Семинар сізге не берді?

Семинар сізге не берді?

Бүгін, 16 қазан күні Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастырумен өткен "Ақпараттық кеңістікте қазақ тілді тұтынушылардың белсенділігін арттыру жолдары" атты республикалық семинар қатысушылары "Семинар сізге не берді?" деген сұраққа жауап береді.

Алмас Алтай, "Қазконтент" АҚ жобаларды басқару департаментінің бас маманы: 

Аз айтылсын, көп айтылсын әр жиында әйтеуір бір жақсы әңгімелер айтылады. Тіл комитетінің басымызды қосқанына разымын. Тек есеп беру емес, пікірталас кезінде тым тәуір әңгімелер айтылды. Әсіресе, мемлекеттік органдардың өкілдері мен медиа сарапшылар біраз озық ой айтты. Білім, мәдениет министрлігіне қарата ұсыныс берілді. "Қазконтенттің" жаңа ұсыныстары да талқыға түсті. Әдебиет, Тарих порталдарына жылы пікірлер айтылды. Қазақ тілінің жоқтаушылары бар екен, интернеттің тілі болардай мүмкіндігі бар екен. Сенгім келеді... 

Жұмамұрат Шәмші, "Шын" порталының өкілі:

Қоғамдағы қордаланған мәселелерді қамтитын ғаламтордағы қазақтілді тұтынушылардың белсенділігін арттыру жолдары бірігу нәтижесінде шешіледі. Біраз ақпарат алдық. Бір мүддеге жиылсақ, үлкен күшке айналамыз деп сенемін. 

Семинар спикерлері

Айман Ысқақова, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі:

Маған осы отырыс дүниенің жаңа қырын танытты. Қазақ сайттары туралы көп ақпарат алдым. "Жаңа медиа" деген ұғымды түсіндім. Мемлекеттік тілге деген құрмет қағаз бетінде не сайт бетінде болсын, жанұядан басталуы тиіс. Осындай жиындар қазақ тілінің жанашырлары көп екенін білдіреді.

Шерубай Құрманбайұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті төрағасының орынбасары:

Қоғамдық сананы дұрыс арнаға бағыттау интернет журналистиканың арқалаған жүгі. Ештеңе шешпейтін адамдар да бар. Кәсіби мамандар үндемей мәселені шешіп жатады. Сондықтан осындай кәсіби мамандардың баяндамаларын тыңдап, өзім үшін үлкен азық алдым. Қаншама маңызды мәселелер айтылды?! Маңызды, мәнді сәт деп санаймын. 

Арнайы Массагет.кз үшін Астанадан: Мейіргүл Оңғарова

Басты суретте семинар спикерлерінің бірі Асхат Еркімбай сөйлеп тұр 

М. Оңғарова