"Қазақстан - алтын жүректі азаматтар елі"

"Қазақстан - алтын жүректі азаматтар елі"

Жақсылықты адам адамнан ғана үйренеді

Ш.Айтматов

Қатігез қоғамға шуағын шашып, нұрын төгіп жүрген кең жүректі адамдар бар. Болғанда қандай! Бұл сөзімізді алты жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан "Алтын Жүрек" қоғамдық сыйлығы дәлелдеп берді. 

"Қазақстан - алтын жүректі азаматтар елі". Бүгін Алматыдағы ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында "Алтын Жүрек" сыйлығын ұйымдастырушы комитетінің төрайымы Жұлдыз Омарбекова осылай деді. - Көбіне орташа өмір сүретін адамдар көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып жатады. Біз жағдайы бар, бай адамдардың кең жүректі адамдардың қатарына қосылғанын қалар едік. Кез келген көрсетілген көмек бізді қуантады. Тек "Алтын Жүрек" сыйлығын алу үшін ғана жасалған игі іске де қуанамыз. Мемлекет көмекке мұқтаж адамдарды емдеуге осы жартыжылдықта 11 млн-дай ақша бөлсе, алтын жүректі адамдар оларға 27 млн теңге тарту етті" - дейді Жұлдыз Омарбекова.

Жұлдыз Омарбекова

Ал "Ұлт тағдыры" республикалық қозғалысының төрағасы, саясаткер, 2011 жылы "Алтын Жүрек" сыйлығында сарапшы кеңестің мүшесі болған Дос Көшімнің ойынша, "Алтын Жүрек" сыйлығының иесін таңдау оңай шаруа емес. "Жақсылықтың үлкен, кішісі жоқ сияқты. Бәрі өз әлінше көмек көрсетіп жатқанда, сыйлықты кімге береріңді білмей қаласың. Сыйлықты шын жүрегімен жаны ашып, өз жағдайына қарамастан, біреуге көмек еткен адамға ғана беру керек деп ойлаймын. Шыны керек, елімізде сайлау болатын кезде алтын жүректі адамдар көбейіп кетеді. Шамаң жетсе, үйіңе, туған-туыс, дос-жарандарыңа көмек қолын созып тұрған дұрыс қой". 

Жұлдыз Омарбекова, Дос Көшім

"Қазақстан" ұлттық арнасындағы "Жан жылуы" бағдарламасының жүргізушісі, 2011 жылғы "Алтын Жүрек" сыйлығының "Ақпараттық қолдаушы" номинациясы бойынша лауреаты Ақбаян Сапарбаева болса, жобаның болашағының үлкен болатынына сенім білдірді. 

"Алтын Жүрек" қоғамдық сыйлығының тұсауын 2007 жылы заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов кескен болатын. Жоғарыдағы жазушының қанатты сөзі "Алтын Жүректің" ұранындай. Алты жылдың ішінде бұл сыйлық Орта Азиядағы қайырымдылық үшін берілетін ең беделді сыйлықтардың біріне айналды. Жыл сайын ол 11 номинация бойынша беріледі. 

Осы жылдың 27 қазанында Абай атындағы Опера және Балет театрында қайырымды істердің суреткөрмесі өтпек. "Алтын Жүрек" ұйымдастырушылары жанына мейірім тұнған әрбір адамның қайырымды ісін халыққа көрсетіп, марапаттауға дайын екендіктерін білдіріп отыр. 

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет автордікі

М. Оңғарова