Алматы облысында күн электростанциясы іске қосылды

Алматы облысында күн электростанциясы іске қосылды
Фото: depositphotos/RostyslavOleksin

Алматы облысындағы Сарыбұлақ ауылында күн электростанциясы салынып болып, іске кірісіп кетті. Құрылыс БҰҰ-ның қолдауымен жүргізіліпті. Бұл туралы Мегаполис хабарлады.

1 гектар жерді алып жатқан гелиостанция 20 метрлік 6 панельден құралған. Станция сағатына 52 киловатт электр энергиясын өндіріп тұр. Кербұлақ ауданының әкімінің орынбасары Бақберген Исабеков журналистерге берген сұхбатында: "Бұл еліміздің инновациялық даму жоспарының бір бөлігі. Қазіргі кезде станцияға екі адам бас-көз болып, жүйені басқарып отыр. Осы үшін біз алдын ала жергілікті екі тұрғынды Кореяда оқытқан болатынбыз. Алдағы уақытта станцияны коммуналдық меншікке беру жағы қарастырылып отыр", - деді.

Гелиоқұрылғының арқасында ауылда алғашқы су ұңғымасы да пайда болыпты. 130 метр тереңдіктен келіп жатқан су тұрғындардың игілігіне қызмет етіп жатқанға ұқсайды.

Тағы да айта кетерлік нәрсе мынау. Осыдан кейін Сарбұлақтықтар жаппай электротехникалық құралдар сатып алуға кірісіпті. Тоңазытқыш, теледидар секілді түрлі тұрмыстық техникалар ауылға күн сайын келіп жататын болыпты.

Гелиостанция халықаралық "Жасыл ауыл" жобасының аясында салынғандығын айта кетелік. Істің басты ұйымдастырушылары ретінде Алматы облысы әкімшілігі, "Достық-энерго" АҚ, оңтүстік Кореялық "Дайсунг энерджи" корпорациясы,  KIOCA энергетикалық агенттігі аталады.

580 мың доллар жұмсалған жоба Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы келісім-шарт негізінде жүзеге асты. Қаражат көзі шетелдік партнерлердің гранттары екендігін айта кетелік.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!