Алматыда бүлдіршіндер құстарға ұя жасауды үйренді

Алматыда бүлдіршіндер құстарға ұя жасауды үйренді

2014 жылдың 17 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану  және әлем тілдері факультеті Қазақ филологиясы кафедрасының жанынан құрылған «Инабат» рухани-мәдени орталығының жетекшісі Б.Р.Құлжанова мен қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы Д.Т.Шакирова филология мамандығының  1-курс магистранттарымен бірге Алматы қаласы, Медеу аудандық №141 балалар-бақшасында «Айналаңды нұрландыр!»  жобасымен «Менің жасыл әлемім» тақырыбында экологиялық мәдениет пен сауаттылықты тәрбиелеу, дамыту мақсатында оқу-іс-әрекетін ұйымдастырды.

Оқу-іс-әрекет барысында мектепке даярлық тобының тәрбиешісі Сабазова Ғалия Ақпержанқызы мен бала-бақша әдіскері Бөртібаева Ғалия Көшімбекқызы университет оқытушылары және магистранттарымен бірігіп балалармен  ауланы көгалдандыру, құстарға ұя жасау жұмыстарын атқарды.  

Топ ауласына түрлі гүлдер егіп, ертеңгі күні болатын наурыз мейрамы үшін ауланың  көркемдеу жұмыстарына атсалысты. Сондай-ақ, магистранттар балаларға экология тақырыбына түрлі қызықты әңгімелер мен жарыстар,  сөзжұмбақтар ұйымдастырып, балалардың қоршаған ортаға деген көзқарастарымен, қызығушылығымен бөлісті.

Қаласының тазалығына бей-жай қарамайтын бүлдіршіндердің ісі бәрімізге үлгі болды.

Жолдаған: Динара Шакирова

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Қ. Бүйенбай