Талғар өзенінің жоғарғы жағында тұратын адамдарды эвакуациялау басталды

Талғар өзенінің жоғарғы жағында тұратын адамдарды эвакуациялау басталды
Фото: almatyregion-tour.kz

Талғар өзенінің жоғарғы жағында тұратын адамдарды эвакуациялау басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысындағы Комсомолка мұздығына жақын маңда жаңбырдың салдарынан Талғар өзенінде сел басталған. Өзеннің гидропосттан төменгі ағысында шығын секундына 27 текше метр болды. Айта кетейік, қауіпті шығын – секундына 45 текше метр. 

"Адамдарға қауіп төндірмеу мақсатында Талғар өзенінің жоғарғы жағындағы тұрғындар мен демалушыларды эвакуациялап жатырмыз", - деп жазылған ҚР ІІМ ТЖК баспасөз хабарламасында.

Эвакуациялауға Алматы облысы мен Алматыдағы полиция бөлімшесі, ТЖД қызметкерлері жұмылдырылды.

Сонымен қатар, тұрғындарға су тасқыны болатыны жөнінде SMS-хабарламалар жіберіліп жатыр. "25.07.2015ж. Алматы обл., Талғар аңғарында жаңбырлы сел болу қаупі бар", - деп жазылған хабарламада.

Еске сала кетейік, Қарғалы өзеніндегі су деңгейінің арнасынан асуына байланысты Қарағайлы және Таусамалы шағын аудандары ішінара суда қалып қойды. Нәтижесінде Алматы қаласына қарасты Әуезов, Наурызбай және Алатау аудандарының тұрғын үйлері зардап шекті. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, барлығы 900 адам табиғи апат орнынан көшірілді.

М. Оңғарова