6 қыркүйек – Олимпиада күнінде өтетін іс-шаралар

6 қыркүйек – Олимпиада күнінде өтетін іс-шаралар

Бүгін, 6 қыркүйек – Олимпиада күні. Атаулы күнді еліміздің барлық өңірі атап өтпек. Қазақстанның барлық қаласы арнайы бағдарлама құрып, спортқа қолдау көрсету жоспарын алға қойып отыр. 

Елордамыз Астана қаласында бүгін өтетін спорттық ойын-сауық іс-шараларының тізімін ұсынамыз.

«ZhasStar» жастар саясаты орталығы» қоғамдық қорының хабарлауынша, сағат 9.00-де жыл сайынғы Денсаулық фестивалі аясында Ауған жауынгерлеріне арналған ескерткіштің жанынан (Жұмабаев пен Мұңайтпасов көшелерінің қиылысы) «Жерұйық» саябағына дейін 1,5 шақырымға жүгіруден жарыс болады. Оған 4000-нан астам адам қатысады деп жоспарланған. 

Сонымен қатар, жас қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт көпшілік назарына ұсынылады. Ал Астана қаласының жастар саясатын қолдау мемлекеттік қоры Отбасы күніне орай «Менің бақытты отбасым» фестивалін өткізеді. Шара сағат 10.00-де «Жеңіс» аула клубында (Абылай хан даңғылы 5/1) және сағат 16.00-де «Шағала» (Мәскеу 18) аула клубында ұйымдастырылады. Мұнда шығармашылық ұжымдар, аула клубтарының би және музыкалық топтары өнер көрсетеді, жас суретшілердің сурет көрмесі, аула клубтарының тәрбиеленушілері мен ата-аналардың арасында спорттық жарыстар, сондай-ақ, шахматтан турнир өткізіледі.

Осы күні сағат 10.30-де «Арай» саябағында «Болашақ» қауымдастығы «Спорттық отбасы күшті мемлекет» атты отбасылық байқау ұйымдастырады, оған белгілі қазақстандық спортшылар мен жас отбасылар қатысады.

ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті мен Астана қаласының туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы сағат 10.00-де астаналық мәдениет және демалыс паркінде олимпиадалық күн аясында мынадай шараларды ұйымдастырады:

  • мектеп оқушылары, колледждер мен орта оқу орындарының студенттері арасында 800 метрге жеке жүгіру;
  • министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, елшілік қызметкерлері, Олимпиада чемпиондары, жоғары оқу орындарының студенттері мен ниет білдірген жандар арасында 1200 м жүгіру;
  • мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында (100 м) қол арбамен жүгіру;
  • 5-10 жастағы балалар арасында «Олимпиада жарысы» тақырыбында асфальтқа сурет салу байқауы өтеді. 

 

Ақпарат astana.gov.kz сайтынан алынды

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: bigpicture.ru, oboi.kards.qip.ru, inform.kz

М. Оңғарова