Қазіргі студенттің жағдайы қалай?

Қазіргі студенттің жағдайы қалай?

Студенттік шақ – сөзсіз өмірдегі ең қызық, ұмытылмас кезеңдердің бірі. Бірақ студенттік жылдардың ауыртпашылығы да жоқ емес. Қаражаттың жетіспеушілігі, аш қарын, оқудағы қиындықтар... Қазіргі студенттердің жағдайы қалай? Оларға не жетіспейді?

Осы сұрақтың жауабын іздеп, біз Алматы қаласының бірнеше жоғарғы оқу орнына аттандық.

Тәжірибе жетіспейді

Массагет сайтының тұрақты қолданушысы, блогер Ақжелең Рахатдинқызы Халықаралық Технологиялық Университетінің (IT) Электронды журналистика факультетінің 2 курс студенті.

Ақжелеңнің толықтай технологиялық оқу орнында гуманитарлық "Журналистика" мамандығында оқитыны қызық. Бірақ оның айтуынша, бұл жерде тәжірибелі ұстаздар, журналистика майталмандары сабақ береді. Есесіне оларды журналистиканың барлық салаларына бірдей үйретеді: газет, теле, радио, фотожурналистика, бейнебаян түсіру, монтаждау да оның сабағында қарастырылған. Ақжелең бірнеше жылда дәл осындай, конвергентті журналистер сұраныста болады деп есептейді.

Ақжелеңнің оқуы 606 мың теңге тұрады. Ол үздік көрсеткіштер арқасында 70 пайыздық жеңілдік иесі болып, ата-анасына жақсы көмек көрсетті. Ақылы оқитындықтан, ол шәкіртақы алмайды. Автобуспен барып-келіп, жүру билетін қолданса да, күнделікті тамақтану, сабаққа қажет қағазды басып шығаруға 1500-2000 теңге жұмсайды. 

Қазіргі студентке не жетіспейді? деген сұраққа Ақжелең былай жауап берді:

"Болашақ журналистерге жақсы маман болу үшін тәжірибе көп керек деп ойлаймын. Университетте дәріс жазып отырғанша, телевидение, газет редакцияларына барып, сондағы жұмыс жағдайын көріп қайтқанды қалар едім", – дейді ол.

Қоғамдық көліктерді реттеу керек!

Келесі кейіпкеріміз – ақ халатты болашақ дәрігер Әбдіраш Балнұр. Ол Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің Фармацевтика факультетінің 4 курс студенті.

Балнұр мемлекеттік грант иегері, 15 мыңдық шәкіртақысы бар. Дәрігерге оқу әрқашан қиын болғанына қарамастан, ол медициналық компанияда жұмыс жасап та үлгереді. Балнұр күнделікті жүрісіне, тамағына 2000 тг шамасында ақша жұмсаймын дейді. Жұмысқа кешікпеу үшін көбіне таксимен қатынайды. Балнұр қазіргі шәкіртақы заманауи студентке аздау дейді. Оның есептеулері бойынша жүріс-тұрыс, тамақ пен қағаз басудың өзіне айына 30-35 мың теңге кетіп қалады.

"Оған киім мен қыдыруыңды қоссаң, сома үлкейе береді. Сондықтан қазір жұмыс істемей, студент болу қиын. Айлығым 50-80 мың теңгенің ортасында" – дейді Балнұр.

Қазіргі студентке не жетіспейді? деген сұраққа Балнұр:

"Қазіргі студенттердің жалпы жағдайлары жақсы. Сабақ жағынан тәжірибелік жұмыстар аздау деп айтар едім. Менің факультетім үшін өндірістік орындар, фарм компаниялар, тіпті дәріханаларға барып, сондағы жұмысты көрген теориялық сабақтардан пайдалырақ болар еді.

Студенттерге қоғамдық көліктер жағынан бір қыспалық бар. Кешкі уақытта жол жүру билетін жарамсыз деп, студенттерді түсіріп тастайды. Жүргізушілер мен кондукторлар үстінен тексеретін, студенттер құқықтарын қорғайтын ешкім жоқ", – деп шағымданды.

Мейірімділік жетіспейді... 

Ендігі кейіпкеріміз жас студент – Әсел Асанова. Әсел Қазақ Ұлттық Университетінің Журналистика факультетінің "Баспа ісі" мамандығының 2 курс студенті.

Әсел грантта оқып, 15 мыңдық шәкіртақы алады.  Көп балалы отбасының мүшесі ретінде мемлекеттен 7 мың теңге көмекақы алып тұрады. Жылына 22 мың тұратын жатаханада тұрып, университетке жаяу келіп қайтады. Киімнің барлығын саудамен айналысатын анасы жіберіп тұрады екен.

Қазіргі студентке не жетіспейді? деген сұраққа Әсел ұзақ ойланып:

"Барға қанағат, жағдайым көңілімнен шығады. Бірақ қалаға бірінші келгенде қала тұрғындарының ашушаңдығын сездім, оларға жылулық жетіспей тұрады. Халқымыз мейірімді, көңілдері ашық болса деймін", – дейді Әсел.

Тобында 3-ақ студент оқитын Әсел группалас, дос, құрбы жетіспейді деп шағымданбады. Соған қарағанда үшеуі жақсы дос көрінеді.

Студенттер күні құтты болсын! Студенттеріміздің жағдайы жақсара түссін деп тілейміз!

Дайындаған және суретке түсірген: Сания Аринова

С. А