Жұмақта өсетін жеміс немесе алманың отаны Алматы ма?

Жұмақта өсетін жеміс немесе алманың отаны Алматы ма?
Фото: facebook.com, massaget.kz

Марғұлан Сейсембаев «facebook» желісіндегі парақшасында «Алмалы жұмақ» әлеуметтік қайырымдылық қоры құрылғанын жариялады. Бұл қор алдағы уақытта ел игілігі үшін өз жұмысын бастамақ. Осы орайда назарларыңызға белгілі кәсіпкердің алма жемісін насихаттау, алма шаруашылығын дамыту мен Алматының алма өсіруге аса қолайлы табиғаты туралы айта кеткен мақаласын ұсынамыз.

***

Ұзақ жылдар бойы сауда саласында жүрген адам бизнестің тек қаржы табу үшін ғана қажет емес екенін жете түсіне бастайды. Соңында барлығы да бір-бірімен тығыз байланыста екенін ұғынады.  Бірін дұрыс бастасаң, екіншісін де дұрыс жасау керек екенін сезінеді. Осылайша, тарих, мәдениет, Отанға деген махаббат, сауда және елімізді әлемде алға ілгерілету сезімі пайда болады. Жалпы мен не жайлы айтпақ едім? Енді есіме түсті.

Маған алма, оның дәмі, түсі, оны қолмен ұстау мен мұрынды жарып тұратын иісі қатты ұнайды. Бұл жай жеміс емес. Бұл жеміс әлемдегі көптеген діндер тарихында бар. Талай миф пен аңыздарға арқау болған. Көптеген діни кітаптарда алманың жұмақта өсетіні жайлы айтылады. Алма суықта, болмаса ыстықта, ен далада, ну орманда, тіпті шөлде де өспейді. Алма таулы аймақта өседі. Бұл жеміс жылдың төрт мезгілін де «жақсы көреді», таудан аққан таза бұлақпен сусынын қандырғанын «құп көреді», жұмақтағы секілді ауа райын «қалайды». Көп халықтарда бұл жеміс туралы түрлі мақал-мәтелдер де бар.

Тағдыр маған алма бизнесі саласында қызмет жасауға мүмкіндік бергеніне қуаныштымын. Келешекте тәжірибелі табыскер болу үшін алдымен мұны зерттеп алуды жөн көрдім. Ол үшін осыған дейін бұл жеміс туралы білмейтін, білсем де назар аудармай келген дүниелерді жинақтап, зерделей бастадым. Көптеген адамдармен өткен кеңестер қорытындысы бойынша, көптеген мамандардың пікірі мен деректері бойынша, Алматы алма өсіруге аса қолайлы аймақ қана емес, бұл жемістің отаны екеніне де көз жеткіздім. Сондай-ақ әлемдегі алма сұрыптарының барлығы будандастырылған (гибрид) түрде пайда болса, Алматыда өсетін Сиверс алмасы генетикалық тұрғыдан таза саналады екен. Ғалымдар Сиверс алмасының жасын 165 миллион жылға жуық деп жорамалдайды. Америкалық генетиктер Алматыдағы Алатау мен Жоңғар Алатауына арнайы келіп, өздерінің алма сұрыптарын жақсарту үшін зерттеу де жүргізген. Француз ғалымдары да бірнеше рет зерттеуге келген. Ағылшындар болса Алматыда алманы арнайы зерттеген. Олардың барлығы да бұл аймақты алманың Отаны екенін мойындаған. Одан өзге италиялық екі тарихшы-археолог Маловодное елдімекені аумағындағы қазба жұмыстары кезінде біздегі алманың тарихы Александр Македонский туылғанға дейін 200 жыл бұрын пайда болғанын анықтаған. Көптеген елдерді аралап жүріп, біздің қайда өмір сүріп жүргенімізді түсіне бермейтінімізді сезіндім. Біз жұмақта тұрады екенбіз.

Қорытындысында бір шешімге келуді ұйғардым. Ол үшін алмалы аймағымыздың атағын аспандатып, оны тарихымызбен байланыстыру керек екен. Одан кейін мәдениет, ғылым, алма кәсібін қолға алғаннан кейін барып қана жақсы бизнестің дәмін татасың. Біз соңғы үшеуін қолға алып үлгердік. Ендігі кезекте алма тарихын жете зерттеп, жарнамалап, мәдениетпен байланыстыра таныстыру, дамыту керек. Осы мақсатта «Алмалы жұмақ» әлеуметтік қайырымдылық қоры құрылғанын жариялаймын. Бұл қор төмендегідей бағыттардағы жұмыстарды қаржыландыру мақсатында жұмыс жасайтын болады:

1. Алма жемісін қоғамда насихаттауға атсалысатын ұйымдар мен бастамаларға;

2. Алма фестивалі мен алма мерекелеріне;

3. Қоғамда алма бағын өсіру мен алма ағашын отырғызуға сеп болатын ұйымдар мен бастамаларға;

4. Сиверс пен Апорт сұрыптарын ғылыми тұрғыдан зерттеп, қайта өсіруді қолға алғандарға;

5. Алматы алманың нағыз отаны екеніне атсалысып, таныту мақсатында жұмыс жасағандарға;

Бақытымызға орай, біз жалғыз емеспіз. Бұл мақсатта жұмыс жасап келе жатқан қоғамдық ұйымдар бар. Мәселен, «Алма Qala», қалалық «AppleFest» фестивалі, «AlmaLand» балалар орталығы, және т.б. Біз барлығына көмектесеміз. Ол үшін кез келген мемлекеттік мекеме, мектеп, балалар бақшасы, кеңсе, қонақүй, мейрамхана мен қорғауға алынған аймақтарда дәмі таңдай қақтырар алма өсіруге жағдай жасауды мақсат тұтамыз. Алматы қаласына келген саяхатшы әуежайдан түсе сала қаланың алма жемісінің отаны екенін сезінсе екен дейміз.

Олай болса барлығымыз бірлесе аймағымызды алманың жұмағына айналдырайық!

Ө. Сансызбай