Отбасы жөн-жоралғысы

Отбасы жөн-жоралғысы

Қазақ халқының ырым-тыйымдары ұлтымыздың рухани өмірімен ежелден бері біте қайнасқаны белгілі. Қазіргі кезде олар болашақ ұрпағымыз үшін үлкен тәрбиелік мағынаға ие болып отыр. Оған мысал ретінде той-томалақтардың өз дәстүрімізге сай өтіп жатқандығын айтсақ болады. Қазақта жанұя, шаңырақ көтеру, үй тіршілігі секілді қандай ырым-тыйымдар сақталғандығын көрейік.

  • Жеті атаға толмай некеге отыруға рұқсат етілмейді. Бұл ұлт дәстүрінде туыстық қалыпты сақтау үшін, ұрпақ денсаулығының мықты болуы үшін қалыптасып, сақталған.
  • Бұрын жалғыз ұл соғысқа алынбаған. Бұл – отбасының ұрпақ жалғастығы үзілмесін деген мағына.
  • Баланың кіндігін кесу инабатты, ибалы әйелдерге ұсынылады.
  • Жиеннен нағашының жолы үлкен. "Нағашымен күрескен жиен жығылады" деген сөз қалған.
  • Өртте, індетте, апатта мал-мүлкі шығын болғандарға бүкіл ауыл адамдары, туыс-туысқандар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірлесе көмектеседі. Халық ынтымағының бекемдігі қиын-қыстау кезеңде көрінген.
  • Сырттан қосылған малды ел-жұртқа хабарлайды. Мал иесі сүйіншісін беріп, малын алады.
  • Араздасқандарды ел ағалары (ақсақалдары) татуластырады.

  • Үйге келгендер қамшысын екі бүктеп ұстайды.
  • Оттың орнын аттауға болмайды.
  • Үйленген ұлдарға әке-шешесі енші беріп, бөлек шығарады.
  • Енші алған балалар әке-шешесіне, жақын туыстарына, үлкендерге арнайы қыстан сыбаға жібереді.
  • Асарға, үмеге шақырғанда қалыс қалу өте ұят.
  • Туыс адамдар қуанышты, қазалы күндерді бірлесіп көтереді, ат салысады, көмек береді.
  • Сұрағандарға қарыз беру үлкен адамгершілік. Егер сұраған адам "Пайғамбар қарызы" деп сұраса оған үндемеу керек. Пайғамбарды ауызға алғаны оның қатты қысылып тұрғандығының әрі сөзсіз қайтаратындығының белгісі немесе кепілі.

  • Иесі сатқан малының сілекейін орамалмен сүртеді. "Мал сілекейі" деген бұл ырым мал басы кемімесін, киесі кетіп қалмасын деген ниеттен шыққан.
  • Үйге келген кісіні жылы шыраймен қарсы алады.
  • Ұзатылып бара жатқан қыз артына қарамайды.
  • Біреудің жақыны (әкесі, анасы, бауыры, баласы т.б.) қайтыс болса, сыйласқан адамдар сол кісіні үйге шақырады. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі.
  • Жігіт – қызға, жас палуан – қарт палуанға, жас ақын – аға ақынға жолын береді. Бұл мәрттіктің, қазақы қалыптың шын белгісі.
  • Көршімен жақсы тұру – жақсы қасиет.
  • Туыс-туған, ілік жекжаттармен араласып-құраласып тұру – ұлттық парыз.
  • Қарттарға сәлем беру, науқастың көңілін сұрау – азаматтық міндет.
  • Күйеуі қайтыс болған әйел жыл толмай тұрмыс құрмайды.

  • Екіқабат әйелмен айырылыспайды, сонымен ондай әйелмен некеге де отырмайды. Әйел босанғаннан кейін рұқсат етіледі.
  • Оң жақта отырып екіқабат болып қалған қыз қалыңдықсыз беріледі.
  • Кірдің суын аяқ басып жүрген, көз көретін жерге төкпейді.
  • Күлді баспайды.
  • Қиын сәттерде жолдасын жолға тастамайды.
  • Біреудің үйінде ірілік, дөрекілік жасамайды. Ондай жағдайда "Шаңыраққа қара" деп зіл айтады.
  • Үкі тағылған, яғни айттырылған қызға құда жібермейді, сөз салмайды.
  • Ұзатылған қызға жыл толмай өз үйіне келуіне рұқсат жоқ. Ол әбестік, ұят іс болып саналады.
  • Қазақ әйелі орындыққа аяғын айқастырып отырмайды.

  • Бір кісінің екі қызын қатар әйелдікке алуға рұқсат берілмеген. Тек алған әйелі қайтыс болған жағдайда екінші қызын алуға болады.
  • Үйге келген кісіге "Сен кімсің?" демейді. Қонаққа ықылас білдіріп, төрге шақыру – ата дәстүріміз.
  • Күйеу мен жігіттің төл сыбағасы – төс пен асықты жілік.
  • Жаңа түскен келінді күйеудің туыстары арнайы үй көрсетуге шақырады. Оған дейін келін ол үйге бара алмайды.
  • Келіншектің туыстары да күйеу баланы үйіне шақырады. Оны "Есік ашар" деп атайды.
  • Қонаққа үй иесі аттанарда "Бұйымтайыңыз бар ма?" деп сұрайды. Ол "Тілегіңіз, қалағаныңыз бар ма?" деген мағынада. Қонақтың тілегін орындау парыз әрі құрмет.
  • Кәрі кісілерге жұмсақ, дәмді тағам әзірленеді. Мұны "бел көтерер" деп атайды.
  • Құрдас адамдар қалжыңдасып, әзілдесіп отырады. Оны ерсі санауға болмайды. 

Оқи отырыңыз: 

Жақсы сөз – жарым ырыс

Қасиетті деп нені атаймыз?

Қазақтар жыл санауды қалай түсінген?

Қазақтың қандай салт-дәстүрлері қазір өз күшінде?

Дайындаған: Жұлдыз Телемісова

Сурет: Massaget.kz

Н. Нұрмаханұлы