бері мұнда 11 ядролық жарылыс жасалып, 24 мың зымыран жарылды, 619 РСД-10 зымырандары жойылды. 

3. Семей полигоны (кеңестік ресми атауы – №2 Мемлекеттік орталық сынақ алаңы). Жалпы алаңы 18500 шаршы шақырым, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облысының жерлерінде орналасқан, Семейден 130 шақырым, Ертістің сол жағалауында жатыр, қазір жабылған (1991 ж). Негізі, елімізде ядролық сынақтардан зардап шеккен алаңдардың жалпы аумағы 304 000 шаршы шақырымды құрайды.

4. Байқоңыр ғарыш айлағы 2009 жылға дейін Ресей әскеріне қызмет етіп келді. Мұнда баллистикалық ракеталар мен олардың қозғалтқыштары сыналды, қазір Ресейлік РКК «Энергия», ЦСКБ- Прогресс, Хруничев атындағы ғарыштық кәсіпорын, «Южный» ғарыштық орталығы тәрізді ғылыми-өндірістік кешендер орналасқан.

5. ГЛИЦ (929-Мемлекеттік Ұшу-сынақ орталығы) кешені де Ресейдің Астрахань облысында орналасқан, бізде Торғай, Сүйіндік, Теректі және Атырауда бөлімшелері бар. Әскери-әуе күштері мен Әскери-теңіз флотының авиациялық техникаларын сынақтан өткізеді.

6. Сары-Шаған (№10 Мемлекеттік ғылыми-зерттеу және сынақ полигоны) әскери сынақ алаңы. Еуразия құрлығындағы зымыранға қарсы қаруды сынайтын жалғыз полигон. Балқаш көлінің батысында, Қарағанды және Жамбыл облыстарының жерінде орналасқан, жалпы алаңы – 81 200 шаршы шақырым. Мұнда 1 класты «Камбала» аэродромы мен бірнеше ұшу-қону жолақтары бар. Сынақ алаңында Кеңес Одағы мен Ресейдің құрлықаралық баллистикалық зымырандарға қарсы барлық Стратегиялық қару-жарақтары сыналды.

7. Ашулук – Ресейлік сынақ алаңы (Әуе қорғанысы әскерінің №42 Оқу Әскери дайындық орталығы). 20 650 гектары Қазақстан жерінде орналасқан. Зенитті-зымырандық кешендер сыналады. Еліміздің жерінде орналасқан барлық сынақ алаңдары Ресей Федерациясына ақылы түрде жалға берілген. 1998 жылғы мемлекетаралық келісімдер бойынша пайдаланушы жақ бұл жерлерді өзге субъектілерге (мемлекеттерге) субарендаға бере алмайды. Жұмысы аяқталған сынақ алаңдары қайта өңделіп, залалсыздандырылып, халық шаруашылығына жарамды қалпында қайтарылуы тиіс.

Ж. Жұмағұлов