Алматыдағы Конституция күні

Алматыдағы Конституция күні

Бүгін – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Мемлекеттің, оның ішінде қоғамның тынысын, елдің қатынасын реттеуде тәуелсіздігіміздің айғағы – тірек заңымыздың алатын орны ерекше. Қай заманда да, қай қоғамда да елді тәртіпке салатын, халықтың қамын күйттейтін бір заңның болуы шарт. Онсыз ешбір елдің түтінінің түзу шықпасы анық. Біздің Ата Заңымыз да Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі.  Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз.

Ата Заңымыздың қадір-қасиетін түсінген алматылық тұрғындар да айтулы мерекені атап өту үшін бүгін Абай алаңына жиналды. Медеу ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шараға жиналғандардың көңілдері көтеріңкі. Алматыдағы ақ жауын мен ызғарға қарамастан күмбірлеген күйдің астында еңкейген қарттан бастап, еңбектеген сәбиге дейін алаңсыз серуендеуде. Бәрі де бейбітшіліктің, татулықтың, тәуелсіздіктің арқасы деп білеміз.

Мерекеде балаларға арналған ойын-сауық шараралы басым болды. Мемлекеттік Қуыршақ театры ұсынған көңілді қойылымдар мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған кітап көрмесі көпшіліктің көңілінен шықты.

Ізбасар Балтағұл, қала тұрғыны:

- Бүгін мына бұрынғы астана, бүгінгі Қазақстанның бас қаласы Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясы күні өтіп жатыр. Соған біз сияқты тоқсанға жақындаған ардагерлер, жастар, үлкен әкімшілік қызметкерлері жиналдық. Осыған қуанып отырмын. Мұндай мерекені атап өтуге бұрын жалтақтайтынбыз, тырп ете алмайтынбыз, қазір егеменді ел болдық, шүкір. Н. Ә. Назарбаев басқарып, қазақша сөйлетіп, қазақ мәдениетін, салт-дәстүрін ұмытпаңдар деп жатыр. Осыған рахмет, көп жасасын. Бұл егеменді еліміздің тұңғыш Конституциясы болған, оны бәрі біліп, құрметтеуі керек. Мен де сол жастарды, мерекені көрейін, ат салысайын деп келіп отырмын. Елімізде бақыт болсын, амандық, жақсылық болсын!

Аяулым Нұрғазиева, оқушы:

- Бүгін Қазақстан Республикасының Конститутциясы күні. Ол – біздің Ата Заңымыз. Онда қылмыс жасамау керек екендігі айтылады. Мен сабағымды жақсы оқимын, ертең өскенде үлкен азаматша боламын. Біз бүгін інім Бағдаулет және апам үшеуміз мерекеге келдік. Барлықтарыңызды Конституция күнімен құттықтаймын!

Қайболла Ерниязов, қала тұрғыны, Жазушылар одағының мүшесі:

 

- Еліміз аман болсын! Халқымыз тыныш болсын! Қуаныш көп болсын! Мына Конституция күні құтты болып, қазағым әр жылы осы күнді аман-есен күліп-ойнап, жақсылыққа қолы жетіп, дүрілдетіп той жасап өткізе берсін! Конституциямыз жасасын!

Мерекелік іс-шарасы барысында балаларға арналған түрлі ойындар: тасқа сурет салу, саз балшықтан мүсін жасау, викториналық ойындар сайысы өткізілді.

Жеңіс Сейдулла, Жанна Орынбасарова, "Ерке" тобы, Ізбасхан Гүлмира сынды белгілі өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны тамашалаған көрермен ықыласында шек жоқ. Бірге қосылып ән шырқап, би билеп, мерекенің қызықты өтуіне ат салысып жатты.

Құрметті қазақ елі, Конституция күні құтты болсын! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілейміз. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!

Суретке түсірген және дайындаған: Айгерім Сматуллаева