Астанада хип-хоп көше биіне арналған халықаралық жарыс өтті

Астанада хип-хоп көше биіне арналған халықаралық жарыс өтті

"Астанада International Street Dance Session-2013" атты хип-хоп көше биіне арналған халықаралық жарыс өтті. Шара Астана қаласының 15 жылдығы аясында ұйымдастырылған.

"International Street Dance Session-2013" – бұл заманауи билердің хип-хоп стиліндегі халықаралық жарысы, ал оның Қазақстанда өту идеясын Нұрсұлтан Тәшенов көтерген екен. Астананы нысанға алған әлем елдерінің үздік стрит дансерлері мен паркур шеберлері басты ақшалай сый – 1 000 000 теңге үшін барын салып, астаналықтар мен қала қонақтарының көзайымына айналды. ТМД халықтарынан келген қатысушылар «Хип-хоп командалық шоу» атты номинацияда бақ сынасты.

Салауатты өмір салтын қолдаған жұрт бұл шарадан үлкен рухани ләззат алды. Жарыс төрешілігін әртүрлі елдерден келген атақты стритдансерлер өз міндетіне алған. Justin TimberlakeUsher және Pussycat Dolls сияқты әлемдік деңгейдегі орындаушылардың хореографтары, «Шаг вперед» фильмдерінде түскен атақты паркур шеберлері астаналықтардың алдында шеберлік сыныптар өткізіп, таң-тамаша етті.

Street Dance-тың да 4-4 және 1-1 сияқты бөлек қалыптағы жарысы болады екен. Алғашқы төрт адамдық би жарысында жеңімпаз атанған команда 200 мың теңге көлемінде сыйақы алатын болса, бір адамдық би жарысында бишіге 50 мың теңге сыйақы тағайындалған. Қазақстанның барлық облысынан да брейк-бишілер көптеп жиналыпты. Астана қаласының Жастар конгресі мұрындық болып, еліміздің Брейкданс Федерациясы оны құп көріп, ұйымдастырған шараға жиналған жастардың саны орташа есеппен екі мың адам болды.

Ресейлік Street Dancer жұлдызы, әлем чемпионы ”PREDATORZ” тобы да Астана қаласының туған күнімен құттықтады. Команда бишісі BBOY Bootuz (BBOY BOO2UZ) BC ONE 2007 атты әлем чемпионатының қатысушысы. BBOY Bootuz біз қойған сұрақтарға жауап беруден де қашпады.

BBOY Bootuz: "13 жасымнан бастап бимен айналыстым. Осы салада жүргеніме осымен 14 жыл болды. Әлемдік деңгейге көтерілу қиын емес, әрине, бірақ адам егер шын мәнінде өз-өзіне серт берсе, спортқа қызықса, бәрі де болады. Ал Астанада өтіп жатқан шоуда ең бастысы далада, ашық аспан астында болатынымыз жаңалық. Қазақстандық достарыма шеберлік сыныптарын өткізу мен үшін үлкен құрмет, сол үшін де Астана күні құтты болсын!" 

Сонымен қатар, бұл шарада тағы бір көше спортының түрі Street Workout жұлдыздары бас қосты. Олардың турникте ойнағаны да жиналған жастардың көңілінен шықты. Астана күніне арнайы келген қонақтардың ішінде украиналық Виталий Гуменный да бар. Ол халықаралық деңгейдегі "воркаутшы". Тіпті 32 келілік гірді аяғына байлап турникке 20 рет тартылатын Жер бетіндегі саусақпен санарлық адамдардың қатарында екенін де ұмытпайық. 

Виталий Гуменный: "Мен 12 жасымнан бастап Street Workout-та фристайл стилінде өнер көрсете бастадым. Осы жарысқа Испаниядан Анки деген қатысушы қонақ болып келді. Әлемдік турнирлерде бас жүлдені алып жүрген жастарды санап бітпейсіз. Ал дәл осы Астанада өтіп жатқан фестивальдің бір ерекшелігі мына таза ауада, ашық аспан астында өтіп жатқандығы, сонымен бірге Қазақстанның "воркаут" шеберлерінің дебюті. Оларды өз басым бірінші рет көріп, сіздердің де елде бұл спорт түрі өте жоғары деңгейде дамығанын байқадым".

Испаниядан келген Анки деген осы жігіт

Қазақстандағы үздік Street Workout шеберлері де әлемдік деңгейдегі жұлдыздардан бір де кем емес екендігін көрсетіп, тіпті кей жаттығуларда олардан асып кетіп отырғандығын көрген халықтың делебесі қозып, шапалақ жаудырды. Отандық команданың аты Bar_Bars team. Олардың турниктегі бірлесіп жасаған әрекеттері бейне бір цирктегі атлеттердің ісін еске салды.

Жиналған халықтың алдында өнер көрсеткен Workout шеберлері ара-тұра жауған жаңбырға да міз бағып қараған жоқ. 

Астана күніне арналған автокөрме қою да ұйымдастырушылардың көрерменге жасаған тамаша сыйы болды. Сонымен қатар, көрермендер өзіне ұнаған темір тұлпарға дауыс та бере алатын мүмкіндікке ие болды. Спорткарлар 8 аталым бойынша бақ сынасты: "Сыртқы тюнинг", "Ең зор дауыс", "Ең төмен автокөлік", "Көрермен көзайымы", "Ең жоғары пайдаланылған газдың шығуы", "Сәнқой көлік", "Ең керемет ескі көлік" және "Ең жақсы байк"

Десек те, үздік байкқа адамдар келмей қалып, қалған аталымдар бойынша, көрермендер арқылы таңдалды. Үздік деп танылған жеті көлік иелері бағалы сыйлықтар алып, Racing Club Astana қоғамының үздіктері атанды. Жалпы жарысқа 30-ға таяу көлік қатысқан болатын.

Астанадан арнайы Massaget.kz үшін: Ардақ Құлтай

А. Құлтай