Әли Оқапов "Жыл студенті - 2013" байқауының жеңімпазы атанды

Әли Оқапов "Жыл студенті - 2013" байқауының жеңімпазы атанды

Республика деңгейінде өткен «Жыл студенті - 2013» байқауы өз мәресіне жетті. Марапаттау рәсімі Астана қаласында өтті. Жеңімпаздарды анықтауға арналған комиссия республиканың түкпірінен келген 154 сұранымды қарастырып, ішінен ең үздік 10 студентті анықтады.

Мұнымен қатар «Үздік ерікті», «Үздік спортшы», «Үздік студенттік бизнес жоба», «Үлгерімі жоғары студент», «Ең үздік волонтер», «Ең үздік журналист», «Ең үздік ғалым» марапаттары табысталды.

«Ең үздік студент - 2013» атты бас жүлде Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Әли Оқаповқа, ал «Белсенді студент» аталымы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Мұса Танақұловқа бұйырды. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті білімгері Темірлан Қолбай «Үздік спортшы» атанды. «Жас ғалым» аталымына Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Талғат Ұртамбаев ие болды.


«Мәдени кәсіпкер» аталымына «Жаужүрек мың бала» фильмінде басты рөлді сомдаған қазақ актері, Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті Асылхан Төлепов лайық деп танылды. «Үздік студенттік әлеуметтік жоба» аталымы С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің студенті Айгерім Көкееваға бұйырды. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында оқыған Ерғали Қапалов «Үздік тілші» атанды. Азамат Шәдіров «Үздік студенттік бизнес жоба» аталымын жеңіп алды. Бизнеске деген зор қызығушылығын танытқан Азамат Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттiк технология және инжиниринг университетінде тәлім алады. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Гүлнар Оразалиева «Үлгерiмi үздiк студент» атанды.

Аталымдарға ие болған еліміздің үздік студенттерін құттықтаймыз!

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Cурет: aynaline.kz. vk.com

Қ. Бүйенбай