Шиенге барғанда... (жолсапар очеркі)

Шиенге барғанда... (жолсапар очеркі)

«...Зулатып келеміз, мамыр айының жайма-шуақ әдемі бір уақыты. Алматы-Бішкек тасжолынан кері бұрылып, тау жаққа беттедік. Бағытымыз Шиен ауылы. Жол да кедір-бұдыр бола бас­тады. Машинаның жылдамдығы бұрынғы қарқынынан төмендеді...»

Қоғам қайраткері, киноактер Нұрлыбай Есімғалиевтың Қазақстан киносының майталман режиссері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Қанымбек Қасымбеков жайлы жазған естелігі осылай басталады...

«Қазақстан Фермері» Қоғамдық Қорының директоры Владимир Геннадьевич Левин, Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Қанат Шанбаев, үшеуіміз Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Шиен ауылына жол тарттық. 

«Алатаудың бөктеріндегі Суықтөбе де бізбен жарысып келе жатқандай. Қалыспайды. Біз жақындаған сайын Суықтөбе шалқалап, асқақтана түседі. Әр кез осылай...»

Сол күні сағат онда «Жайылымды тиімді пайдалану» бойынша фермерлер мен ауыл тұрғындарына семинар, түстен кейін жоба аумағымен танысу жоспарланған. Семинар Жаһандық Экологиялық Фондының Шағын Грант Бағдарламасы жобасы негізінде, БҰҰДБ қолдауымен жүзеге асырылды.  Жобаның мақсаты – фермерлерді табиғи жайылымдарды сақтауға және жер ресурстарын ұзақ уақыт бойы тиімді пайдалануға үйрету. Ауылдағы жайылымдардың дегредацияға ұшырау көрсеткішін төмендету, жайылым айналымын қалыптастыру. Ол үшін ауылшаруашылығында малдардың санын көбейту, суаттарды қалпына келтіру, табиғи жайылымдардан өзге қорек ретінде жем егістіктерін көбейту қажет екен. Сонымен қатар, халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында омарта шаруашылығын дамыту да қолға алынды.

Ауылдың басты байлығы кең жайылымдары. Халқы бұрыннан мал шаруашылығымен үзбей айналысып келеді. Қазір тұрғындар шаруашылықтарын кеңейтіп, мал санын арттыруды көздеп отыр. Алайда жайылымдарды тиімді пайдаланбағандықтан біраз қолайсыз жағдайлар туындаған. Қыс және күз айларында малдарға азықтың жетіспеуі жайылым жерлерді тиімсіз пайдалануға алып келді. Семинар өткізудің бір себебі де осы болатын. Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Қанат Шанбаевтың айтуынша: «Шиен аумағында барлығы 188 млн гектар жердің 46 млн гектары тозған жерлер. Егер жоба уақтылы жүзеге асырылмағанда, 5 жыл ішінде бұл көрсеткіш 80%-ға жету қаупі болған».

Шиен, ол қай Шиен?!

Шиен ауылдық-округі Алматы облысы, Жамбыл ауданының оңтүстік-батыс бөлігінде, аудан орталығы Ұзынағаштан 38 шақырым қашықтықта орналасқан. Оған Шиен және Қоғамшыл елді мекендері қарайды. Ауыл 1912 жылы «Пригорное» ауылы болып құрылған. Қазір Шиенде 2542, Қоғамшылда 243 адам тұрады. Барлығы 618 отбасында 2785 адам өмір сүруде.

13 жыл ауылды басқарған бұрынғы әкім Әділжан Байсариевтің айтуынша, ауылдың «Шиен» аталуының себебі ХХ ғасырда өзге ұлттардың Қазақстанға жер аударуымен байланысты «ши» және «енген» деген тіркестерден құралған. Бұрынғы кездері шие де көп өскен екен. Ауылдың аталуы сонымен байланысты болуы да мүмкін.

Бұл ауылда Бәйдібек бабадан тараған Өтеп ұрпақтары тұрады. Басқа ауылдан ерекшелігі, мұнда оралмандар кездеспейді. Барлық тұрғындар бір атаның балалары болғандықтан, мұнда бауырмалдық пен сыйластық ерекше сақталған. 

Жалпы ауыл халқы мал шаруашылығының арқасында күн көріп отыр.  Шиеннің барлық жер ресурстары  49853 гектарды құрайды. Оның 2228 гектары егістік жерлер, 201 гектар шабындық. Ал 45123 гектары жайылым жерлер. Ол барлық ауылдың  90,5 %-н құрайды. 2011 жылғы мәлімет бойынша, барлығы 2620 мал бар. Оның 850-і ірі қара, 8180 қой, 830 жылқы.

Сондай-ақ, Шиен тұрғындары сүтті «Райымбек Агро» компаниясына өткізеді. Ауылдың жеке сүт, сыр зауыты жоқ. Сүт тасымалдаумен жеке шаруа қожалықтары айналысып отыр.

Бал арасы және Жақыпбек ата

Бал тек адам ағзасына ғана емес, ауылшаруашылығына да пайдасы зор. Бал аралары жайылымдарда пайдалы шөптердің ұрықтарын таратады. Жоба аясында ауылда омарта шаруашылығы қолға алынды.

Қазір Резник Николайда 36, Жаманов Жақыпбайда 25, Бапиев Қуанышбай 25, Абылқасымов Ерікте 15 ара ұялары бар.

1 келі балдың бағасы 1500 теңге, демек 3 литрлік банкі бал 6 000 теңге болады екен. Жаманов Жақыпбай: «Бір жыл бойына, біздің үйде ешкім тұмаумен ауырған жоқ. Біз суық тию деген ауруларды білмейміз. Себебі, біздің дастарханнан бал үзілмейді» дейді.

Мұнда өз кәсібінің бүге шүгесіне дейін меңгерген фермерлер өмір сүреді.

Қазіргі таңда омарта арқылы жайылымдар ғана емес, халықтың жағдайы да жақсарып келеді. Бал сатып алушылардың көбі алматылықтар екен.

Жолбасар атаның бастауы

Жоба негізінде Шиен ауылы Суықтөбе асуында ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету және малдарды суару үшін бастау іске қосылды. Фермер Жолбасар Мантаев: «Барлығымыз, үлкен қариядан кішкентай балаға дейін, су ішкенде осы жобаға үлкен рахметімізді айтамыз. Бұл жоба тек экологияны сақтауға ғана емес, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, ауылшаруашылығын дамытуға көп әсер етті» дейді.

«Бастау суын іше берсең шөлің қанбайды. Болашақта табиғи суды сатылымға шығарсақ деген ниетіміз бар» дейді ауыл әкімі Еркін Иманбаев. Еркін Жайлаубайұлы тамыздағы әкімдер сайлауынан кейін тағайындалған жаңа әкім.

«Жоғалған апорт»

Шиенде Алматының алмасы қайта өсірілді. Алма бақшалары қайта егілді. Ауыл тұрғындарының дастарханы алма, өрік, шие шырынына толы. Әр үйдің шатырынан алмақақты да көруге болады. Олар тек табиғи таза азық-түлікті пайдаланады. Алайда, Алматы қаласын алмамен, сүтпен, етпен қамтамасыз етуге бір Шиеннің қауқары жетпейді. Қытай, Өзбекстаннан келген алмалар әлі де нарықты жаулап отыр.

«Қазақстан Фермері» Қоғамдық Қорының директоры Владимир Геннадьевич  Левиннің айтуынша, жобаны Шиен аумағында жүзеге асыруға тұрғындардың ұйымдастырушылығы мен еңбекқорлығы себеп болған. Жобаға өтініш білдіруші де Шиен ауыл-округінің «Жайылым комитеті».  Ол 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Дамыту Бағдарламасы негізінде құрылған. Мақсаты – ауыл тұрғындары арасында насихат жұмыстарын жүргізу, табиғатты тиімді пайдалануға үйрету, фермерлерді ақпараттандыру.

Комитет ауыл ақсақалдарын, жастарды, барлық тұрғындарды қамтиды. Осы уақытқа дейін комитет ауыл әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. «Жайылым Комитетінің» төрағасы Тұрысбек Байшелеков айтуынша: «Кәсіби дайындықтың жетпеуі салдарынан арнайы жас мамандар саны аз. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі агрономдар мен ауыл шаруашылық мамандары. Аталмыш оқыту жұмысы барлық фермерлердің жұмысын жақсартуға, жайылымдарды тиімді пайдалануға көп көмек береді»

Ауылдағы білім мен тәрбие ордаларының қатарына Шиен орта мектебін, Қоғамшыл бастауыш мектебін және «Қарлығаш» балабақшасын жатқызамыз. Шиен орта мектебін Дінмұхаммед Қонаевтің өзі келіп ашқан екен. 

Заман өзгеріп барады. Уақыт зулап ағады... Ал сол бір таудың етегіндегі кішкентай ғана ауыл әлі де бала қалпында... Кішкентай ауылың қонақжайлығы, ата-әжелердің ыстық ықыласы мен бала көңілі мені тәнті етті. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарының арқасында қазақтың қонақжайлығы әрдайым сақталады...

Қазақтың кең даласынан дарыған дархан көңіл-ай...

Шиеннен Алматыға қарай жол тарттық...

«Алатаудың бөктеріндегі Суықтөбе де бізбен жарысып келе жатқандай. Қалыспайды. Біз жақындаған сайын Суықтөбе шалқалап, асқақтана түседі. Әр кез осылай...»

Артымызда ауыл халқы қол бұлғап қалды....

Жолдаған: Сәния Әбдіғапар

Сурет: автордан

А. Құлтай