Алматыда "Алаш оқулары" өтті

Алматыда "Алаш оқулары" өтті

Кеше, яғни, 12 маусым күні Орталық мемлекеттік мұрағатының мәжіліс залында Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастамасымен Алаш ардақтыларының рухына тағзым ету, олардың Тәуелсіздік жолындағы күресі мен шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында «Алаш оқулары» қалалық байқауы өтті.


Қазақ тілінің қолданылуын дамыту, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, дарынды жастарға қолдау көрсету, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатын алға қойып отырға байқаудың алған беті көңіл қуантады. 

Аталған байқауға 15-35 жас аралығындағы талапкерлерге қатысуға мүмкіндік берілген. Олардың арасында мектеп-гимназия мұғалімдері (Ж. Серпенова, М. Мырзахметова, Ж. Қойкенова, М. Байболова, Г.Заманбекова), техникалық колледж мұғалімдері (Қ. Мырзаходжаев, Ш. Кендірбаева), студенттер (О. Бықыбаев, Н. Фермебай), мектеп оқушылары ( Б. Байназарова, Ә. Абдуалиева, Т. Санатқызы, А. Тұрлымбаев, А. Қамбаров, Л. Кәдірсізова) бар.

Құрметті қонақтардың қатарынан мемлекеттік мекемелердің ресми өкілдері, ғалымдар мен ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен БАҚ тілшілері, әдебиетсүйер қауым, студент жастар мен оқушылар көрінді. Ал әділ қазылар құрамында Мамай Ахметов, Шәмек Тілеубаева, Гүлмайра Есенқызы, Айгүл Ісмақова сынды осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар отырды.

Байқау барысында талапкерлер Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров және тағы да басқа алаш арыстарының қоғамдық-саяси қызметімен және шығармашылық мұрасымен жете таныстығын бағалау бойынша жан-жақты сайысқа түсті.

Байқау төмендегідей кезеңдер бойынша өткізілді:

1. «Алаш тарихы». Алаш қайраткерлерінің өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметіне қатысты сұрақтарға жауап беру;

2. «Алаш тағылымы». Алаш қайраткерлеріне қатысты ұсынылған тақырып бойынша ой толғау;

3. «Алаш мұрасы». Алаш ардақтыларының кез келген жанрдағы әдеби шығармасын мәнерлеп оқу.

Байқау нәтижесі бойынша, талапкерлердің арасынан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып, сынақтардан сүрінбей өткен Алатау аудандық №184 мектептің мұғалімі Мырзахметова Майра жүлделі 1-орынды, Әуезов ауданынын аманатын арқалап келген Алматы мемлекеттік энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенті Бықыбаев Олжас 2-орынды, Медеу ауданында орналасқан Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Қамбаров Абзал 3-орынды қанжығаларына байлады.


Шара соңында жүлделі орын алғандарға тиісті дәрежедегі дипломдар мен бағалы сыйлықтар, қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылады. 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: Айгерім Сматуллаева