Фотоөнер тақырыбында тұңғыш қазақ сайты ашылды

Фотоөнер тақырыбында тұңғыш қазақ сайты ашылды

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде «Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері»  фотоальбомының және рhotooner.kz сайтының тұсаукесері болып өтті.

«Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері» фотоальбомы – 1930-2000 жылдар аралығындағы тарихи тұлғалардың портреттерін, басқа да тіршілік көріністерін фотосурет арқылы тарихта қалдырған Рысқали Дүйсенғалиев, Петр Редько, Бекмұханбет Тілекметов, Жүсіпбек Пайызов, Қайрат Мұстафин, Нұрғожа Жұбанов, Сиез Бәсібеков, Сайлау Пернебаев, Дендербай Егізов, Алашыбай Есмағанбетов, Нұрманбет Қизатұлы, Рахымбай Ханалы сынды 12 ардагер фотошежірешінің еңбектерінен құралған энциклопедия. 

Фотоальбом «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлының бастамасымен құрастырылып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік тапсырысы бойынша, «Өнер» баспасынан шығарылды.

Сонымен қатар «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігінің ресми сайты ашылғанынан да хабардар еткіміз келеді. Рhotooner.kz еліміздегі мемлекеттік тілде фотография, фотожурналистика саласына арналған алғашқы сайт болып отыр. Енді кез келген оқырман сайт арқылы бірлестіктің атқарған жұмыстары мен басқа да жаңалық, хабарлардан ақпарат алу мүмкіндігіне қол жеткізбек. Сондай-ақ сайт фотодәрістер өткізу, фототехникалардың жаңа түрлерімен таныстыру, фото әлеміндегі жаңалықтар мен мақалалар жариялау және орталық фотомұрағат құру бағыттары бойынша қызмет көрсетеді.

Сайттың ашылуы мен тұсаукесердің өтуіне демеушілік көрсеткен - «Bank RBK» акционерлік қоғамы.

 

Кешті әл-Фараби атындғы қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің деканы Өмірхан Әбдиманұлы ашты.

Әрі қарай кеш тізгіні журналистика факультетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сағатбек Медеубекұлына тапсырылды.

Күйші Талап Қараш өзінің туындысы «Күй-Мұқағалиды» тартып берді.

Мемлекттік сыйлықтың иегері, ақын Темірхан Медетбек: «Бұл өте жақсы бастама екен. Енді әрі қарай жалғаса түсуге тиіс. Бірнеше циклды кітапқа ұласуы керек».

 

 

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Бауыржан Жақып: «Қазақ даласында алғашқы суреттердің бірін Шәңгерей Бөкеев Бөкей Ордасында түсірген екен деген дерек бар. Фотосуретшілер ұлы тұлғалардың суреттерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетіп отырады. Бұл фотоальбом ертең ұлы тұлғалардың мүсіндерін жасағанда аса қажет болады. Мына кітаптың ішінде халықтың баға жетпес байлығы жатыр. Қазіргі заман фотожурналистиканың дамитын заманы. Сондықтан фотожурналистердің авторлық құқы қорғалуға тиіс. Ал, фотожурналистикада оқитын студенттер ағаларының еңбегін насихаттауы қажет».

«Bank RBK» акционерлік қоғамының Басқарма төрайымы Марпу Жакубаева: «Bank RBK» акционерлік қоғамы «ФОТОӨНЕР» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жұмыс жасап жатыр. Біз бірлесе отырып Рhotooner.kz сайтын ашып жатырмыз».

Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Жанарбек Әшімжан: «Алдымен бұл фотоальбомның халыққа таралуына қолдау көрсеткен «Bank RBK»-ға алғыс айтамыз. Фотожурналистердің еңбегі көп жағдайда елене бермейді. Біз оны жәй фото деп емес, өнер деп қарауға тиіспіз. Біздің Жазушылар Одағында да ағаларымыздың дүниелері бар. Солардың бәрін жинап, біріктіруге бәріміз ат салысайық. ҚазҰУ-дың журфагынан фотожурналистика мамандығының ашылғанына қуандық. Асылхан аға бастаған кейінгі буын өкілдеріне алғыс айтамыз».

Саясаттанушы, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым: «Журналистикада мынадай «әділетсіздік» бар. Көп жағдайда мақала жазған журналистің еңбегі еленеді де, суретке түсірген адам сыртта қалады. Керек десеңіз кейбір көпіртіп жазған мақаланы бір суретпен бере салуға болады. Әрбір кадрдың құны бр. Ақпараттың тасқындаған заманында біз осыған көңіл бөлуге тиіспіз. Ауданда, облыста жүрген фотосуретшілердің басын қосу қажет. Айрықша қырағылықты қажет ететін өнер ғой. Игі бастама жалғасын таба түссін».

 Фотосуретші Сиез Бәсібековтың жары Кәусария апай сөз сөйледі.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қамбар Атабаев өз ойын білдірді.

Қорытынды сөз ардагер журналист Мамадияр Жақыпқа берілді.

«Қазақ баспасөзінің фотошежірешілері» кітабы

Кештен соң фотошежірешілердің рухына ас берілді.

Кеш алдында журналистика факультетінің фойесінде фотосуретшілердің әр жылда түсірілген туындыларынан көрме ұйымдастырылды:

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Шерхан Талапұлы

Ш. Талап