Бір атау – бір тарих

Бір атау – бір тарих

Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ қазақ даласында 220 мыңға жуық өзен-көл, тау-тас атауы бар екен. Осыншама атаудың әрбірінің бойында қадым замандардан бері шертілмей келе жатқан сыр бар. Олардың шығу-тегі мен пайда болуын, мағынасын, құрылымның дамуын, қазіргі жағдайын, жазылуын және екінші тілде берілуін зерттейтін ғылым топономика деп аталады. Әлемтану айдары қазақ топономикасымен бірлесе отырып, біршама қызықты ақпарат ұсынуды жөн көріп отыр. Қазақстандағы қала атауларының шығу-тегін білген болсаңыз, жер-су атауларына үңіліп көріңіз.

Баянауыл – Павлодар облысындағы, Сарыарқаның солтүстік-шығысындағы тау және үңгір атауы. Бұл сөздің шығу төркініне қарасақ, моңғолдың "баин" дегеніне келеді. Сөз біраз дыбыстық өзгеріске ұшырап, "баян" деп аталып кеткен. Ауыл деген сөз де моңғолдың " оло, ала" деген сөзінің өзгерген түрі. Сонымен,түрік-моңғол тілдерінде "Баянауыл тауы" "байлығы мол тау" деген мағынаны білдіреді. Шындығында, Баянауыл тауынан келесі үлкен тауларға дейінгі үлкен аймақты мидай жазық дала алып жатыр. Ал байлығына келсек, Баянауыл тауының баурайы орман мен көлдерге бай ( Сабыныдкөл, Жасыбай, Торайғыр, т.б), шөбі шүйгін, шұрайлы саналады. Жергілікті тұрғындар аймақты Баянаула деп те атайды. Бұл қате емес. Себебі, Баянауыл ауылындағы Сабындыкөл мен Жасыбайды табиғаты көрікті Баянауыл тауы қоршап жатыр, олар бір аулада орналасқандай көрінеді. Мұнда Баянауыл, Найзатас атты тас мүсіндер бар.

Ұлытау – Сарыарқаның оңтүстік-батыс бетінде орналасқан тау. Онан басқа Қарағанды облысының батысында осылай аталатын аудан және ауыл бар. Көне түркі жазба ескерткіштерінде Ұлытау атауы "ұлығ", яғни, үлкен, ұлы, күшті іспеттес бірнеше мағынаны білдіреді. Бұлардың қай-қайсысы болса да, "Ұлытау" атауына сәйкес келе бермейді. Себебі, көне тілдерде "ұлығ" сөзінен басқа, "ұлық" деген сөз бірде "шоқтық", кейде "ескі, тозған" дегенді нұсқайды. Осындағы "ұлық" тау сөзімен тіркесіп, "Ұлық тау" болып кеткен. Сондықтан да, біле жүріңіз "Ұлытау" бізде қалыптасып кеткен "биік тау, үлкен тау" дегенді білдірмейді. Осы аймақта үлкенді-кішілі шоқылар көп кездесетіндіктен "шоқылы тау" дегенді айтып тұр.

Шымбұлақ – таудағы және тау бөктеріндегі бұлақтардың жалпы атауы. Алтай, Жетісу (Талғар) Алатауы, Іле Алатауы, Талас Алатауы, Күнгей және Теріскей Алатау өңірінде кездеседі. Түркі тіліндегі "шың" деген сөз "терең шатқал" деген мағынаны береді. Ол біраз дыбыстық өзгеріске ұшырап, қазақ тілінде "шым" деп айтылып жүр. Кейде төңірегін қалың шым басқан бұлақты қазақтар "шымбұлақ" деген екен. Ал түркі сөзінен жеткен "шың" "шыңырау" дегенге келеді. Қазақтар шыңның басында бұлақ болмаса, ол табиғат заңына қарсы деп есептеген. Сондықтан, түркі тіліндегі "шың" мен қазақ тіліндегі "шым" сөзін салыстырмау керек.

Тұран – Орталық Азияның солтүстік батысы мен Қазақстанның оңтүстік-батысындағы орасан зор ( 2 млн шаршы шақырым) аумақты алып жатқан құмды, сазды, шөлейтті ойпат.  Географияда мұны "Тұран ойпаты" деп атайды. Орасан ойпат аймағында Ауғанстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстанның біраз бөлігі орналасқан.

Аблакетка атауы Алтай аймағында бірнеше рет кездеседі. Соның біреуін ғана қарастырып көрейік. Алтайдағы Қалба жотасынан Ертіс өзенінің сол саласы саналатын Аблакетка аталатын өзен ағады. Бұл өзен буддалық монастырь – Аблайкит атымен байланысты деген тұжырымдар бар. Ол XVІІ ғасырдың кезеңінде жоңғар тайшысы Аблайдың ордасы болған. "Кит" моңғол тілінде (хийд) монастырь дегенді, ал Аблайкит атауы моңғол тілінде "Аблай монастырі" дегенді білдіреді.

Қапал – Алматы облысының Ақсу ауданы аумағында Қапал деген елді мекен бар. Тарихта ол Қапал уезі, Қапал қаласы деген атпен белгілі. Кейіннен бұл елді мекен Қапал ауданының орталығына айналды. Асылында, "Қапал" атауы сол кездегі "Қопалы" деген өзеннің атымен қойылған және оның "Қапал" болып өзгеруіне орыс тілінің әсері болды. Мұрағат құжаттарында бұл жерде 1847 жылы "Копалинское" деген бекініс орнатылғаны айтылады. Кейін атау орыс тіліне бұрмаланып берілген. Нәтижесінде атау мынадай болып құбылды: "Қопалы – Копалинское – Копальское – Қапал. Атауға осы жерде өсетін өсімдіктің, яғни, қопаның аты негіз болған.

Бетпақдала – Балқаш көлінің батыс жағалауынан басталатын шөлді даланың атауы. Кейбір зерттеушілер шөл даланың сұрықсыз қалпына қарай бұл атау парсы тілінің "балбахт" немесе "байдбах" сөзі арқылы жасалған дейді. Бұл сөз "бақытсыз, жаман, жексұрын" секілді мағыналарды білдіреді.

Жалғасы бар...

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: panoramio.com, gallery.ru, zoogeo365.ru, marshruty.ru