Ақтолқын Әбішева: "Алар асуымыз әлі алда"

Ақтолқын Әбішева: "Алар асуымыз әлі алда"

– Өзіңізді таныстырып өтсеңіз, қай жақтың тумасысыз, қазір қандай қызметтесіз?

– Менің есімім Әбішева Ақтолқын Мұсаханқызы. Михайловка ауылында дүниеге келгенмін. Қазірде «Самұрық-Энерго» АҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің бас менеджері қызметін атқарамын.

– Оқыған оқу орындарыңыз жайлы айтсаңыз.

– 2003 жылы М.Әуезов атындағы №128 қазақ орта мектебін бітірдім. Кейін Халықаралық бизнес университетіне «Әкімшілік басқару» факультетінің «Қаржы және несие» мамандығына түстім. Университетті үздік бағамен тәмамдаған соң қаржы саласының бакалавры атандым. Кейін, 2009 жылдан бері кәсіби бухгалтерлердің сертификатталған ассоциациясының (АССА) студентімін. 

2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының жүлдегері атанып, Канадаға магистратура оқуға баруым керек болған, бірақ белгілі бір себептерге байланысты шәкіртақыдан бас тарттым.

– Бала күнгі арманыңыз қандай? Қазір мақсатыңыз бар ма?

– Балалық шағымда, бәлкім әрбір кішкентай қыздар сияқты, шетелде оқуды, дәрігер болуды армандайтынмын. Ал қазір қаржы саласында еңбек етемін. Өз ісінің кәсіби мамандарымен араласамын және өзімнің мамандық таңдауда қателеспегеніме көзім жетіп келеді. Әрине, арманым да бар, мақсаттарым да баршылық.

– Компания жайлы бірер сөз, бұл қызметке қалай келдіңіз? Әріптестеріңізбен қарым-қатынасыңыз қалай? Жоғарғы оқу орнында қандай мамандықта оқыдыңыз? Арманыңыз осы сала ма еді? Еліміздегі Жоғарғы оқу орындары туралы айтып өтсеңіз...

– Халықаралық аудиторлық компанияда жинаған 3 жылға жуық тәжірибемнен кейін «Самрұқ-Энерго» АҚ еңбек жолымды 2010 жылы бастадым. Атқарып жүрген қызметім менің негізгі мамандығыма сәйкес. Айтып өткенімдей, қаржы саласының бакалаврымын. Аудиторлық компаниядағы жұмысым есеп және аудиттің негізін үйретіп қана қоймай, компанияны іштей білуге мүмкіндік берді. Қазақтандағы білім жайлы айтар болсам... Қазір Қазақстанның үздік ЖОО-да, Ресей, Еуропа елдері мен АҚШ-та сапалы білім алуға барлық мүмкіндіктер бар. Жыл сайын білім беру ордалары жайлы көрмелер өтеді, тәжірибе жинақтап, тренингтер өтуге арналған түрлі бағдарламалар да бар. Менің ойымша, ең бастысы жалқауланбай, әрдайым өз-өзіңді жетілдірумен айналысу керек.

– Қалай ойлайсыз, қызметін жақсы жасайтын адам қандай болуы керек?

– Әрине, ең бастысы өз ісіңнің шебері болу керек және кез келген жағдайда адамгершілігіңді жоғалтпай, өз наным-сеніміңе берік болу.

– Астана қаласы сіздің көзіңізбен, яғни Астана қаласын сүйесіз бе? Қандай мәдени жерлерін ұнатасыз? Бұл қаламен қандай ерекше сезімдерді есіңізге түсіре аласыз?

– Алматы қаласында өскеніме қарамастан, түрлі іс-сапарлар мен саяхаттардан оралғанда, туғанымдай болып кеткен, өзім тұрып жатқан қаламен қауышуға асығамын. Астана - жас әрі тез дамып жатқан қала. Осы қалада тұрып жатқан үш жылда, Астанаға әбден бауыр басып қалдым. Жағалау, саябақтар, жаңа мешіт, Бейбітшілік және келісім сарайы... Бұл тізімді ұзақ жалғастыра берсе болады. Қазір Астана – жарқын және заманауи мегаполис қана емес, қазақстандықтардың үміті мен келешегін арқалаған қала.

– Шет елдерге шыққансыз ба? Шықсаңыз қай елдерде болдыңыз? Оларды Қазақстанмен салыстырып көріңізші.

– Жұмыс бабымен көптеген елдерді араладым. Іс-сапармен Ұлыбритания, Швейцария, Гонконг және т.б. елдерде болдым. Алған әсерім... Бізге көп жұмыс істеу керек, алар асуымыз әлі алда.

– Қазақ жастарына айтарыңыз...

– Барлық қалауымыз бізге қажырлы еңбекпен келеді. Мақсаттарымыз бен келешек өмірге байланысты тапсырмаларды нақтылап, айқындап алып, әрекеттену керек.

Әңгімелескен: Ардақ Құлтай

А. Құлтай