Алматы күнінде өтетін шаралар

Алматы күнінде өтетін шаралар

Қазақстанның Оңтүстік астанасы мерейлі мерекесін жыл сайын қыркүйек айының үшінші жексенбісінде атап тойлауды дәстүрге айналдырған.

Биылғы жылғы дүбірлі думан қыркүйек айының он бесінші жұлдызына түсіп отыр. Дәстүрлі мерекенің дәстүрлі іс-шаралары да пайда болып үлгерді. Олардың көшін Apple Fest алма фестивалі, «Алма-ата — моя первая любовь» ретро-әндер музыкалық фестивалі бастап тұр. 

Осыдан бірнеше күн бұрын алма фестивалі туралы ақпараттардан хабардар еткен болсақ, бүгін Қала күнінде өтетін шаралар тізімін ұсынғалы отырмыз:

Мерекелік іс-шаралардың шымылдығын ашық аспан астындағы "Оркестрлер шеруі" ашады. Шеру 23-25 тамыз аралығында Абай алаңында ұйымдастырылады. Бұл жылы Алматы оркестрлері классикалық әуендерді ғана емес, танымал кинофильмдердің саундтректерін, заманауи жастар кинокартиналарының композициясын және "диснейлік" мультфильмдерден үзінділер ойнайды.

7 қыркүйек күні халықаралық шаңғы трамплиндерінің кешенінде «Алма-ата — моя первая любовь» атты дәстүрлі ретро-фестиваль өтеді. Былтырғы жылғы фестиваль "Мен аңызбын" ұранымен атқарылып, қазақстандық эстрада жұлдыздары әлемдік хит әндерді орындаған болатын.

13 қыркүйек күні ҚР Тұңғыш Президенті саябағында қалалық «Алматым жүрегімде» атты Алматы туралы әндер конкурсының финалы өтеді. Ереже бойынша, конкурсқа жас эстрада орындаушылары қатысады. Конкурсқа арналған композицияларды үш тілде жазуға еркіндік берген: қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі. Қалалық доданың 2012 жылғы жеңімпазы болып "Мисс Азиада-2011" Күміс Базарбаева атанған болатын. Ол орыс және ағылшын тілінде өлең жазған.

14 қыркүйек күні қалада бірнеше іс-шаралар өткізіледі. Мемлекеттік циркте «Almaty international circus festival» атты цирк өнерінің екінші Бүкіләлемдік фестивалі ашылады. 2012 жылы алғаш рет өткізілген фестиваль әлемнің 9 елінен әртістер жинай алды.

Дәл осы күні Абай атындағы опера және балет театрында Лилль қаласының симфониялық оркестрінің концерті өтеді. Айтулы іс-шара Франция-Қазақстан мәдени маусымының шеңберінде ұйымдастырылып отыр. Концертке Францияның 75 музыканты қатысады.

Осы шарамен қатар, театр алдындағы гүлзарда «Compote» атты тағамдар фестивалі ашылады. Фестиваль Алматы қаласының ең мықты аспаздарын жинайды деп жоспарлануда. Сондай-ақ, «Compote» барысында көптеген дегустациялар мен гастрономиялық дәрістер өтетін болады.

Кешкісін қала қонақтары мен тұрғындары Республика алаңында пиротехникалық 3D-шоуды тамашалай алады. Алматы қаласы әкімшілігінің алдында әуезді ән мен жарықтың, пиротехниканың көмегімен қала тарихы, дамуы, гүлденуі жолындағы оқиғаларды, ең маңызды сәттерді көруге болады. Видеожобалар арасындағы үзілістерде қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар қойылады.

Қала күнінің басты іс-шарасы – «Apple Fest» қалалық алма фестивалі. Дәстүрлі іс-шара барысында Алматы нышанына айналған алма көрмесі, алма саудасы және көптеген ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады. Алма фестивалі бұрын-соңды ескі және жаңа алаңдарда өткізіліп жүрген болса, биылғы жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында өтетін болады. Фестиваль саябақтың 73 гектарын толықтай қамтиды. Ұйымдастырушылар алаңды бес бірдей секторға бөледі: Apple art, Apple music, Apple драйв, Apple базар және бөбектерге арналған Шағын Apple.

Дәл осы жерде «Puppet Carnival 2013» атты Бүкіләлемдік қуыршақтар карнавалы басталады. Халықаралық деңгейдегі оқиға әлемдік қуыршақ өнерінің жетістіктерін паш ететін болады. 2012 жылғы карнавалға 28-ден астам ел қатысты. Фестиваль 21 қыркүйек күні аяқталады.

15 қыркүйек күні кешкісін Орталық стадионда «Muzzone 2013» Еуразиялық музыка бәйгесінің концерттік бағдарламасы өтеді. Бағдарламада EMA-2013 музыка аймағында марапаттаулар тапсырылып, қазақстандық, заманауи эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Сонымен қатар, тағайындалған 20 номинацияның бірі Алматы қаласына арналған үздік әнге беріледі.

16-21 қыркүйек арасында Алматыда Халықаралық "Еуразия" кинофестивалі және "Бастау" студенттік фестивалі өтеді деп жоспарланып отыр.

18 қыркүйек күні Абай атындағы опера және балет театрында «Күміс көмей-жез тандай» деп аталатын дәстүрлі әндердің қалалық байқауы өтеді. Мұнда қатысушылар халық әндерін дәстүрлі және эстрадалық бағытта орындайды.

Сүйікті қаламыздың төл мерекесінің көңілді өтуіне атсалысайық, оқырман! Сенің қалаң сені күтеді!

Суреттер: vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева