Қала ішіндегі Джунгли

Қала ішіндегі Джунгли

Өткен жолы Әлемтану оқырмандарымен бірге Астана қаласындағы "Думан" ойын-сауық орталығындағы Мұхитарал кешеніне саяхат жасаған болатынбыз. Есіңізге түсті ме? Бүгін де дәл сондай қызықты орталыққа аяқ басқалы отырмыз. "Джунгли" аниматроникстер театрына бағытталған экскурсия алдыңғысынан да қызықты болатындығына сөз береміз. 

Балаңыз енді ғана тәй-тәй басып, айналадағы ортаны жаңадан тани бастаған жаста немесе мектеп жасындағы жасөспірім я болмаса есейген бойжеткен не ер жігіт пе? Ал жарыңыз романтикалық жан немесе жұмысқа берілген еңбекқор ма? Әжеңіз бен атаңыз зеріктім деп шағым айтып жатыр ма? Қуаныз! "Джунглидан" олардың әрбірінің талғамына сай көңілдерін көтеріп, жан мен тәнді демалдыратын бөлімдер табылады.


Ең алғаш рет жаңа форматты театр құру идеясын Қазақстан Республикасының Президенті Н.А.Назарбаев ұсынған болатын. 2008 жылдың 6 шілдесінде Қазақстан астанасы Астана қаласында «Джунгли» аниматроникстер театрының салтанатты ашылуына мемлекет басшысы қатысты. Осы сәттен бастап, «Джунгли» өзінің үлкен-кіші көрермендеріне есігін айқара ашқан еді. ТМД аумағындағы дара театрдың жалпы көлемі 3000 шаршы метрден астам алаңды алып жатыр. Штатта 86-дай астам адам жұмыс істейді, оның 35-і актерлік топ екен. Джунглиды болашақта одан әрмен кеңейту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.


Ең алдымен, барлықтарыңыз хормен "Дух времени, проснись"" сөзін дауыстап айтып, шапалақ ұра қалсаңыз, қақпа ашылып, кіруге рұқсат аласыз.


Яғни, саяхат ежелгі құдайдың тастан жасалған бейнесі бар үңгірге кіруден басталады, тас құдайға «жан бітіп», кенеттен көздері ашылады да, сізді өзінің сиқырлы көзқарасымен арбап, Джунглидің алыс, қараңғы түкпіріне тартады.

Содан кейін еш кедергісіз гид-сапарсеріктің бастауымен Джунглидің жұмбақ үңгірлеріне саяхатқа аттанасыз. Олар сізді арасында қорқытса да, ешқашан адастырмайды.

Сіз тас қабырғада пайда болған тесіктен өтіп, үңгір ішіне кіресіз. Сіздің көз алдыңызда өзінің үлкен, жүнді аяқтарымен кішкентай өрмекшілердің тыныштығын қорғаған алып бүйі пайда болады.

Бұдан әрі өзен жағасында ұзындығы 5 метрлік, жалды, екі қолтырауын қарсы алады.

Өзен үстіндегі көпірден өткен соң, Сіз көңілді топқа: Горгонияның мифтік тіршілік иесіне және алып, биші көлбақаларға кездесесіз. Көлбақалардың жанында аялдап, көңіл көтеруге әбден болады.

Тар өткелмен басқа үңгірге кіресіз, қараңғы түкпірден әлдебіреудің көздері жарқырап, үрей шақырады.

Осы сәтте Сіздің көз алдыңызда пайда болған сарқырама бор дәуірінің патшасы – Тираннозавр мекендейтін жазыққа өтуге кедергі жасап тұр. Жарқ-жұрқ еткен найзағай оның үш метрден артық, орасан зор бейнесіне жарық түсіреді.

Биіктігі 8 метрлік Горилла мен Трицератопсты көргендегі әсеріңіз одан артық болмаса, кем емес.

Суретке түсуге үрейленіп, мүмкіндігіңізді жіберіп алып жүрмеңіз.

Құс қалықтар биіктіктен Птеродактиль мен Диплодоктардың өмірін бақылай аласыз. Сталактиттер, сталагмиттер және асыл тастарға толы үңгірдің ішкі көрінісі Сізді керемет таңқалдырады.

Сондай-ақ, осы үңгірде ұйқыдағы жарғанаттарды көресіз, жанартау кратерінің үстіндегі аспалы көпір үстімен жүріп өтесіз.

Ал жоғалып кеткен экспедицияның қалдығы сіздің қиялыңызды тарих қойнауына тартып әкетеді…

Сарқырама үстіндегі аспалы көпірмен өтіп келе жатып, жабайы құстардың саңқылы мен белгісіз жануардың өкірген даусын естисіз.

Жоғалып кеткен өркениеттің жұмбақ қаласында тұрғандай, ежелгі амфитеатрда сізге арналып театрлық көрініс қойылып жатқандай сезімде боласыз.

Робот – аниматроникстер қолтырауындар, динозаврлар, алып көлбақалар және горилламен болған кездесу есіңізде мәңгі сақталады. Аспалы көпір үстімен жүріп өткенде, жоғалып кеткен Майя өркениетінің жұмбақ қаласы құпияны шешуге деген қызығушылық оятып, жаңа мақсат ұялатып жатса, таң қалмаңыз!

Джунгли дүйсенбіден басқа күндері жұмыс істейді.

Арнайы Мassaget.kz үшін: Айгерім Сматуллаева