«Таңбалы» бізге болмаса да, ертеңге керек...

«Таңбалы» бізге болмаса да, ертеңге керек...

Адамзат деңгейінде маңызы болғаны үшін ЮНЕСКО қорғауына алынған «Таңбалы» деген ашық аспан астындағы мұражайдың барын, оның бойында бірнеше миллениумнан сыр берер тарихымыздың, өркениетіміз бен мәдениетіміздің тасқа қашалған айнасы барын білесіз бе?

Алматы қаласының солтүстік-батыс бағытындағы 170 шақырым жердегі Таңбалы тасқа баруға, көруге бір топ журналист жолға шықтық. Жолдың нағыз машақаты діттеген жерімізге 40-50 шақырым қашықтық қалғанда басталды. Ойдым-ойдым асфальт тарихпен «жүздесуге» бара жатқан біздердің бетімізді қайтарған жоқ. Жол қуып, жеткеніміз сол еді, бір топ адам емен-жарқын амандасып, шашу шашты. Арасынан сөз сұрағаны домбыраны күмбірлетіп, таныстық-білістігімізді әнмен ашып берді. Олар «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің қызметкерлері екен. Директоры Ерлік Әлімқұлов сөз бастап, биыл бұл қорық-музейдің 10 жылға толып отырғаны, сондықтан өткеніне есеп беріп, келешегіне жоспарын айту үшін республикалық БАҚ тілшілерін арнайы шақырғанын айтты.

"Үмбетәлі" музейінің директоры әрі ақынның туған немересі Әуелбек Ысқақов қонақтарға арнау айтуда

Сонымен, экскурсиямыз кейінгі қола дәуіріне жататын (б.з.д.12-10ғғ.) жазық алқаптан басталды. Мұнда түрлі дәстүр бойынша адам жерлеу рәсімдері өткені белгілі болды. Әрмен қарай петроглифтердің сақталған ең көп бөлігі – қорық-музейдің орта тұсына жалғасты. Мұндағы тас бетіндегі таңбалар көбіне аяқталмаған, жартылай салынған (немесе өшіп кеткен). Оларда жануарлар мен адамдар бейнеленген. Қорықтағы ең үлкен – 70 сантиметрлі таңбалар да осылар.

Музей қызметкері Шарипов Ринат тас бетіндегі суреттердің ерекшеліктері жайында тоқталды

Таныстырушымыздың айтуынша, қорық-музейдің қорғауға алынған жалпы аумағы 3800 гектар екен де, оның 9 гектары аса маңызды тарихи орын болып саналады. Мұнда тек жаяу жүруге болады және туристер таулы-тасты жерге лайықталған киім киюі тиіс екен. Туристік маршрут (көрілім алаңы) 3000 метрге дейін жетеді. Сонымен қатар, демалуға арналған орындықтар мен саялықтар жаңадан қойылған...

Мұндағы қоныстар, молалар, ертедегі тасқа қашалған орындар, петроглифтер және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) бейне бір ерте дәуірге еніп кеткендей әсер қалдырады. Мұнда ғалымдардың айтуынша, таңбалар саны 5000-ға жетіп жығылады. Қола дәуірінен бастау алып, біздің экскурсиямыздың соңы хронология бойынша орта ғасырларға дейін жалғасты.

Бірінші рет бұл жәдігерлер 1977 жылы Анна Григорьевна Максимовнаның жетекшілігі бойынша жасалған экспедицияда зерттелген екен. Кейінде зерттеушілер Алексей Марьяшев, Зейнолла Самашев және Алексей Рогожинскийлер бұл тақырыпқа көптеген еңбектер жазыпты.

Екінші топта 400-ге жуықы тасқа салынған суреттер бар. Таңбалы петроглифтерінің көне және ең айқын топтамасын білдіретін қола дәуір (б.з. дейінгі ХІV-ХІІІ ғғ.) кескіндемелері көп. Олардың қатарына жабайы аңдардың (бұғы, жылқы, өгіз, қасқыр және т.б.) сонымен бірге антропоморфтық фигуралар, атап айтқанда фантастикалық (бетперде киген садақшы, «жасанғандар») кескіндемелер жатады. Суреттер ірі (25-75 см), терең әрі айқын салынған. Жануарлардың сақ кезеңіне жататын «аң стилінде» жеке кескіндемелер б.з. дейінгі І ғасырда пайда болған деседі музей мамандары.

Ал ІІІ топта 400-ден аса тасқа салынған кескіндемелер бар. Қола дәуірдегі кескіндемелер (б.з. дейінгі XIV-ХІІІ ғғ.) басымырақ, ал көбі кейінгі кезеңдерде жаңартылыпты. Олардың қатарына жабайы аңдарға аңшылық жасау көріністері (құландар, тау ешкілері), өгізді құрбандыққа шалу және т.б. көріністер жатады. Тасқа ойып, қашап салу өнерінің ең үздік туындысы ретінде өгізге мінген «күн басты құдайлардың» және «буаз» сиырдың бейнелері болып табылады екен. Кейінгі қола кезеңіне (б.з. дейінгі ХІV-ХІІІ ғғ.) адамның құрбандық шалу көрінісі жатады. Сақ кезеңіне жататын (б.з. дейінгі V ғ. ортасы) «аң стиліндегі» жануарлардың бейнелері және балта ұстаған сарбаздардың әскери биінің көрінісі кіреді.

ІV және V топтарда 1000-нан аса тасқа ойып салынған суреттер бар. Мұнда да көбіне жануарлар бейнесі бейнеленген. Олар денесінде жолақтар бар өгіздер, жылқылар, қабан және т.б. жануарлар. Бір ерекшелігі, әскери арбалар мен түйеге жегілген әскери жүк арбалар, сонымен бірге антропоморфтық фигуралар, олардың қатарында «күн басты» құдайлар кескіндемелерінің бірнеше ірі композициялары жатады.

Моңғол тастарындағы «бұғышылар» стиліндегі және сақтың «аң стиліндегі» бұғылардың кескіндемелерінен тұратын композициялар б.з. дейінгі І-мыңжылдықтың бірінші жартысына жатқызылыпты.

Орта ғасырларда басының айналасында сәуле түріндегі нимбасы бар «той-думан кезінде отырған» антропоморфтық құдайдың, атты жасақшылардың, бұғылардың, сонымен бірге, түркі тайпалар таңбаларының кескіндемелері бар.

VI-топта 250-ден аса тасқа ойып салынған суреттер бар. Ерте темір дәуірдегі петроглифтер басымырақ, әсіресе ортағасырлық суреттер аңшылық көрінісі, ту ұстаған атты жасақтар сонымен бірге тайпаларының таңбалары көп.

Түркі петроглифтерін көбіне көне композициялар толықтырады, қола және ерте темір ғасыр суреттері көбірек сақталған.     

Таңбалы тастың бетіндегі бейнелер әртүрлі.

Онда қазірде кездесетін бұғы, елік, жылқы суреттері болса, кейде күн басты адам секілді өзге танымдық бейнелер салынған.

Жылқы үстінде отырған адамдар, бір ошақ басында билеп жүрген адам суреттері де бар.

Әскерилер сынақ жасап, бизнесмендер әк алуда

Тарих, дала өркениеті мен мәдениеті дәл осы тастардың бетінде қашалып салынған. Кейбір бейнелер уақыттың, табиғи жағдайлардың себебінен бүлінсе, кей жағдайда тіпті жергілікті жақын маңдағы тұрғындар мен келушілердің де жауапсыздығы тарихи деректерді бүркемелеп жатыр. Оны қойсаңыз, кеңес  өкіметі тұсында да түрлі әскери сынақтар мен жаттығулар алаңына айналыпты. Қоршауға алынған аймақтың солтүстігінде жолсызбен жүріп жатқан бірді-екілі жүк көлігін байқағанымызда мұны гид-таныстырушымыз әлдеқандай әк (известь) алынатын орынның да барын айтып қалды. Бастапқыда айтып өткен сапасыз жолдар сол жүк көліктерінің кесірінен екен, сөйтсек.

Әйтсе де, мұнда адамдар кей құдіретке сенгеннен келеді дейді жолсерігіміз. Талға, тасқа байланған шүберектер де болған екен, тек оларды кейін алып тастауға тура келген. Тіпті бір жапондық туристер келіп, өзгеше бір әсер алғандығын, өзін жеңіл сезініп, бір рахаттанғанын айтқан.

Ерлік Әлімқұлов журналистерге мәселенің мән-жайын түсіндіріп жатыр

Ендігі мәселе, қорық-музей директорының айтуынша, журналистердің алдында тұрған сыңайлы. Себебі өзіміз емес, өзгелер қызығып отырған тарихи жәдігерлер тыңдар құлақ пен көрер көзге арналуы тиіс екен. Мұнда да осындай жердің барын, маңызының жоғары екенін насихаттау аз. Аспан асты мұражайының қызметкерлері дайын өнімді жарнамалау ісінде ақсап жатқанымызды және бұл мәселеге назар салмайтындарға өкпелі екенін жасыра алмады. Сонымен қатар, Ерлік Әлімқұлов бастаған музей жанашырлары келешекте жасалатын істері тізілген жоспарымен бөлісті. Онда бірінші кезекте жол жөндеу ісі қолға алынатындығы айтылса, кейін туристерге арналған қонақ үйлер, бас кеңсе ашуды көздеп отыр екен.

Ашылғанына 10 жыл болған қорық-музейді аралап қалжыраған журналистерге музей қызметкерлері арнайы дастархан жайып, қазақы қонақжайлылығын да танытты. Қайтар жолға шыққанымызда да бұл жердің неліктен өзімізге, қазақстандықтарға керек болмай жатқанын түсіне алмадық. Түсініксіз тағы бір жәйт - тасқа қашалған таңбалар жойылып кету алдында тұр, ал бұл істің мемлекеттік деңгейде қарастырылмай жатқаны. Әйтсе де, керек емес болып отырғаны мәлім. Таңбалы бізге болмаса да, ертеңге керек қой...

Автор: Ардақ Құлтай

Сурет: автордан

А. Құлтай