Студенттер күні неге 17 қарашада тойланады?

Студенттер күні неге 17 қарашада тойланады?

Құрметті студенттер қауымы, халықаралық студенттер күні құтты болсын! 17 қараша ресми түрде студенттер күні деп аталғанымен, курстың әрі күні – сендердің күндерің. Солай емес пе? Осындай атаулы күннің тарихын біліп өтсек артықтық етпес. Неге дәл осы күн студенттер күні деп бекітілді?

Халықаралық студенттер күні (International Students' Day) 1946 жылдың 17 қарашасынан бері тойланады. Халықаралық студенттер конгресі күнтізбеде дәл осы күнді атаулы мереке ретінде белгіледі. Конгресс Прага қаласында өтті.

Студенттер күнінің өзіндік тарихы да жоқ емес. Бұл көңілді жастық шақ пен романтиканың күні болғанымен мұның тарихында көңілсіз жәйттер жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс кезімен байланысты бұл оқиға былай өрбіген болатын: 1939 жылдың 28 қазанында фашистердің басқыншылығында қалған Чехословакия елінің студенттері мен оқытушылары Чехословакия мемлекетінің құрылғанына бір жыл толуына орай (28 қазан 1918 жыл) шеруге шықты. Шеру кезінде басқыншылар студенттерге қарсы шығып, медицина факультетінің Ян Оплетал (Jan Opletal) есімді студентіне оқ атылды. Мерт болған студенттің жерлеуі 15 қараша күні өтті. Бұл кезде де шулаған студенттер тыншыған жоқ. Осы шеру кезінде он шақты студент ұсталып, қамалды. 17 қараша күні гестапашылар таңертең студенттер жатақханасын қоршап алды. Осының нәтижесінде 1200-ден аса студент қолға түсіп, біразы Заксенхаузендегі концлагерьге айдалды. Он шақты белсенді студентті ешқандай соттың шешімінсіз-ақ Рузина ауданындағы түрмеде көзін жойды. Гитлердің әмірімен чехтардың барлық жоғарғы оқу орындары соғыстың соңына дейін жабылып қалды. Осы оқиғаға байланысты 17 қараша күнін Халықаралық студенттер конгресі белсенділері студенттердің атаулы күні деп белгіледі.

Бүгіндері бұл күн әлемнің көптеген елдерінде тойланады. Жастардың мерекесі болғандықтан, бұл күн студенттер қауымына өте танымал.

Ендеше, студенттер, мереке құтты болсын! Әр күндеріңіз білім мен жарқын естеліктерге толы болсын!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: Ақерке Таменовадан

А. Әбілхан